Балет әртісі, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан қазір ауқымды еуропалық тур аясында Италия төрінде өнер көрсетіп жүр. Ұйымдастырушылар авторлық бағдарламада қазақ әртісін айрықша дарынын назарға алып, одан балеттік репертуардан техникалық тұрғыда күрделі нөмірлерді билеп беруін сұрапты.
Қазақ бишісі «Роберто Болле және достары» атты балет кештерінде жаһан жұртшылығын харизмасымен және кәсіби шеберлігімен таңғалдырды. Айта кетейік, аталған балет кештері 11-29 шілде аралығында Рим, Флоренция, Верона, Казерта қалаларында өтіп жатыр. Ал 27, 29 шілдеде елордалық театрдың жетекші солисін Генуя мен Таорминадағы спектакльдер күтеді.
– Бұл турға мені досым, есімі әлемге танымал, аңызға айналған балет әртісі Роберто Болле шақырды. Оның өзінің «Artedanza» продюсерлік орталығы бар, олармен көп жылдан бері шығармашылық байланыстамыз. Солардың шақыруымен Италияға жылына 4-5 рет барып тұрамын. Енді осы жолы көрерменнің сұрауы бойынша жазғы турға шақырды. Роберто Болленің концерттеріне қатысу – өз шеберлігіңді үлкен аудиторияның алдында паш етуге жақсы мүмкіндік. Әлемге әйгілі бір ғана Арена ди Верона көне амфитеатрының өзінде өнерімді 15 мыңнан астам көрермен тамашалады. Сондықтан мен үшін бұл гастроль тек қана өз шығармашылығымды ғана емес, жалпы қазақ балет өнерін таныстыруға керемет алаң екені анық. Бір байқағаным, мұндағы көрермен ұнатқан әртістері туралы барлық мәліметті мұқият зерттейді екен: қай жерден екендерін, қайда жұмыс істейтіндерін білгілері келеді. Менің италиялық жанкүйерлерім әлеуметтік желілердегі парақшаларыма жазылып, сонда өздерінің жылы лебіздерін қалдырып жатыр. Осынау тамаша елде шығармашылығымды бағалап, концерттеріме 4 жылдан бері келіп жүрген жандар бар. Сонымен қатар өнерімді бүкіл Еуропа, Аустралия, Оңтүстік Америка, Жапония және басқа да елдердегі асқақ өнер жанкүйерлері бақылап отырады, – дейді Бақтияр Адамжан.
Роберто Болле өзінің гала-кештеріне тек жоғары деңгейдегі орындаушыларды шақыратынын атап өтуіміз қажет. Осы ретте «Астана Опера» премьері Бақтияр Адамжанның Роберто Болленің концерттеріне жыл сайын қатысып келе жатқаны жетекші солистің әлемдік балет өнерінде лайықты орын алғанын тағы бір дәлелдей түседі.
11-13 шілде аралығында Римдегі Каракалла термаларында өткен музыкалық фестивальде биші Л.Минкустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балеттерінен па-де-дені орындады. Араға екі күн салып, Флоренциядағы әйгілі «Piazza della Santissima Annunziata» алаңында Сенкингтің музыкасына хореограф Исян Чжанның «In the wake» заманауи нөмірі мен «Дон Кихот» балетінен па-де-дені ұсынды. Оның 19 шілдеде Арена ди Верона амфитеатрындағы, 22 шілдеде Реджиа ди Казертадағы өнер көрсетулері де жақсы әсермен өтті.
Айта кетейік, Италиядағы гастроль осы айдың соңына дейін жалғасады. 27 шілдеде отандасымыздың қатысуымен Генуядағы Вилла Гримальди алаңында, 29 шілдеде Таорминадағы көне театрда Балет кештері өтеді. Бақтияр онда жоғарыда аталған нөмірлермен қатар Цезарь Пунидің «Эсмеральда» балетінен «Диана және Актеон» па-де-десін ұсынады.
– Кейде шетелде концерттер мен спектакльдерге қатысу туралы ұсыныстардан бас тартуға тура келетін кездер болады. Себебі «Астана Операда» мені тағатсыздана күтетін сүйікті көрерменімнің алдында өнер көрсеткім келеді. Бұл мен үшін зор қуаныш әрі жауапкершілік. Осы ретте қызметіме үнемі қолдау білдіріп жүрген театр басшылығына, әсіресе балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға алғысымды айтқым келеді, – деді биші.
«Астана Операның» жетекші солисі елімізде ғана емес, әлемдік балет өнерінде танымал екені баршаға аян. Оның өнер көрсетулер кестесі алдағы бірнеше айға жазылып қояды. Мәселен, солист тамызда Ballet International Gala ұйымдастырушыларының шақыруымен осымен төртінші мәрте Аустралияға аттанбақшы. Онда Бақтияр сахнадағы жұбы Шұғыла Әдепханмен бірге өнер көрсетеді. Ал күзде балет жұлдызы Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Star Gala-да, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында «Petipa Awards» марапатын табыстау рәсімінде, сонымен қатар Кипр мен Швейцария секілді басқа да елдерде сахнаға шығады.