Біздің заманымыздан бұрынғы І-ІІ ғасырларға тән ежелгі мұра көне сырмақ барын көпшілік біле бермейді. Бұл жәдігер 1924 жылы қазіргі Ұланбатыр қаласынан түстік жер Ноин-Ула тауынан табылған екен. Қазір бұл бұйым «Ғұн сырмағы» («Гуннская ковер») деген атпен Петербордағы Эрмитажда тұр.
Таңданарлық жағдай – екі мың жыл бұрынғы сырмақтың бедері, жасалу тәсілі, ою-өрнегі тіпті жиек сырмасына дейін дәл қазір ауылдық жерлерде қолданылып жүрген қазақ сырмақтардан аумайды. Ортасындағы шеңберлі иір мүйіз оюлар мен сыртқы жиегінің ішіндегі жануарлар бейнесі азиялық көшпенді бабаларымыздың қолданбалы өнер туындысы екені анық.
Бұл сырмақ қалай табылғаны жайлы айтар болсақ, 1912 жылы ұлты бурят ресейлік А.Баллод деген қаңғыбас осы Ноян таудың қолат-қойнауын тіміскілеп, алтын іздеп шарқ ұрып жүріп, ғұн қорымдарындағы жәдігерлерді байқап қалған. Дереу оны Петербордағы Орыс география қоғамына хабарлаған. Олар да елең етіп, атқа қонғанымен бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, іс аяқсыз қалған.
Арада бір мүшел уақыт өткенде, яғни 1924-1925 жылдары орыс ғалымы П.К.Козлов басқарған топ Ноян тауына экспедициялық барлау жасап, таудың аңғарында 200-ге тарта көне қорым барын анықтап, «бұлар ғұн дәуіріне тән» деген ғылыми тұжырым жасапты.
Осындағы алтыншы қорымды қазғанда біз сөз етіп отырған сырмақ сопаң етіп шыға келген. Жер астында 2000 жыл жатса да бүлінбей сақталған бұл бұйымды археолог-ғалымдар бірауыздан «әлем археологиясының ХХ ғасырдағы керемет жаңалығы» деп бағалады. Мұндай құнды дүниені сақтап, қорғауға Эрмитажды лайық деп тапқан орыстар жергілікті әкімшіліктің келісімін алып, жәдігерді Петерборға жөнелткен. Содан бері бабалар мұрасы осында тұр.
Сырмақтың сипатына келер болсақ: ұзындығы – 2,6 м, ені – 1,95 м, қалыңдығы – 5 см. Толық иленіп, суы қанған аппақ киізден жасалған. Сырмақтың дәл ортасында қошқар мүйіз иір оюлы 24 доғал-дөңгелек бейненің сырма-сұлбасы орналасқан. Сырманың сырты өрнекті жіңішке белбеу-бедермен қоршалған. Жәдігердің шеттерін айналдыра арпалысып жатқан 9 қос жануардың бейнесі салынған. Оның 5-еуі бұқа басты барысқа ұқсаса, 4-еуі қашып, құтылуға асыққан бұғы-бұлан бейнелі мүсіндер. Бұлардан басқа 9 түрлі өсімдік жапырақтары кестеленген.