Теннистен жұптық сындағы еліміздің бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Анна Данилина Германияның Гамбург қаласында өткен WTA 250 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанды.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Анна Данилина мен ресейлік Александра Панова финалда чехиялық Мириам Колодзиэева және америкалық Анжела Куликовамен бас жүлдені сарапқа салды. Екі сетке жалғасқан матчтың бірінші партиясында Данилина – Панова жұбы қарсыластарынан еш қиындықсыз 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте де олар аса қатты қинала қойған жоқ. Төртінші геймнен кейін 3:1 есебімен алға шыққан Данилина мен Панова кейін тағы бір брейк жасады – 5:2. Ал өздері матчқа доп бергенде де мүлт кеткен жоқ – 6:2. Бұл – Анна Данилинаның карьерасындағы 27-титулы. Сонымен қатар ол 11 мәрте халықаралық жарыстардың финалында ойнаған.
Сондай-ақ кеше елордада өткен Президент кубогі жарысы да өз мәресіне жетті. Бас жүлдені жерлесіміз, әлемнің 412-ракеткасы Денис Евсеев пен рейтингте 550-сатыда тұрған өзбекстандық Хумаюн Сұлтанов сарапқа салды. Евсеев былтыр да аталған турнирдің финалында ойнаған болатын.