Франция тас жолдарында ұйымдастырылған велоспорттан жылдың ең беделді жарысы – «Тур де Франс» Гранд-туры өз мәресіне жетті. Биыл 110-шы рет өткізілген велошабандоздардың бейресми әлем чемпионатында 26 жастағы даниялық Йонас Вингегор («Jumbo-Visma») тағы да жеңімпаз атанды.
Велошабандоздардың мәртебелі жарысында алтыншы кезеңнен бастап көшбасшылықты өз қолына алған Йонас Вингегор 15 кезең бойы алдына жан салмады. Тіпті үш кезеңде мәреге бірінші жеткен 25 жастағы бельгиялық Йеспер Филипсен мен екі кезеңде үздік шыққан, 2020 және 2021 жылдарғы «Тур де Франста» топ жарған Словенияның даңқты спортшысы Тадей Погачар да Вингегорға жете алмады.
Биылғы Гранд-турдағы негізгі бәсеке Погачар мен Вингегор арасында өрбіді. Екі велошабандоз жарыстың 6-шы кезеңінен бастап 16-шы кезеңіне дейін көш басында иық тірестіріп келді. Тек 16-кезеңнен кейін Тадей Йонастың қарқынына төтеп бере алмайтыны белгілі болды. Жекелей кезеңде даниялық спортшы Погачарды 1 минут 38 секундқа қапы қалдырды. Ал келесі күнгі Сен-Жерве-ле-Бен мен Куршевель қалаларын жалғаған 165,7 шақырымдық таулы кезеңде Вингегор мәреге төртінші болып келсе де, Погачарды 7 минут 35 секундқа шаң қаптырып, бас жүлденің мәселесін сол кезде-ақ шешіп қойды. Сөйтіп Йонас Вингегор қатарынан екінші жыл «Тур де Франста» үздік шықса, Тадей Погачар екінші мәрте екінші орынға тұрақтады. Ал үздік үштікті британиялық Адам Йейтс («UAE Team Emirates») түйіндеді.
Өкінішке қарай, «Астана» командасы биылғы «Тур де Франсты» өте сәтсіз өткізді деп айтуға болады. Өйткені былтырғы бәсекенің жалпы есебінде Алексей Луценко 9-орыннан көрінген болса, биыл «Астананың» бірде-бір өкілі үздік ондық былай тұрсын, ТОП-30 спортшының қатарына да іліге алмады. «Астананы» өрге сүйрейді деген мақтаулы Марк Кавендиштің өзі Гранд-турдың бел ортасына жетпей жарыс жолынан шығып қалды. Нәтижесінде, колумбиялық Харольд Техада «Тур де Франсты» 34-ші, Алексей Луценко 40-орынмен аяқтады. Командалық есепте «Астана» 22 ұжымның ішінде небәрі 18-сатыға тұрақтады.