Бұл күндері Жапонияның Фукуока қаласында су спорты түрлерінен кезекті әлем чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Дүниежүзілік додада ел спортшылары да өнер көрсетіп жатыр.
Кешегі жарыс күнінде жүзу спортының өкілдері кезекті жүлделерді сарапқа салды. Әйелдер арасындағы 1 500 метр қашықтыққа еркін стильде жүзу жарысында отандасымыз Диана Тасжанова жарыс жолына шығып, іріктеу кезеңінен өте алмады. Дегенмен ол аталған қашықтықты 17 минут 09,98 секундта жүзіп өтіп, Қазақстанның және өзінің жеке рекордын жаңартты. Бұған дейінгі ел рекорды 17 минут 23,37 секунд болатын. 31 спортшы бақ сынаған жарыста отандасымыз 29-нәтиже көрсетті.
Сондай-ақ жүзу бойынша әлем чемпионатының екінші күнінде Қазақстан құрамасынан тағы екі спортшы бақ сынады. 100 метр қашықтықта Ксения Игнатова 1.02.34 нәтижемен 32-орынға ие болса, 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Аделаида Пчелинцева 42-нәтиже көрсетті (1.11.41). Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 қола жүлдемен 31-орында тұр. Әзірге жалғыз медальді артистік жүзу бойынша өнер көрсеткен Эдуард Ким жеңіп алған болатын.