Футболдан КСРО чемпионатында бітіспес қарсыласқа айналып, қазақ-өзбек жанкүйерлеріне тартысты кездесулер ұсынған Алматының «Қайраты» мен Ташкенттің «Пахтакоры» арасындағы Орталық Азия дербиі 20 жылдан кейін қайта жалғасын тапқаны белгілі. Осы жылдың басында екі ұжымның басшылығы жолдастық кездесулер сериясын өткізуді жоспарлаған еді. Соның алғашқысы 25 ақпанда Ташкентте өтіп, алаң қожайындарының жеңісімен (4:3) аяқталса, осы сәрсенбі күні Алматыдағы Орталық стадионда ұйымдастырылған қарымта матчта да өзбек ағайындардың бәсі басым болды – 0:1.
Егде жастағы футбол жанкүйерлері әлі ұмыта қоймаған болса керек, келмеске кеткен одақ тұсындағы «Қайрат» пен «Пахтакор» арасындағы КСРО чемпионатының бәсекелері әрқашан өте шиеленісті әрі қызықты өтетін. Матч болатын күні стадионға ағылған жанкүйерлердің санында есеп болмайтын. Әр кездесуде стадионда ине шаншар орынның өзін табу мұң еді. Қазір кез келген спорт түріндегі қазақ-өзбек бәсекесіне айтылатын «кімге есе жіберсең де, өзбектерден жеңілме» деген ұстаным «Қайрат» пен «Пахтакор» матчтарынан бастау алған десек, қателеспейтін шығармыз. Өйткені оңтүстіктегі көршілеріміздің де дәл осы қағидатты ұстанатыны жасырын емес.
Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, Қазақстан мен Өзбекстанның бас командалары КСРО чемпионаты мен КСРО кубогі жолындағы ресми жарыстарда өзара 60 мәрте күш сынасқан екен. 26 рет «Қайрат» жеңіске жетсе, 20 ойында «Пахтакордың» асығы алшысынан түскен. 14 бәсекеде тең есеп тіркелген. Жерлестеріміз 60 ойында «Пахтакор» қақпасына 81 гол соқса, қарсыластар 70 рет нысананы дәл көздеді. 1956 жылдың 13 қыркүйегінде алматылықтар ташкенттіктердің қақпасына жауапсыз төрт гол соқса, 1984 жылдың 29 қыркүйегінде 6:2 есебімен ойсырата ұтты. Өзбектер де қарап қалған жоқ. 1957, 1973 және 1974 жылдары олар бізден 4:1 есебімен басым түсті. Бұлар – осы клубтардың арасында өткен бәсекелерде тіркелген ең ірі есептер.
Екі команданың да КСРО чемпионатындағы жетістіктері де шамалас болған. Мәселен, «Қайрат» одақ чемпионатындағы ең үздік көрсеткішіне 1986 жылы қол жеткізіп, біріншілікті жетінші орынмен қорытындылады. Ал Ташкенттің «Пахтакоры» 1962 және 1982 жылдары КСРО чемпионатында алтыншы орынды иеленген-ді.
«Қайрат» пен «Пахтакор» ең кейінгі ресми кездесулерін 1990 жылдың 15 мамырында КСРО чемпионатының бірінші лига ойындарының аясында өткізген. Алматының Орталық стадионында ұйымдастырылған сол кездегі бәсекеде Игорь Шквирин соққан жалғыз голы «Пахтакорға» жеңіс сыйлаған еді – 0:1. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдардың басында КСРО ыдырап, әр мемлекет тәуелсіздік алғаннан кейін аталған командалардың жолдары екіге айырылды. Дегенмен егемендік алғаннан кейін екі команданың жолы тек бір мәрте ғана жасыл алаңда қиысты. 2003 жылы қазақ футболының 90 жылдығы аясында «Қайрат» пен «Пахтакор» клубтары Алматыда жолдастық кездесу өткізіп, жерлестеріміз өз жанкүйерлерінің алдында 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Алматыда өткен кешегі жолдастық матчқа тоқталар болсақ, екі клуб та алаңға өз ішкі чемпионаттарында доп теуіп жүрген негізгі футболшыларын шығарды. Яғни ойын жолдастық матч деп аталғанымен, екеуі де жасыл алаңда жеңіс үшін барын салды деуге болады. Бұл кездесуде «Қайрат» сапынан үш легионер бірінші минуттан бастап ойнаса, «Пахтакор» құрамында екі ғана легионер болды.
Матчтың бірінші таймында да, екінші бөлігінде де ойын тең дәрежеде өтті. Тек бәсекенің аяқталар тұсында «Қайрат» қорғаушысының қателігін тиімді пайдаланған «Пахтакордың» польшалық шабуылшысы Пшемыслав Банашак гол соғып, командасына жеңіс сыйлады – 0:1.