«Үндеме» деумен қазақтың талай тарихы ұмытылды, талай тағдыр топыраққа көмілді. Мың тараудың бір тарауы біздің де жолымызды қиылыстырмағанда, бұл тағдыр да құм жұтқандай із-түзсіз кетпекші екен. Біз жазып, ел оқығаннан кейін тап осы кепті бастан өткергендер әр ауылдан табылатын да шығар. Баяғыда-ақ соны қағазға түсіріп, хаттап қойса қайтер еді. Бірақ бәріне тоқтау салған бір сөз бар, ол – «үндеме».
Смағұл ағамыздың айтуынша, «үндемеге» алғаш қарсы болған Мұрат Әуезов екен. Ол 1975 жылы ЖО құрылтайында «Бұл тарихты айналып өткен әдебиеттің болашағы жоқ», депті. «Болашағы жоқ» әдебиет сол кезде немен айналысқаны бәрімізге аян.
Түрлі сезімге берілген, ғажайып анекдоттардан құралған, ұзын-ырғасы шетелден көшірілген, табиғатты тамылжыта суреттеген шығармалар жоғары бағаланыпты.
Ал Адам Мекебаевтың «Құпия қойма» романы сюжеті жағынан олардың қасында әлдеқайда сүйекті шығарма болатын. Оның насихатын бір кісідей жасап баққанымыздың себебі де үлкен. Асанәлі Әшімовтің осы романның желісімен көркем фильм түсірмек болған әрекеті де тегін емес-тұғын. Менің бір білгенім, бұл тақырыпқа жақсы роман жазылмай, жақсы кино да түсірілмейді. Сол жақсы романның бірі «Құпия қойма» болатын, бірақ онда да көбіміз үндемей қалдық.
Қош, сонымен Адам Мекебаевтың «Құпия қойма» романының бұл араға қатысы қанша? Романда мал-мүлкі тәркіленетін ел жақсысы біраз дүниесін құмдағы қоймаға апарып жасырмаушы ма еді? Біздің кейіпкеріміз Нұрақым да тап сондай қойманы 1931 жылы үш жасында көріпті. Үш жастағы бала ол заманда зеректеу болған болса керек.
Шығар аузы таспен бекітілген үңгірге әкесімен бірге барған. Үңгірге кіргенде, сандықтар, кілемдер, текеметтерді көргені еміс-еміс есінде. Әкесі сандықты ашып, уыс-уыс алтын-күмістерді көз алдына тосыпты. «Бізді ұстап әкетсе, есінде жүрсін» дегені шығар.
Сондағы әкесі Байтұрбай кім еді? Байтұрбай десе, Байтұрбай еді. Үйір-үйір жылқылары кіл шұбар еді. Өзі еңселі, қарулы кісі болатын. Тәшкенге жылқы айдап, сауда қатынасын орнатқан. Көш-керуенін ит-құсқа шалдырмаған, жол торыған ұры-қарыға алдырмаған.
Осының бәрін Нұрақымның өзі де кейін елден естіді. Біразын әкесінің бұзаушысы болған Нұрмолда айтты. Нұрмолда Алдабергенов шаруашылықты қалай жүргізу керек екенін алғаш Байтұрбайдан үйреніпті. Байтұрбай сияқты қадау-қадау байлар ол заманда елге тұтқа еді.
Байтұрбайдың сән-салтанаты қандай екенін кіл шұбар жылқы ұстағанынан білуге болады. Ал қандай көсегелі адам болғанына қасына ерген жолдастары таратқан әңгімелер куә. Жоқ-жітікке қолын созып, жолын беріп жүретін мәрттігі де бар.
Бірде Тәшкенге мал айдаған сапарында шырқырап жылаған қыз баланың дауысын естіпті. «Сонша жылатқанына қарағанда, баладан кемдік көрмеген үй сияқты ғой», деп жігіттерін жұмсапты. Жөн ұғысқан соң құдаласып, қалың малын беріп, әлгі жылаған қызды өздерімен бірге ала кетіпті. Болашақ келінім деп он жасар ұлы Нұрсұлтанға серік етіп, өз баласындай әлпештеп өсіріпті. Нұрсұлтан жаңбырлы күні жай түсіп өлген, інісі Нұрақым әлі кішкентай. Артынша апалаң-топалаң заман басталған. Байтұрбай қаш-қаштың алдында бірінші сол қыздың жайын ойлапты. Ата-анасына ат шаптырып, өз қыздарын өздеріне аман-есен табыстап үлгеріпті.
Басқалар қаш-қашта арғы бетке қашқанда, Байтұрбай Балқаштың құмына қашыпты. Үш жасар Нұрақымның дүние-мүлік жасырылған үңгірді көріп жүргені сонда екен. Жаңа өкіметтің құрығы арғы бетке жетпесе де, құмға қашқан кіл шұбардың иесіне жетіпті. Кейін соны көзімен көргендер үйір-үйір шұбар жылқылар ауылға қарай шаңдата қаптап келе жатты десетін. Байтұрбай Талдықорғандағы абақтыға қамалып, баласы Нұрақым уақытша құрылған жетімханаға өткізіледі.
Нұрақым жетімханада жатса, түсі суық біреулер келіп үңгірдің қайда екенін сұрапты. Сонда баласын бір көре алмай зар боп жатқан Байтұрбайға да: «Алтындарыңды қайда тыққаныңды айтсаң, балаңды көрсетеміз», деп уәде берсе керек. Бір күні беймезгіл уақта Нұрақымның ұйықтап жатқан үстіне әке-шешесі «құлынымдап» кіріп келіпті. Содан көрген түстей болып бір иіскеп қоштасып кете барыпты. Тым құрыса біреуін қалдырмай, өштескен жаудай ерлі-зайыпты Байтұрбай мен Жарқынбала екеуін бірдей Шеңгелдінің маңында атыпты да тастапты.
Үш жасар баланы бір иіскеуге тұрған дүние-мүлікке толы үңгір хикаясы осы еді. Мұндай оқиғалар ел ішінде аз болған жоқ. Адам Мекебаевтың «Құпия қоймасы» Қызылордада жазылса, біздің кейіпкеріміздің басындағы оқиға Талдықорғанда болды. Сондай оқиғаларды балаларының құлағына сыбырлап айтып, «кесірі тимесін, үндеме», деп кеткендер қаншама. Нұрақым да үңгір оқиғасын айтарын айтып алып, «үндемеңдер, неғыласыңдар» дейтін. Өйткені оның мойнында жер бетінен жоқ болып кете жаздаған бір әулеттің жауапкершілігі бар еді.
Шынында да, малға да, жанға да бай бір әулеттің жер бетінен жоқ болып кетер-кетпесі бір өзінің қылша мойнына ілініп қалған сәттерді ұмыту еш мүмкін емес. Нұрақымды Қарағандыдағы жетімханаға ауыстыратынын естіген ағайынның, өздері ілекерлеп әрең отырса да: «Байтұрбайдың жалғыз тұяғын жоғалтып алмайық» деп, сұрап алып қалған сыры да содан еді.
Ол бір елдік қана емес, ағайын-туыстық та сынға түскен уақыт еді. Адам Мекебаевтың «Құпия қоймасында» жетегінде кішкене баласы бар аш-арық әйел теміржол бекетінде соңдарынан ілесе алмай келе жатқан қызына: «Тез жүрмесең, осында тастап кетем» деп жай айта салады. Ізінше «Шынымен тастап кетсем қайтеді, біреу болмаса, біреу бағып алар» деген ой келеді. Ақыры сол шешімге келіп, әжептәуір адам болып қалған қызын сонда тастап кетеді.
Осы тұрғыдан қарағанда, Нұрақымның ағайынның үйінде қалай артық ауыз санала бастағанын түсінуге де болады. Дені сау кезде аса білінбейтін, шапқылап жүріп бар шаруасын істесе де, өзек жалғар бірдеңе тиетін. Қорлықты желкесіне жаман жара шығып, қозғала алмай жатып қалғанда көрді. Ыстығы көтеріліп, пеш түбінде илектеліп жатқан бала өлуге айналды. Үй ішімен талқан жеп отырған отағасы оны бәрібір өледіге санап қойған. Осы кезде аяқ жақтан сопаң етіп бір үлкен егеуқұйрық шыға келді. Нұрақымның қарсыласарға дәрмені жоғын білгендей, айналып бас жағына өтті. Сірә, аштан өлген адамдардың етін жеп, әбден дәніккен болуы керек. Баланың желкесіндегі былпып тұрған ісікке істіктей тісін кірш еткізіп салды да жіберді. Бала айқайлауға да шамасы келмей, ышқына ыңырсып барып, талып түсті. Есін жиып қараса, астына шылқып қанды ірің жайылып кетіпті. Қайдан тап келсе де, әйтеуір баланың аман қалуына сол егеуқұйрық себепші болған екен. Бұрын өзі көрмеген, көрсе де есінде қалмаған әпке-жездесі келіп алып кетпегенде, тағы ненің күнін көрерін бір құдайым білсін. Әпке-жездесінің тәрбиесімен үш класты бітіріп-ақ, қанмен берілген еті тірілігінің арқасында сол кездегі ең «капиталистік» кәсіп «заготовитель» болып қызмет істеді.
Бірақ көрген қорлығы мен зорлығын әйелі Күлсінбаладан басқа ешкімге тіс жарып айтпапты. Кеңестің уағында ондай әңгіме ауыздан шықпайтын. Сонда Мұрат Әуезов айтылмайтын тақырыпты жазбаған жазушыларды кінәлап отыр ғой. Осыдан кейін Олжас Сүлейменовтің Жазушылар одағын басқарып тұрып, бұл мәселені неге көтергені енді түсінікті болды. Ауылдағы қарапайым кеңсе қызметкері тұрмақ, азуын айға білеген адуынды ақын да әкесінің қуғын-сүргін құрбаны болғанын сәті келгенше айта алмапты.
Олжас Сүлейменовтің жер-жерден қуғын-сүргін мен ашаршылыққа қатысты естеліктер жинатқаны содан екен. Соның өзінде көп ел әке-шешелерінен естіген-білгендерін айтпай қалды. Тарихқа деген енжарлық бір кедергі болса, санаға мықтап орныққан «үндеме» психологиясы екі кедергі болды.
Бірақ сол «үндеме» басқаға жүрсе де, Күлсінбала әжеге жүрмейтін. Жар жағалап жетім өскен жігітке жар болып, еркеккіндіктіден жалғыз тұяқ қалған әулеттің шаңырағын бірге көтерісті. Күлсінбала әже «Нұрақым анандай қиыншылықтан аман қалады, одан сендер өсесіңдер» деп кім ойлаған?» дейді, «Шүкір, Алласын» аузынан тастамай.
Тағы бірде «Казахстанская правда» газетінде «Байтұрбаевтар бар ма екен?» деген оқырман хаты жарияланыпты. Хабар бұларға кеш жеткен, газет сол күйі қолға тимеген. Сонда Күлсінбала әже оны жазған кім екенін газетті оқымай-ақ бірден айтып беріпті. Басқалар ұмытса да, Байтұрбайдың жақсылығын баяғы жылап отырған жерінен құда түсіп алған қыз ұмытпаған екен. Ол да жаңа заманға өлмей аман жетіп, бертінде қайтыс болыпты.
«Байтұрбаевтар бар ма екен?» деген сұрақ та ауызға бекерден-бекер түспесе керек. Жай қараша емес, елге аты шыққан әулеттің тағдыры талай рет қыл үстінде тұрған. Тектілер мен асылдардың тұқымын тұздай құртқан кеңес өкіметінің не көздегені белгілі. Ал енді сол тақырыпты жіліктеп талдап, зерделеп зерттемеген біздің ойымызда не бар? Сталиндік қуғын-сүргін мен ашаршылықта тап жауы ретінде қуғын-сүргінге түскен әулеттердің тізімін түзсе қайтеді, мысалы?!
Егер сөйтсе, Байтұрбаевтар әулеті бел ортада тұрар еді. Бұрын айтылған-айтылмаған қаншама әулет шығар еді. Ең бастысы, бұл тақырып әйгілі адамдардың айналасынан шығып, халыққа жақындай түсер еді. Алдымен әулет тарихын түзген өркениетті елдерден міне, сонда бізге де бірдеңе жұғар еді.
Сөз түйінін айтсақ, бізге әулет тарихын сақтау мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл – әсіресе хан мен сұлтаны, жақсы мен жайсаңы, бай мен бағланы жаппай қуғынға ұшыраған ел үшін аса қажет. Ондай тұлғалар мен әулеттердің шаруашылықты ұйымдастыруда, өндірісті өркендетуде, әл-ауқатты арттыруда атқарған істері мен тәжірибесін ұрпақтары үлгі етуге тиіс. Бүгінгідей ел ішіндегі кәсіп пен нәсіп қорын ұлғайтуда адам факторы мен әулеттік дәстүрдің орны ерекше екенін есте тұтқан жөн. Кіл шұбар жылқы ұстап, кейін үлкен елді мекеннің «Шұбар» атануына себепші болған Байтұрбай әулетінің тарихы бізге осындай ой салып отыр.
Айтпақшы, Байтұрбаевтар әулетінің бас көтерер үшінші ұрпағы жақында жолсапармен Германияға барып қайтты. Ол жер бетінен құландардың жойылып кетпеуі үшін не істеу керек екені жөніндегі халықаралық жиынға қатысып келді. Кіл шұбардан жылқы өсірген атасы құсап, ол да енді құлан тұқымының өсіп-өнуіне үлес қоспақ. Бұл да біз айтқан әулеттік әлеует пен отбасылық шаруашылық дәстүр туралы ойды бекемдей түсетін секілді. Егер дұрыс жолға қойылса, әлеуетті әулеттер де тәуелсіздіктің бір тірегі боларына ел ішіндегі мысалдар жетіп артылады. Бүгінде екінің бірі қызылкеңірдек болып араласа кететін ру шежіресі бір басқа да, әулеттік тарих пен дәстүрді сақтау мәдениеті бір басқа. Қайсысы өркениетке жақын, елдің дамуына пайдалы екенін әркімнің іші біледі. Жазушы Адам Мекебаев жазған, Байтұрбаевтар әулеті бастан өткерген «Құпия қойманың» кілті де осында тұрса керек.
* * *
Дамыған елдер бастарынан өткен қайғы-қасіретті қайта-қайта еске салумен де ұпайын түгендеп келеді. Ал көресімізді көзімізге көрсеткен қорлық өмірден қорынатын біз ғана секілдіміз. Сол оймен осы мақаланы жазып болғанша, әлгі айтқан үшінші ұрпақ ту сыртымнан келіп: «Қой, неғыласың, үндеме» дейтін сияқты көріне берді. Содан ба, діттегенім дәлелді болса да, әлгі сөз «Бір әулеттің тарихы» деп ойымдағы тақырыппен таласа берді: «Үндеме!»... – деп.
Үндеме!..
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК