Астана медицина университетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанаты «Астана Опера» театрында өтті. Енді медицина саласының майталманы болуға ниеттенген мыңнан астам түлек арманына бір табан жақындады деуге болады.
Салтанатты іс-шараның ашылуында Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник түлектерге Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың құттықтауын оқып берді.
– Бүгінгі күн – Астана медицина университеті мен студенттердің, ата-аналарының мерекесі ғана емес, бүкіл жоғары білім беру жүйесінің салтанаты. Денсаулық сақтау саласы ұлт денсаулығы үшін өзінің креативті және заманауи тәсілін енгізе алатын жаңа жас кадрлармен толықтырылып жатыр. Университеттің табысты дамуы еліміздің адами капиталының өсуіне одан әрі ықпал ететініне және отандық денсаулық сақтауды қазіргі заманның барлық сын-тегеурініне қарсы тұру үшін әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деп министр ағынан жарылыпты.
Осыдан соң Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев құттықтау сөзінде Үкіметтен денсаулық сақтау саласына көрсетіліп жатқан қолдаулар турасында айтып берген еді. Иә, вице-минстр айтқандай, медицина саласындағы ұлттық бағдарламалар шеңберінде саланың инфрақұрылымын айтарлықтай жаңартуға, амбулаториялық және стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерді қайта жарақтандыруға, ақпараттандыруға, медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіруге мүмкіндік беріп отыр.
Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров та түлектерді құттықтап, сәт-сапар тіледі.
– Диплом тапсыру рәсімі университет үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға деп білеміз. Сондықтан, түлектер, естеріңізде болсын, диплом – сәттіліктің кепілі емес. Жұмыс барысында күн сайын іштей емтихан тапсырып, өз істеріңнің нағыз білгір маманы екендеріңді әлі талай дәлелдеулерің керек. Алда мамандықтың қиын сынақтары тұр. Енді ақ желең киген соң, ар-намыстан аттамай, ақтығын сақтау маңызды, – деді К.Надыров.
Жылдар бойы жиған білімін өндірісте шыңдауға бекініп отырған түлектер ұстаздарына ақ алғысын жаудырды. Салтанатты рәсімнің көңіл толқытқан шағы – түлектер дәрігер антын қабылдаған сәт.
Ақпарат үшін айтар болсақ, 1964 жылдан бастап күні бүгінге дейін Астана медицина университетінде 28 мыңнан астам жас дәрігер білім алған. Бүгінде түлектердің алды – елге және шетелге танымал өз ісінің білгірлері.