• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 27 Шілде, 2023

Хорватиядан құралақан қайтты

201 рет
көрсетілді

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан елорданың «Астанасы» кезекті ойынын сырт алаңда өткізіп, Хорватияның «Динамо Загреб» командасынан ірі есеппен жеңіліп қалды. Іріктеу сатысының екінші айналымындағы алғашқы матчта алаң қожайындары ел чемпиондарының қақпасына жауапсыз төрт гол соқты.

Еурокубок ойындарында «Аста­на» мен «Динамо» командаларының жолы жасыл алаңда осымен екінші рет түйісіп отыр. Алғаш рет екі ұжым осы­дан бес жыл бұрын, яғни 2018 жылы Чемпиондар лигасының үшінші кезеңінде кездесіп, екі ретінде де хорватиялық футболшылар мықтылық танытқан еді – 3:0 (1:0, 2:0). Сол кездегі «Динамоның» құрамын қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда мықты болса да, Загреб клубы жерлестеріміздің қақпасына небәрі үш-ақ гол соғуға шамалары жеткен-ді. Қазір де «Динамо» футболшыларының деңгейі нашарлап кетті деп айта алмаймыз, бірақ бес жыл бұрынғы загребтіктер емес екені анық. Соған қарамастан, «Динамоның» жас футболшылары кешегі ойында «Астана» қақпасына төрт гол салды. Алда әлі қарымта ойын бар екенін ұмыт­пайық.

Отандық футбол жанкүйерлерінің пікірі бойынша, кешегі ойында «Аста­на­ның» жеңілісіне бірден-бір себепкер – бас бапкер Григорий Бабаян. Өйткені матчтан бір күн бұрынғы бас­пасөз мәслихатына қатысқан бас жат­тық­тырушы бұл кездесуде дина­мо­лық­тардың айқын фаворит екенін айтып, оларға екі ойында да қарсылық көрсету мүмкін емес екенін ашық мо­йындаған-ды. Тіпті команданың көш­басшысы саналған хорватиялық Марин Томасов та Чемпиондар лига­сы­ның екінші кезеңіне дейін жету «Астана» үшін үлкен мәртебе екенін айтып, төменгі лигалардың бірінде ойнауды мақсат тұтып отырғандарын мәлімдеген-ді.

«Біз Тбилисидің «Динамосын» жең­геннен кейін Чемпиондар лигасын­дағы өз міндетімізді орындадық. Өйт­кені Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығатындай мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан Еуропа лигасының немесе Конференция лигасының топтық кезеңінің бірінде ойнағымыз келеді», деген болатын М.Томасов шетелдік басылымға берген сұхбатында.

Бас бапкердің де, команда негізгі ойыншысының да «Динамомен» өте­тін ойын алдындағы осындай кері­тарт­па пікірінен кейін жанкүйерлердің «Аста­надан» бұл ойында жеңіс кү­туі­нің өзі де әбестік болар еді. Матч бас­­талмай жатып «жеңілген» елор­да­лықтар, бәсеке кезінде де түк істей алмады.

Матчты бес қорғаушы, төрт жартылай қорғаушы және бір ғана шабуылшымен бастаған «Астана» футболшылары алаң иелерінің қарқынына тек 35 минут қана шыдап берді. Жарты сағат бойы Йосип Чондрич қақпасының маңайында бірнеше мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырған «Динамо» футболшылары 36-минут­та өз деген­деріне жетті. Бруно Петковичтің айып алаңының сыртынан тепкен добы жер­лестеріміздің біріне тиіп, қақпа торында тулады. Арада бес минут өткенде Лука Иванушец «Астана» қақпасына өз командасының екінші добын енгі­зіп, үзіліс алдында «Динамоға» айқын басымдық сыйлады. Жергілікті жан­күйерлер Иванушец голына шаттанып боламын дегенше дәл сол футболшы «Астана» қақпасына дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді. «Астана» футболшылары алғашқы таймда қарсылас қақпасына қарай бір рет болсын дәл соқ­қы жасай алмай пұшайман болды.

Екінші таймды да «Динамо» ойыншылары белсенді бастады. 56-минутта 24 жастағы шабуылшы Иванушец алыстан дәл соққы жасап, кездесудегі үшінші голын тойлады. Төртінші гол қақпаға енген соң «Астананың» бас бапкері алаңға Душан Йованчич пен Элхан Астановты шығарды. Осы футболшы матчқа араласқаннан кейін «Астананың» ойыны жанданып шыға келді. Нәтижесінде, 69-минутта бұрыштамадан кейін Душан Йованчич қақпаға жата-жастана жойқын соққы жасады. Бірақ доп қақпадан қиыс кетті. Бұл – «Астананың» 90 минут ішінде жасаған төрт соққының ішіндегі ең қауіптісі еді. Сөйтіп, «Астана» мен «Динамо» арасындағы ал­ғашқы матч 4:0 есебімен аяқталды.

Енді қарымта кездесу бір аптадан соң, яғни 2 тамыз күні «Астана Аренада» өтеді. Ал бүгін «Ордабасы» мен «Ақтөбе» командалары Конфе­рен­ция лигасындағы алғашқы ойындарын өткізеді. Шымкенттік ұжым өз ала­ңында Польшаның «Легия» клу­бын қабылдаса, «Ақтөбе» сырт алаң­да Грузияның «Торпедо Кутаиси» коман­дасымен кездеседі. Сонымен қа­тар бірінші кезеңнен сәтті өтіп, екін­ші кезеңге шыққан «Тобыл» Швей­ца­рияда «Базельмен» жасыл алаңда жо­лығады.