Таяуда киелі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды адал адамдар құрады» деді. Бұл ұлттық саясаттың жаңа бағытының арқауы мен негізгі тірегін көрсетеді.
Адал адамдар жайында жіліктеп айтсақ та, осыған байланысты тұжырымды идеяға жүгінсек те ол – нағыз адамдардың елдік тірлігі мен ерлігіне тікелей тәуелді. Елім деп еміреніп, жұртым деп жұмылатын жақсылардың асыл қасиеттерін арқа тұту және оны шынайы бағалау. Француз ойшылдарының «Менің Отаным бар, ол – француз тілі» деген ұлы сөзінің мағынасы қандай ғажап және ешнәрсе тең келмейтін қастерлі болса, біздің байтақ елде «Қазақ» деген сөз барша қазақстандықты барлық уақытта біріктіретін және мына байтақ дала – туған жердің тылсым сырын, қымбат құндылықтарын ұқтыратын ұранға айналады деп сенеміз. Солай болуына барлық фактор септесіп отыр және ол – ашық қоғамда баянды өмір сүру қажеттілігі. Бұған біздің қоғамның саяси өресі мен ынтымақтастық тәжірибесі де, ақылды адамдарының жігері де толық жетеді деген сенім бар.
Тегінде, халықтың еркіндігінен артық ешнәрсе жоқ. Ал оның қадіріне жету – ортақ міндет және ортақ игілік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігін жүйелі жүзеге асыру барысындағы нақты істері мен саяси, экономикалық және рухани-мәдени бастамалары жұрт күткен бетбұрысты күшке ие болатыны шүбәсіз, бұл ұстанымға деген зор үміт адалын айтсақ, бірте-бірте тиянақтала түсті, сенім де артты. Бұл ыңғайда жұрт бір-бірін байытып, бір-біріне қолдау білдіріп отырғанын ашық айтуға тиіспіз..
Хакім Абай: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» деп, айтқан жоқ па? Дәл осы сөзді бүгін де қайталап айтқан орынды. Бір жарым жылдан бері еліміздегі саяси өзгерістер мен қоғам ішіндегі серпілісті жаңалықтарды уақыт тезіне салып қарасаңыз, оның негізі кең ауқымды, әлемдік мән-мағынасы үлкен, өте ірі қадамдар мен жетістіктер саналатыны даусыз.
Сонымен бірге ойласуға болатын жайттар бар. Мәселен, ұлттық идеологияның жергілікті жерде, өңірлерде бұқаралық деңгейде қамтып жүргізілуіне қатты мән беріп, халықпен ашық сөйлесе алатын қоғамдық тұлғалар мен кадрлар даярлаудың қажеттігі ерекше сезіледі. Жасырмай айтайық, кейбір өңірде ойы мен сөзіне көз тоқтатып қарайтын тұлғалы кісілер жоқтың қасы санаулы ғана. Мемлекетшіл адамдарды ынталандыру мен олардың жолын ашу саяси науқандарда ғана еске түседі, ылғи да белгілі бір қарт кісілерді залдың алдыңғы қатарына отырғызып қоюмен жиын мағыналы бола бермейді. Біздің жаңа қоғам барлық аудиторияда ашық және іскерлік диалогті орнату арқылы демократиялық құндылықтарды құрметтейтін іс-әрекеттеріміз қала мен ауылда бірдей жандана түсуі қажет. Иә, ойымызды ұштай түсетін болсақ, ана шалғайдағы немесе қиян түкпірдегі ауылдарға неге министрлер ат ізін салмайды? Міндетті түрде Ауыл шаруашылығы министрі емес, ел жағдайы мен көңілін сезінуі үшін. Мәселен, Мәдениет және спорт министрі де қиян түкпірдегі Ырғыз бен Арал, Тарбағатай мен Сарысу жаққа жол жүріп барып, жұртшылықпен қоян-қолтық араласып жатса, қоғам өрісін кеңейтер еді. Ана бір жылдары бір жас министр шағын қалаға барған жол үстінде қарт Қаратаудың қыраттары мен қапшағай тастарын, жалаңаш тау табиғатын көріп: «Мұнда неге қарағай шықпайды?» деп масқараға ұшырағанындай болмас үшін де жаман болмас еді ғой. Басқа да министрлер орайын келтіріп, іссапарында облыс орталығынан немесе сол маңнан қайтпай, алыс аудандарды да аралап көргені өздерін де, мемлекеттік бағдарламалардың да танымалдығы пен тиімділігін баршаға жеткізетіні анық.
Заман өзгерді, адамдар да өзгеруі керек. Бірақ ол тез бола қоятындай емес. Ең керегі –әділеттіліктің барлық жерде көрініс табуы, түрлі көзқарас мен ұмтылыс-құлшыныстардың мемлекет үшін мейлінше орнықтылығы. Әділетті Қазақстан рухында жалпыға ортақ тірліктер адамгершілік мораль мен адалын айтып, берекелі іс атқару, билікте жүргендердің сыбайлас жемқорлық атаулыдан мүлдем қол үзуі секілді ең күйіп тұрған сауалдарға жауап беретін деңгейде қалыптасатын болса, бәрі де түзеледі, ойға алғандарымыз орындалады деп сенеміз. Әсіресе ел ішінде жиі айтылатын, маза бермейтін мемлекеттік сатып алу мәселесіне аса қатал, аса қаhарлы ұстаным мен ереже қажет. Және қандай нысан болсын, бюджеттен бөлінетін қаржыға салынғандықтан, оның оның басталуы мен аяқталуында жариялылық болуы да ерекше маңызды. Ал қазына қаржысын жымқырған, яғни жазықтылар мен қылмыскерлерге «сендейлерге түрменің есігі ашық» деген қатқыл ескертпеде аяушылық болмауын жұрт жақтайды, әрине.
Адамдардың мінез-құлық моделі жаңғырудың аясында атқарылатын мемлекетшіл, отаншыл, ізгілікті істер мен түрлі ұлағатты ұстанымдар аз болмас. Дей тұрғанмен, саяси мәдениетті қалыптастыру мен ұлтқа қызмет етудің өміршең үлгісін кеңінен насихаттау, оларды ұлттық және тарихи санаға сіңіруде нені үлгі етеміз, қандай ұлттық және қоғамға ортақ қасиеттерімізді жаңғыртамыз, бәрі де соған байланысты. Бізде, неге екенін қайдам, заман үрдісіне сай өзгеріс әлі де жеткілікті байқалмайды. Қай істе болмасын бейқамдық басым ба дерсің. Осы жайтты ойласу үшін айта отырып, Әділетті Қазақстан құруда бұл бейқамдықтың пердесі ашылып, сергек сана тезірек ой өрісіне шығады деп сеніммен қараймыз.
Адал адамдар туралы сөз болғанда «Арлы адам – ең күшті адам» деген қағидамен өмір сүру жауапкершілігі – біздіңше, ең қымбат құндылық. Ол саяси мәдениеттің де, қоғамдық ой-сананың да негізгі қозғаушы күші болуға тиіс.
Әділетті Қазақстанды құратын адамдардың жаңа болмысын, өміршең тағдыры мен жарқын келешегін, тағы да айтқанда, біз мына жаңа заман үрдісінен ұтылмай, енжарлық салдарынан тиесілі өз олжамыздан кеш қалмай, ұлттық идеологияның жүйелі жүзеге асуына бір кісідей ортақ ақылмен мүдделілік танытуымыз тарихи жауапкершіліктің тура өзі! Мемлекеттік саясаттың нағыз өзегі деп білеміз. Мұны шынайы жүрекпен сезінбей, тарихи және бүгінгі қоғамдық ой-сананы түбегейлі жаңғыртпай, өркениетті ел мен жаңа қоғам дамуына серпіліс жасай алмаймыз, қадірлі ағайын!
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
қоғам қайраткері