Бұл күндері елордадағы «Beeline arena» ұлттық теннис орталығында Президент кубогі аясындағы «ATP Challenger Tour» және «ITF World Tennis Tour» турнирлері өтіп жатыр.
2007 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болған Президент кубогі жарысының екінші күнінде үш отандасымыз кортқа шығып, үшеуі де жарыстың екінші айналымына жолдама алды. Әлемдік рейтингте 375-орында тұрған 26 жастағы Дмитрий Попко алғашқы кездесуін түркиялық Корай Кирчимен өткізіп, қарсыласын үш сетке жалғасқан ойында 6:4, 4:6, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Попко ширек финалға шығу үшін кеше өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен шеберлік байқасты.
Сонымен қатар былтырғы Президент кубогі жарысының финалисі Денис Евсеев жаңазеландиялық Аджит Раиден екі сетте (6:4, 6:1) басым түсті. Оның келесі қарсыласы – Израиль өкілі Орель Кимхи. 19 жастағы отандасымыз Ислам Орынбасар әлемнің 616-ракеткасы үндістандық Прджвал Девті (6:4, 1:6, 6:3) жарыс жолынан ығыстырып, турнирдің кішігірім сенсациясын тіркеді. Ислам екінші айналымда осы жарыстың 2-ракеткасы ретінде тіркелген жаңазеландиялық Бенджамин Локпен күш сынасады.