Футболдан Қазақстан чемпионатының бәсекелері бел ортасынан ауып, чемпиондыққа талас жүргізіп жатқан командалар арасындағы тартыс қыза түсті. Өткен демалыс күндері еліміздің жеті қаласындағы стадиондарда біріншіліктің 16-тур ойындары өтіп, жанкүйерлер тосын нәтижелердің куәсі болды.
Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан елорданың «Астанасы» Еурокубок бәсекесінің алғашқы айналымында Грузияның «Динамо» клубын жарыс жолынан ығыстырғаннан кейін ел чемпионатындағы кезекті тур ойынын сәтсіз өткізді. Өз алаңында «Атырауды» қабылдаған астаналықтар күтпеген жерде турнир кестесінің қақ ортасында келе жатқан ұжыммен тең түсті – 0:0. Бұл бәсекеде Григорий Бабаян негізгі құрамның футболшыларына демалыс беріп, алаңда аз уақыт өткізіп жүрген футболшыларға көбірек мүмкіндік беріп көрген еді. Алайда екінші құрамның ойыншылары бапкерлер құрамы мен жанкүйерлердің сенімін ақтай алмады.
«Астананың» ұпай жоғалтқанын турнир кестесінде елордалықтарды өкшелеп келе жатқан «Ордабасы» мен «Ақтөбе» клубтары тиімді пайдаланып кетті. 15 турдан кейін «Астанамен» бірдей ұпай жинап, көшбасшылықты бөлісіп келе жатқан Шымкенттің «Ордабасы» клубы бұл турда Петропавлдың «Қызылжар» командасымен кездесіп, соңғы минуттарда Еркебұлан Тұңғышбаевтың соққан голының арқасында қонақтардан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 42 ұпаймен жеке-дара көш бастады. «Астананың» еншісінде 39 ұпай бар.
Ал «Ақтөбе» клубы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда Қызылорданың «Қайсарын» 1:0 есебімен тізе бүктіріп, кезекті үш ұпайына қол жеткізді. 13 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған кездесудегі жалғыз әрі жеңіс голын бірінші таймның соңында ақтөбеліктердің франциялық шабуылшысы Уго Видемон соқты. Қатарынан үшінші ойында жеңіске жеткен Андрей Карпович шәкірттері турнир кестесінде 34 ұпаймен үшінші орында келеді. «Ордабасы» мен «Астана» клубтарына қарағанда «Ақтөбе» бір ойын кем өткізгенін айта кетейік.
Сондай-ақ 16 турда «Тобыл» өз алаңында «Оқжетпесті» қабылдап, 2:0 есебімен басым түссе, «Шахтер» Қарағандыда «Каспийді» қапы қалдырды – 1:0. Ал «Қайрат» пен «Мақтаарал» (2:2) және «Жетісу» мен «Ақсу» (1:1) арасындағы ойындарда тең есеп тіркелді.