Астана қаласында тәжірибе алмасу мақсатында Ресей, БАӘ, Қытай, Түркия және Германиядан келген шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Травматология мен ортопедиядағы инновациялар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция басталды. Айтулы іс-шараның ашылуына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қатысты.
Астана медицина университетінде ұйымдастырылған келелі жиында травматология мен ортопедия саласындағы отандық және шетелдік мамандардың, сондай-ақ осы саламен сабақтас мамандардың басы қосылып, үлкен тәжірибе алмасу алаңы салтанат құрды. Іс-шара барысында тірек-қимыл аппаратының зақымдануы мен ауруларын диагностикалау және емдеу, сондай-ақ медициналық мекемелердің практикасына инновацияларды енгізу мәселелері кеңінен талқыланып жатыр.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзінің құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы саясатының арқасында отандық денсаулық сақтау саласы өз дамуында серпіліс жасай алғанын, бұл қазақстандықтардың өмір сүру сапасына оң әсер еткенін атап өтті. Сондай-ақ ол бүгінгі таңда еліміздегі травматология және ортопедия саласы ғылыми зерттеулердің кең спектрін жүзеге асырып, жаңа медициналық технологияларды белсенді түрде енгізіліп жатқанын алға тартты.
«Елімізде экономикалық әл-ауқаттың өсуімен тікелей байланысты денсаулық сақтау саласының жоспарлы дамуы байқалады. Жоғары технологияларды, әлемдік жетістіктерді жоспарлы пайдалануды жеделдету, дәрігерлік кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, тірек-қимыл аппаратының зақымдануы мен аурулары кезінде диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын белсенді енгізу маңызды», деді министр.
Аталған конференция медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, ғылымға қосқан зор үлесі үшін Әл-Фараби күміс медалінің лауреаты Әлібек Әбдірахмановтың 80 жылдығына орайластырылған. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният профессор Ә.Әбдірахмановқа академик Н.Ж.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының құрметті профессоры атағын табыс етті.
Жас дәрігерлер үшін мұндай кездесулер шетелге шықпай-ақ дәрежесі жоғары айтулы тұлғалармен, профессорлармен, алыс және жақын шетелдердің ірі орталықтарының басшыларымен танысуға және олардың тәжірибесіне қанығуға мүмкіндік туғызып отыр. Сондай-ақ осынау конференция аясында жас мамандардың қызығушылығын арттыру үшін ақшалай сыйақысы бар «Батпенов оқулары» атты жас ғалымдар конкурсы өткізіледі.
Бұған қоса бағдарламада Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Үндістан, БАӘ және Өзбекстан сарапшыларының күрделі операцияларын талдайтын шеберлік сабақтары жоспарланған.