Қарағандының орталық саябағында «Қарағанды келбеті» атты суретшілер көрмесі мен «Jastar fest» жас әнші-ақындардың кездесуі өтті. Шырайлы шараны Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы қалалық әкімдіктің қолдауымен өткізді.
Көрмеге Бұқар жырау, Қарқабат ана ескерткіштерінің авторы, Суретшілер одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин бастаған қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Қала тұрғындары қала келбетінен бөлек, тарихи тұлғалардың да портреттерін тамашалады. Майлы кенеппен де, қарапайым қарындашпен де салынған суреттер бар. Дарынды суретшілер Жаңабек Жұмабеков, Марьяна Макеева, Жәмила Оспанова, Шамшырақ Серік кеш қызығын тамашалауға келген көрермендердің портретін салып берді. Ерсін Темірғалиев саябаққа көшпелі шеберханасымен келіп, қыштан құмыра жасады.
Белгілі шебер Бейбіт Мұстафиннің айтуынша, мұндай көрмелер жиі өтуі керек. Өйткені музейге елдің көбі бара бермейді.
«Мұндай шаралар халық мәдениетін өсіруге аса қажет. Адам суреттен эстетикалық ләззат алады. Ал өнерді түсініп, бағалайтындардың жүрегі әрқашан ояу», дейді Бейбіт Мұстафин.
Көрмеден бөлек «Jastar fest» аясында сахнада жас ақындар өлең оқып, әншілер ән шырқады.
«Бұл шараны тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Осыған қарап, қарағанды- лықтардың өнерге деген сүйіспеншілігін байқауға болады. Көрерменнің талғамы биік. Суретшілер қылқаламмен, ақындар сөзбен, әншілер әуенмен сурет салады. Сол өнер өкілдерінің басын қосу – өте жақсы идея», дейді жас ақын Мағжан Асқар.
Әншілер әсем ән шырқап, көрерменге керемет көңіл күй сыйлады. Талғамы биік тыңдарманның көңілінен орын алған классикалық әуендер де орындалды.
Мұндай форматтағы кеш Қарағандыда бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Осыған дейін де ақындар мен әншілер орталық саябақтың сахнасында әдеби-сазды кештер өткізген. Мұның бәрі – Қазақстан Жазушылар одағы мен қала әкімдігінің бірлесе жүзеге асырған жобалары.
Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»