Бұл күндері Италияның Милан қаласында семсерлесуден әлем чемпионаты өтіп жатыр. Апеннин түбегіндегі сайыста бақ сынап жатқан отандастарымыз кеше тарихи жүлдеге қол жеткізді.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша Милан қаласында алауы тұтанған әлем чемпионатында ұлттық құрама көшбасшысы Руслан Құрбанов ел спортшылары арасында тұңғыш рет жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алды. Семсерлесу спорты бойынша әлем чемпионаттары тарихында бұған дейін бірде-бір спортшымыз бұл межеден көріне алмаған болатын.
Дегенмен жерлесіміз жартылай финалда мажарстандық Мате Кохке жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды. Аса тартысты өткен кездесуде Құрбанов 10:15 есебімен жеңіліп қалды. Сөйтіп, ел қоржынына семсерлесу спортынан әлем чемпионатындағы алғашқы қола жүлдені салды. Айта кетейік, отандасымыз жарыстың 1/16 айналымда франциялық Янник Борельді (15-14), даниялық Конрад Сейбек Конгстадті (14-13) жеңген. Оған дейін аустриялық Джозеф Марингерден басым түсіп, үздік 32 спортшының қатарына қосылған-ды.
Былтыр Мысыр астанасы Каирде өткен әлем чемпионатында Руслан Құрбанов пен Эльмир Әлімжанов ширек финалға дейін жеткен еді.