• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Бизнес 28 Шілде, 2023

Еуропада қазақтың қазысына сұраныс артып отыр

270 рет
көрсетілді

Жылқы етін жеп көрмеген кәрі құрлық тұрғындары қазір қазы десе елеңдейтін болған. Шетелдіктердің және Еуропадағы қазақтардың сұранысын өтеп жүрген жерлесіміз Бельгияда қазы жасап, саудаға шығарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бес жылдан бері  Бельгияда тұрып жатқан алматылық қазақ Сағынғали Мамай Брюссельдегі жоғарғы технология мектебінде білім алып, сол жерде тоқыма өнеркәсібі саласында жұмыс істепті.

Qazaqstan ұлттық арнасы хабарлағандай, бір өзі кәрі құрлықтағы ағайынды қазымен қамтамасыз еткелі екі жыл болған.

Сағынғали Мамай қазы жасап көруге бел буған кезде жылқы еті ол жерде тапшы болғандықтан, сол етті, ішектерді, барлық ингредиенттерін табуға  жарты жыл уақыты кеткен. Алдымен өзіне жасап, онан соң достары, достарының достары, әрі қарай, адамдар бір-бірінен естіп, қазыға тапсырыс көбейген.

Арна тілшісінің айтуынша,  қазір жылқының етін жемейтін бельгиялықтар тарапынан қазақтың қазысына сұраныс артып, бірден 30 қазы жасауға да тапсырыс беріледі екен.

Ғаламтордан қазы айналдыруды үйренген кәсіпкердің сөзінше, бір қазыны айналдыруға 5-10 минут уақыт кетеді, жіңішке ішекке етті тез тығындау үшін пластиктен арнайы құрал жасап алған. Тұтынушының талғамына сәйкес, өзбектерге әніс өсімдігін қосып, еуропалықтарға қазының майын аздау қылып айналдырады екен. Қазы жасаудың хас шеберіне, әсіресе Еуропадағы өз қандастарымыз риза.

«Қонақ шақырып, ет асатын болсақ, әуелгі хабарласатын кісіміз осы Сағынғали. Бірден әкеліп береді. Қазыны өте дәмді қылып дайындайды. Дәмі Қазақстанда жасалынатын қазы сияқты», дейді Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі Айнұр Оңталапқызы.

Жекелеген адамдардың ұлттық дәмге деген сағынышын басып жүрген кәсіпкер қазір Еуропа қазақтарының той-домалақтарына ірі көлемде тапсырыс алады екен. Қазының бағасы салмағына қарай 15-25 еуро аралығында. Қазақтарды шаттыққа бөлеп, шетелдіктерге ұлттық тағамды дәріптеп жүрген Сағынғали Мамайдың ендігі көздеген жоспары - Бельгияда цех ашып, қазыларын жергілікті сауда орындарында сатылымға шығару.