• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Шілде, 2023

Азаматтарды қабылдау орталығы

268 рет
көрсетілді

Бұқара мен билік арасындағы диалогті дамыту, халық үніне құлақ асу – азаматтық қоғамды қалыптастыруға бастайтын қадам. Бұл ретте елімізде азаматтардың талап-тілегіне ден қоятын түрлі алаңдар құрылып, біршама ілгерілеу байқалып келеді. Сондай қадамның бірі ретінде Астанада Министрліктер үйінен ашылып отырған Азаматтарды қабылдау орталығын атауға болады.

Биыл шілде айынан бас­тап Министрліктер үйінің 16-кіреберісінде өз жұмысын бастаған орталық мемлекеттік органдардың халықпен жұмыс жүргізу жөніндегі бірыңғай фронт-желісі форматында құрылды. Бұл орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының жаңа ортасын құру. Ал оның жұмысының негізгі қағидаттары – клиентке бағдарлану, өтініш берушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және жалпы осы салаға жаңа стандарттарды енгізу.

Жалпақ тілмен айтқанда, орталық базасында келушілер өздеріне ыңғайлы жағдайда кез келген мемлекеттік органға өтінішін бере алады, сондай-ақ ХҚО-ға ұқсас түрлі ведомстволар өкілдерінен, медиаторлар және заң мамандарынан кеңес ала алады. Сонымен қатар мұнда азаматтар мемлекеттік орган­дар­дың бірінші басшылары­ның жеке қабылдауына жазылу мүмкіндігіне ие болады. Орталық алаңында апта сайын 18 министрліктің өкілдері азаматтарды жеке қабылдайды, кесте Үкімет сайтында алдын ала жарияланады. Бұл ретте өңірлердің тұрғындарына елордаға арнайы келудің қажеті жоқ, өйткені оларды онлайн-форматта да қабылдау жүргізіледі.

Орталықтың құрылуы Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасын жүзе­ге асыру жөніндегі ауқымды жұмыс­тың жалғасы екенін айта кеткен жөн. Бұған дейін бұл үдеріс шеңберінде өтініш беру­шілер құқықтарының ба­сым­дығын қамтамасыз ететін және өтініштерді қарау кезінде мемле­кеттік органдардың жауап­кер­шілігін күшейтуді көздейтін Әкімшілік рәсімдік-үдерістік кодексі қолданысқа енгізілген еді. Одан кейін өңірлерде өтініштердің қаралуын бақылау бойынша бөлімдер жұмыс істей бастады, әкімшілік соттар жүйесі құрылып, eOtinish бірыңғай ақпараттық жүйесі және басқа да жобалар іске қосылды.

Жаңадан ашылып отырған орталықтың базасында цифрлық ХҚО жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Бұл арқылы онлайн режімде 1 220 мемлекеттік қызмет түрін алуға болады.

Орталықта Қазақстан Рес­пуб­­ли­касы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама­сын­да, қылмыстық іс жүр­гізу немесе азаматтық іс жүр­гізу заңна­масында қарау тәрті­бі белгі­ленген өтініштер қабыл­дан­байтынын атап өткен жөн. Бұл мәселелер бойынша азаматтар тиісті құқық қорғау немесе сот органдарының фронт-офистеріне жүгінуі керек.

Тұтастай алғанда, кешен­ді тәсіл жаңа орталықты мем­ле­кеттік органдар мен үкімет­тік емес ұйымдардың, жұрт­шылықтың ең өзекті мәселелер төңірегіндегі диалог алаңына айналдырады деп сенеміз.