• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Шілде, 2023

Технологиясы жаңарған көмір кеніштері

148 рет
көрсетілді

Өткен жылы Екібастұздағы «Богатырь» және «Северный» көмір кеніштері 42 млн тонна қара алтын өндірген. Жергілікті көмір кеніштері алдағы жылыту кезеңінде еліміздің электр стансалары мен өңірлік жылу-энергия орталықтарын қажетті отын қорымен қамтамасыз етуде іркілістер болмайды деп сендіріп отыр.

Қазақстанның энергетика саласы көмірге тәуелді. Электр және жылу қуатын өндіруге пайдаланы­ла­тын отынның негізгі бөлігін Екі­бас­тұздағы «Богатырь» және «Северный» кеніштері беріп отыр. Өткен жылдың қорытындысында қос кеніш, жалпы алғанда, 42,5 млн тонна көмір тиеп, ол елдегі көмір өндірісінің 40-ын құраған.

Жуықта «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жа­қы­пов компанияның Екібастұз энер­ге­тикалық кешенінде орналасқан кәсіпорындарына жұмыс сапарымен барып, жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. Айтып өтейік, жергілікті «Богатырь Көмір» ЖШС, сондай-ақ Екібастұз МАЭС-1 және МАЭС-2 кәсіпорындары аталған акционерлік қоғамның құрамына енеді. Бүгінде өндіріс ұйымдарында күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық бо­йынша жоспарлы жұмыстар жүруде және еліміздің энергетикасы үшін аса маңызды инвестициялық жобалар қолға алынған.

«Богатырь» кенішінде көмірді жоғарыға шығаратын циклдық-ағындық технологиясын енгізу жөніндегі жоба өміршең етілуде. Ол өзінің жобалық қуатына кезең-кезеңімен шыға отырып, ағым­да­ғы жылдың тамыз айында толық аяқталады. Жаңа технология тұ­ты­ну­шыларға отын жеткізу көле­мін арттыруға мүмкіндік береді. «Богатырь Көмір» ЖШС-ның өзі «Богатырь» және «Северный» кеніштерінен тұрады. Қос кеніште шамамен 6 550 адам еңбек етуде. Жыл сайын энергетикалық көмір еліміздің және Ресейдің энергия өндіруші ұйымдарына жөнелтіледі.

«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС  –  еліміздегі ең ірі электр стансасы. Мамандардың сөзіне сүйенсек, белгіленген қуаты – 4 000 МВт, ал қазіргі қолда бар қуаты 3 500 МВт екен. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 23 млрд кВт/сағ электр қуатын өндірген. Бұл – станса тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Мұндағы №1 энергия блогының блоктық басқару қалқанында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жыл соңында пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпорын өзінің толық қуаты 4 000 МВт-қа шығады деп күтілуде. Жобаның мақсаты – стансаның қолда бар қуатын жобалық қуатқа дейін ұлғайту, сұранысты қанағаттандыру және еліміздегі электр энергиясының тапшылығын төмендету. Кәсіпорын басшылығының сөзінше, энергия блогын қалпына келтіру кезеңінде 500-700 адамға арналған жаңа жұ­мыс орындары құрылған, ал пайда­лану кезеңінде 54 адам тартылатын болады. Сондай-ақ заманауи электр сүзгілерін орнату есебінен экологиялық нормативтердің орындалуы қамтамасыз етілмек. Қазіргі уақытта №3 энергия блогына күрделі жөндеу жүргізілуде. Стансада көмір жеткізу бойынша ұзақ мерзімді шарттар жасалған. Жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, олардың тәртібі «КЕGОС» АҚ жүйелік опе­ра­торының ұлттық диспетчерлік орталығымен келісілді.

Солнечный кентінде орналасқан «Екібастұз МАЭС-2 стансасы» АҚ-ның белгіленген электр қуаты 1 000 МВт-ты құрайды. Мұнда жыл сайын шамамен 6 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі, сондай-ақ кентті жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Қазір стансада №2 энергия блогы күрделі жөнделіп болып қалған, одан соң №1 энергия блогын ағымдағы жөндеу жоспарға енгізіліпті. Ұйым басшылығы кәсіпорын қоймаларында қажетті отын қорлары (көмір, мазут) жинақталған, жеткізу уақтылы жүзеге асырылуда деп сендірді.

Айтып өтейік, «Екібастұз МАЭС-2 стансасын» кеңейту, яғни жаңадан №3 және №4 энергия блоктарын салу жобалары алдағы жылдары қолға алынады. Бүгінде құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды жеткізу үдерістері жүргізіліп жатыр. Ең әуелі №3 блок тұрғызылады. Оның қуаттылығы 636 МВт-ты құрап, жылына 4,8 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді деп болжанып отыр. Жоба сәтімен жүзеге асса, Қазақ­стан­да­ғы қуат тапшылығын барынша азай­туға мүмкіндік бермек.