• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2023

Шаған баурайындағы шопандар тойы

294 рет
көрсетілді

Жетісу дербес өңір болғалы малшылар мерекесі тұңғыш рет тойланып отыр. Бұл тойдың ерекшелігі де сол, қойшы қауым алғыс арқалап, сыйлыққа кенелді. Шаған тауы етегіне жұрт ақшаңқан киіз үй тігіп, ұлттық ойындарымызды жаңғыртты. Балуандар белдесті, ағайын аламанға ат қосты. Ән шырқалып, күй тартылды. Жайлаудан ырысын іздеген малшылар бір жасап қалды.

Таң бозынан Шаған тауының етегіне жиналған қариялар қойын өріске қосып, мерейлі мейрамның басына асығыпты. Күн көтеріліп, ел түгенделгенде ғана тойдың салтанаты келісті. Әуелгі сөзді осы шараға мұрындық болған Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев бастап, жетісулықтарды қуанышымен құттықтады.

«Көксу өңірінде өтіп жатқан шопандар тойына қош келдіңіздер. Ата-бабаларымыз ежелден мал бағудың қыры мен сырын терең меңгеріп, төрт түлікті шөбі шүйгін, суы таза жайлауда өсірген. Жетісу облысы – ауыл шаруашылығына қолайлы, мал шаруашылығын дамытуға ыңғайлы аймақ. Оның осы саладағы бәсі басым. Бүгінгі күнде ауданда 197 түйе, 20 мыңға жуық жылқы, 43 мыңнан аса ірі қара, 170 мыңнан аса қой мен ешкі бар. Оған 175 шаруашылық жұмылдырылған. Осы көрсеткіш арқылы мал шаруашылығы бойынша облысымызда алдыңғы қатарда келеміз. Десе де оны баптап, өсіру сіздердің – шопандардың, фер­мерлердің, шаруашылық иелерінің еңбегінің арқасында жүзеге асады», деді М.Көлбаев.

Одан кейін аудан әкімі өңірдегі мал шаруашылығын өркендету­де ерінбей еңбек етіп, еселі үлес қо­­сып жүрген бірқатар азамат­ты ма­­рапаттап, алғыс білдірді. Сах-­ ­­н­а­­ға бірінші болып жақында Абай облысында өткен аламан бәй­геде баптаған жүйрігі топ жар­ған Мұрат Күлтенов көтерілді. Қа­шан­да ат мініп, жүйрік баптап өс­кен қа­зақпыз ғой. Еліміздің баты­сы мен шығысынан, оңтүстігі мен сол­түстігінен жиналған жүз­де­ген жүйріктің арасында 140 ша­қы­рымнан алқынбай жеткен жүй­рік­тің жүлдесі иесіне тән болса, қуанышы барлық көксулықтарға ортақ еді.

Аудан әкімінің қолынан алғыс-хат алып, заттай марапатқа ие болған малшылардың қуанышы еселене түсті. Өйткені жаз жайлау, қыс қыстаудағы қиындыққа қарамай, атакәсіпті жалғастырып жүрген жандар осындай ұлы дүбір тойды ұмытқалы ширек ғасырдан асып кеткен. «Сыйлық қымбат емес, сүйіну қымбат» дегендей, малшылардың ел мен жұрттың қарапайым еңбек адамдарын құрметтеп, қошемет көрсетіп жатқанына көңілдері марқайып, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнады.

«Бұрындары шопандардан қадірлі адам болмайтын. Кеңшар мен ұжымшарлар арасында кім­нің төлі көп, сол төрге шығып, тіп­ті депутат болып та сайлана­тын. Бертін келе бұл дәстүр ұмы­тылды. Кеңшарлар тарады, ұжымшарлардан татулық кетті. Де­ген­мен сол мәдениетімізді сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау болмай, бұл істің бұлыңғыр тарта беретіні анық. Ауданның арда азаматтарының ауызбіршілігінің арқасында бүгін осындай келелі жиынға куә болып отырмыз», дейді «Алмалы» шаруа қожалығының шопаны Тілеуберген Жақыпов.

Бұл жерге жұрт той тойлау үшін жиналды десек, қателесеміз. Кез­дескен, пікірлескен адамдар­дың лебізінен өзгелердің жетістігін көріп, өздерінің тәжірибесін де елге жеткізуді мақсат еткенін аң­ғардық. Сол қатарда аталарының өсиетін аяқсыз қалдырмай, төрт түлікті түлетуді азаматтық борышы санап жүрген азаматтарды да кездестірдік. Соның бірі – Қабылиса ауылдық округі «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Олжас Болатұлы.

«Қазақтың қазақ болып қа­луы, осынау ұлан-байтақ жер­дің иесі атануы төрт түлік мал­дың көктеуі мен жайлауын, кү­зеуі мен қыстауын күзеткен ата­ла­рымыздың еңбегінде жатыр. Осыған дейін Базарбай, Мыр­затай, Болат есімді аталарым – мың­ғыртып мал өсіріп, көл-көсір тіршілік еткен адамдар. Міне, сол ата жолын төртінші буын болып мен жалғастырып келе­мін. «Мал баққанға бітеді» дегендей, қиындығы көп бол­ғанымен, қадірі мен қасиеті де мол. Жыл он екі ай малдың со­ңында жүр­ген еңбеккерлердің жаз жайлауға шығып, арқасын кеңге салатын тұсы осы. Осындай орайлы сәтінде малшылар тойын өткізіп, мерейімізді тасытып жатқанына алғыстан басқа айта- рымыз жоқ», дейді О.Болатұлы.

Әрине, мал күтімі деген де оңай емес. Ақ таяқты қолға алып, алдына төрт түлікті иіріп ұста­ғанның бәрін осы саланың ма­маны деуге келмейді. Бабын тап­паса, мал да өспейді. Түрлі ке­сел­дің кесапаты да төрт түліктің жанына қас болатыны белгілі. Сондықтан кейінгі жылдары облыста мал дәрігерлеріне деген сұраныстың да артқанын білеміз. Десе де осы тойда төрт түліктің ауру-сырқауын тап басып, оны емдеудің дәстүрлі жолын бүгінгі технологияға ұштастырған кәсіби мал дәрігерлерін де кездестір­дік. Мәселен, мал дәрігері Зәуреш Құда­байұлының айтуынша, қазір­гі таңда малға ота жасап, түр­лі кесапаттан арашалап қалуға болады екен.

«Аталарымның бәрі қой бақ­ты. Қытайда мал дәрігері мекте­бін бітіргендіктен, сонда үйренген тәжірибемді бүгінде жалғастырып, тентек қойдың миына ота жасап, ірі қара мен ұсақ малды қол­дан төлдетіп, әріптестеріме үйре­тіп жүрмін. Байырғы қазақ мал­сақ еді. Малдың жай-күйін жүріс-тұрысынан-ақ танитын. Қа­зір қазақтың байырғы мал бағу үр­дісінен алыстап барамыз. Мүм­кін болса, аталарымыздың дәс­түрлі мал шаруашылығын қайта жаң­ғыртқанымыз жөн», дейді З.Құдабайұлы.

Тойға жиналған жылқышы, бақташы, шопанмен немесе бас­қалармен пікірлессең де, малшы қауымның берекесін тасытып, беделін биіктеткен шараға деген жақсы лебізін естисің. Ал қатар-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен шатырларда дастарқан жайылып, сыбаға үлестіріліп, қымыз сапырылып, қазақтың кең қолдылығын тағы да паш етті.

Тойдың ең қызықты сәттері ба­луан күрес, арқан тартыс, аударыспақ, теңге ілу, ала­ман бәй­гемен айшықталды. Ат – қа­зақ­тың қанаты ғой. Бәйге біт­кенше жиналған қауымның де­лебесі қозып, балуандар күресін қызы­ға тамашалаған көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі болды. Жел­мен жа­рысқан жүйріктер жары­сының қорытындысы бойынша Мәмбет ауылынан «Айбарыс» 1-орынды жеңіп алса, балуандар белдесуінде – 1-орын Әділхан Жалғасқа, теңге ілуден – 1-орын Бейсбек Ерланға, арқан тартыстан ерлер арасын­да – 1-орын Бал­пық ауылдық окру­гі коман­дасына, әйелдер арасында – 1-орын Қабылиса ауылдық окру­гі командасына тиесілі болды. Же­ңімпаздармен қатар ІІ, ІІІ орын иегерлері де марапатталды. Жеңім­паздарды ҚР Парламенті Сена­тының депутаты Амангелді Төлемісов пен Мәжіліс депутаты Болат Керімбек марапаттап, ауданымыздың тұрғындарын құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Шынында, атакәсіпті ардақ­тап, атажолын жалғастырған еңбек­кер­лердің алар асуының да төмен бол­майтыны белгілі. Осы тұста Же­тісу жерінде бірінші рет осындай ұлы дүбір той өткізіп, жұрттың сенімін еселеген, олардың алдағы кәсібін өркендетуге жігер берген аудан басшыларына да ризашылық білдіре кеткен жөн.