Футболдан УЕФА Конференция лигасы бірінші іріктеу сатысында бақ сынаған Қостанайдың «Тобылы» Финляндияның «Хонка» командасынан екі ойынның қорытындысы бойынша басым түсіп, турнирдің екінші айналымына шықты.
Қостанайда өткен алғашқы матчта жерлестеріміз 2:1 есебімен жеңіске жетіп, қарымта матч алдында аздаған басымдыққа ие болған еді. Ал Финляндиядағы жауапты кездесудің негізгі уақыты тең есеппен аяқталып (0:0), «Тобыл» Конференция лигасының екінші кезеңіне жолдама алды. Бұл кезеңде Қостанайдың клубы Швейцарияның атақты «Базель» командасымен шеберлік байқасады.
Сондай-ақ аталған турнирдің екінші сатысында Шымкенттің «Ордабасы» командасы Польшаның «Легиясымен», «Ақтөбе» болса «Торпедо Кутаиси» (Грузия) клубымен кездеседі. Үш ойын да 27 шілдеге жоспарланған.