Өрісі малға, қойнауы жанға толып, берекесі артқан Күркелі елінде, Алаш ардақтысы Жұмат Шанин туған ауылда дүбірлі той өтті. Бұл күні елді мекенде жастар орталығы мен асхана, ойын алаңдары ашылып, ауылдықтар қуанышқа бөленді.
Биыл Жұмат Шанин ауылының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Кеңес өкіметі жылдары мұнда ауыл шаруашылығы қуатты дамып, аумақта мал басы еселеп артып, егін өсіру, жем-шөп дайындауда зор жетістіктерге қол жеткізді. Мұның барлығы сол кездегі еңбекшіл аға буынның табандылығының арқасында келген еді.
Тәуелсіздіктен кейін өзге қазақ ауылдары сияқты тоқырауды өткерген мекен бүгінде Алаш ардақтысының есіміне сай түтінін түзетуге бет бұрған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылға апаратын үлкен жолға асфальт төселіп, орталықтандырылған ауызсу құбырын тарту басталды. Жергілікті ақсақал Ратбек Ашуев атап өткендей, ауыл жастарының ұйымшылдығы арқасында келелі істер атқарылуда. Жалпы, ұлт денсаулығының мықты болуы саламатты өмір салтына, спортқа байланысты екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында балалар мен жастардың денсаулығын жақсарту үшін дамыған және қолжетімді спорт инфрақұрылымының болуы маңызды екеніне үнемі тоқталады. Әсіресе, ауылдық жерлерде спортты дамытуға көңіл бөлудің маңызы зор.
«Мемлекеттің көмегін күтіп отырмай-ақ, өздерінің күш-жігерімен, адал еңбегімен жергілікті жастарды спортқа, саламатты өмір салтына баулып жүрген азаматтарға қарап риза боламыз. Міне соның бір жарқын үлгісі – бүгінгі мерекеде ашылып отырған жастар орталығы мен футбол және баскетбол алаңдары. Орталық ауыл жастарының спортпен, саламатты өмір салтымен тұрақты шұғылдануына мүмкіндік береді. Осы игі істің басы-қасында болған жандардың барлығының атын атап, түсін түстеудің қажеті шамалы. Ел онсыз да бұл азаматтарымыздың еңбегін жақсы біліп отыр» деп ризашылығын жеткізді Ратбек ақсақал. Жаңа ашылған жастар орталығында келешекте күрес түрлері, үстел теннисі және спорттың өзге де түрлері үйретіліп, ауылдағы жас азаматтардың бос уақытын тиімді пайдалануға, олардың бойын теріс әдеттерден аулақ салуға жол ашады. Ғимарат жергілікті тұрғындар мен сырттағы қамқоршылардың жинаған қаражатына бой көтерген.
Бұл күні халықты имандылыққа ұйытып отырған ауылдық мешіт жанынан жаңа асхана жұмысын бастады. Ауыл имамы Рүстем Әбди асхана ауыл тұрғындарының түрлі ас-жабдығын өткізуге мүмкіндік береді дейді. Заманға сай жиһазбен, аспаздық жабдықтармен қамтылған ғимарат Баянауылға танымал меценаттың қаржысына тұрғызылды.
Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, алыстан ат терлетіп жеткен тойшыл қауымды ауыл жұрты үкілеп күтіп алды. Ауыл балалары бұл күні шағын футбол мен асық ату сайыстарына қатысып мәз-мейрам болса, жастар мен ересектер арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақ күресі, қашықтыққа жүгіру бәсекелерінде бақ сынады. Жергілікті өнерпаздар мен сырттан келген өнер иелері ұйымдастырған мәдени шаралар да ел көңілінен шықты. Ауылдың тойы бәйгесіз өткен бе, іргедегі «Бәйгетөбеде» кешкісін тұяғы жер тарпыған тұлпарлардың өнеріне тәнті болдық.
Жұмат Шанин елді мекені – ұлылардың ізі мен сөзі қалған киелі өлке. Атақты әнші Жарылғапберді Жұмабайұлы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Жұмат Шанин, есімі қазаққа ғана емес, одаққа танымал өнер иелері Қали Байжанов, Ақыш Шанин, Атығай Шанин, Алаш қайраткерлері Сәлемхат Күленов пен Ахметолла Барлыбаев, атақты кентанушы, «тастың тілін түсінген қазақ» Қосым Пішенбаев осы мекенде дүниеге келген. Біздер құт-берекесі мен ынтымағы ұйыған ауыл азаматтарының бірлікшіл тірлігіне риза болып қайттық.