«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, Біз лагерьге барамыз» деп келетін әнді бала күнімізден жадымызда жаттаған едік. Иә, жаз маусымы жанға жайлы, көңілді демалысымен қызықты. Әсіресе мектеп оқушылары каникулды асыға күтеді.
Осы ретте Түркістан облысы Білім басқармасы «Облыстық жас туристер стансасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты Келес аудандық Білім бөлімі балалардың жазғы демалысын пайдалы өткізуіне барлық жағдай жасаған. Аудандағы жазғы лагерьлерде балалардың уақтылы тамақтануы, ойнауы, шығармашылықпен айналысуы, экскурсияға шығуы, демалуы жан-жақты жоспарланған. Мұнда жеткіншектер бір-бірімен танысып, тіл табысып, тез достасады, көпшіл болуға, ашық мінезді болуға үйренеді. Сондай-ақ оқушылардың денесін шынықтыру, ақыл-ойын ұштау да – лагерьдің негізгі мақсатының бірі.
Іскер басшы Ғалымжан Мырзанов жетекшілік етіп отырған аудандық бөлімдегі педагогтер – М.Әбілов, С.Қалдаров, Д.Мырзанов, А.Ахметова өз ісін сүйетін, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, білімі мен білігі тоғысқан мамандар. Осындай тәжірибелі мұғалімдердің тәрбиесін алған оқушылар да осал емес, облыстық жарыстарда бірнеше рет топ жарып, жүлделі орындарға ие болды.
«Төрт тоқсан – төрт өнер» атты ұлттық мәдени-ағартушылық жобасының «Туған өлкем» фестивалі аясында «Облыстық жас туристер стансасы» мекемесінің директоры С.Өмірбаеваның елімізде ұлттық жоба ретінде ұлттық туризмді дамыту, оны жаңаша түрлендіріп енгізу бойынша педагогикалық кеңестегі ұсынысына сәйкес, Келес аудандық Білім бөлімінің ұйытқы болуымен «Ұлттық ат спортын үйірмешілер арасында насихаттау» атты облыстық алғашқы көшпелі семинар өтті. Оған ардагер шабандоз Мұстафа Адамбеков, атбегі Ыдырыс Көлбаев, шабандоз Тіллабек Үсенов шақырылып, олар ат спортындағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ іс-шара аясында ат әбзелдері, көкпаршының киімі, қамшы өру секілді ұлттық өнерді насихаттайтын көрме ұйымдастырылып, «Көкпар тарту» ойыны көрсетілді. Көшпелі семинарға Кентау, Отырар, Төле би, Сайрам, Түлкібас, Қазығұрт аудандарынан қонақтар келді.
Оқушылардың жазғы демалысы басталғаннан бері 50-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Қосымша білім беру педагогы С.Қалдаров шілде айында «Жас туристер» тобындағы шәкірттерімен «Сарыағаш» шипажайына танымдық экскурсия жасады. Экскурсия барысында оқушылар «Сарыағаш» шипажайының ерекшелігі, суының емдік қасиеті мен құрамындағы минералдары, олардың адам ағзасына пайдасы туралы көптеген тың мәліметке қанықты. Туған өлкенің өзіне тән осындай өзгешелігі үйірмешілердің кеудесіне таңданыс пен мақтанышты ұялатты. Ал тәжірибелі ұстаз Д.Мырзанов «Жас тау туристері» үйірмесінің оқушыларымен «Жаз қызығы – мол демалыс» жоспарына сәйкес, «Кедергілер жолағы» атты тақырыпта жарыс өткізді.
«Туған жерге туың тік» деген сөз бекер емес. Отанға, елге, жерге деген құрмет өзіміз өскен өлкеден басталады. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Оқушылардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, балалар тәрбиесінде дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың бойына қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, Отанды сүю, елге адал қызмет ету сынды асыл қасиеттерді сіңіру – біздің қастерлі міндетіміз.
Жомарт МЕДЕТОВ,
Келес аудандық
Білім бөлімінің әдіскері
Түркістан облысы