Қазақтың рухани танымында айрықша орны бар дүниенің бірі – қас таңба немесе қас белгі. Бұл сөздің жазылу нұсқасы «хас» немесе «қас» деп екі түрлі таңбаланып жүр. Біз қазақы айтылу үндестігіне сай келетін «қас» мәтінін қолай көрдік. Сонымен...
Зерттеушілердің пайымдауына жүгінсек, қас таңбаның тарихы тым терең. Бірақ оның халқымыздың тарихынан өшіріліп, рухани танымынан аластатылуына басты себеп – өткен ғасыр басында кеңес одағының қас дұшпаны Германияның мемлекеттік рәмізі осыған ұқсас болғаны.
Әйтпегенде, бұл таңба қазаққа жат емес. Халқымыздың рухани танымында бұл белгіні «айқыш таңба», «қосу таңба», «ашамай таңба» т.б. деп атап жүр. Сонымен қатар «қас» атауының синонимі дүниетанымымызда «ерекше», «керемет», «нағыз» деген ұғымға сай күшейтпелі түсінік береді.
Мысалы, «Қас жүйрікте сын болмас, қас сұлуда мін болмас» (мақал), «Ә, келдің бе, қас батырым, жан қияр, Кетіп едің үш күн бойы хабарсыз?» (М.Шаханов) немесе «Шыңнан ұшқан қас қыранның бірісіз, Дарқан қазақ өнерінің гүлісіз» (М.Шаханов), «Әр сабақ, әр пән, бір жағынан өзіне қас мақсатын көздесе, екінші жағынан тіл сабағының міндетін атқаруға тиіс» (Ж.Аймауытов), «Мұндай суыт жүріс... белгілі адамға ғана қас жүріс қой» (Х.Есенжанов) т.б.
Қазақ ақыны Олжас Сүлейменов, қас таңба байырғы қыпшақтардың символы болған десе, зерттеуші Бақытбек Бәмішұлы: «Қас белгі қазақ танымында – ашамай таңбасына өте ұқсас екi көсеудiң айқасуымен таңбаланып, әр таяқшаның ұшы күн айналысына қарай немесе кері бағытта тiк бұрыш пішінде иiлiп жасалады. Бұл – өте көнеден келе жатқан мұра. Оның сыртында қас таңбаның қазақ танымында қосу (+) һәм көбейту (х) мазмұнды мистикалық нұсқалары бар. Бұларды кейбір өлкелерде «ашамай таңба» деп те айтады. Жоғарыдағы қосу және көбейту таңбаларының танымдық-рухани маңызы біріншіден, «елге ел қосылса құт», «досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды» дегеніндей немесе ырыс пен берекенің тоғысы (қосылуы) сияқты ұғым-түсінікпен астасып жатса, екіншіден, құшақ айқасқан достықтың, өсіп-өніп көбеюдің ырымдық титулы ретінде қалыптасқан» (Бәмішұлы Б. Сөз мәйегі. Публицистикалық мақалалар. Алматы, ЖШС РПБК «Дәуір», 2019.- 88 бет).
Осы орайда қазақтың «Көп қорқытады, терең батырады», «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас», «Көп қараса, жоқ табылар», «Көптік қайда болса, тоқтық сонда», «Көптің құрығы ұзын» мақалдары жоғарыда айтқанымыздай, «көбейту» (х) және «қосу» (+) символдарының қарапайым халық аузындағы тәпсірі іспеттес.
Көне жазу-таңбалардың білгірі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының доценті Талғат Молдабай: «Қас таңба ежелгі халықтың барлығында киелі символ ретінде: азтек, ари, шумер, еврей және көне түріктерде (прототүрік) қолданылған. Тіпті көне түрік жазу таңбаларында «д» әріп таңбасы және «з» әріп таңбасы нұсқасында таңбаланған (Молдабай Т. «Көне түрік жазу тарихы». – Астана, 2016. – 80 бет) деп жазыпты. Осыған қарағанда, көне түркілер жазу таңбасында қас белгісін пайдаланғаны анық.
Демек қас таңба халқымыздың танымына өте көне заманда орныққаны анық. Тіпті қазірдің өзінде ежелгі символдық таңбасын әлі күнге дейін ұмытпай жүрген адамдар да бар. Басқасын былай қойғанда, Қобда беті Бай-өлке аймағын мекендеп жатқан қандастарымыз арасында өздерінің меншік жылқысына «қас» таңбасын басатындар да бар екен. Бұл дегеніміз, жоғарыда ақын Олжас Сүлейменов айтқандай, халқымыздың ежелгі рәмізін ұмытпағанына дәлел.