Түбі бір түркі елдерімен ынтымақтастық – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттың бірі. Бауырлас елдер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени байланыстың нығая түсуі Әзербайжан елінде өткен Шуша жаһандық медиа форумында айрықша көрініс тапты. «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі жаңа медиа» атты форумға әлемнің 49 елінен 150-ге жуық шетелдік БАҚ өкілі қатысты. Алқалы жиында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Орталық Азия мемлекеттерімен серіктестік қарқынды дамып келе жатқанын атап айтты.
Қазақстан қолдауына ризашылық
Гейдар Әлиев жылы аясында және осы елдің ұлттық баспасөзінің 148 жылдығына орай өткен медиа форумның ашылу салтанатында президент Ильхам Әлиев әлемдік БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап бере отырып, елінің сыртқы және ішкі саясаттағы басым бағыттарын атап өтті. Соның ішінде Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасқа жекелей тоқталды.
Әзербайжанның Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығы барлық бағытта жолға қойылғанын айтқан ол екінші Қарабақ соғысынан кейін еліміздің үлкен қолдау білдіргенін айтып өтті.
«Біз Орталық Азиядағы достарымыз бен бауырларымызға қолдау көрсеткені үшін айрықша ризамыз. «Қазақстан Физули ауданында Жастар шығармашылық орталығын, Өзбекстан мектеп салып жатыр. Мектеп тамызда, ал орталық жыл соңына дейін дайын болады. Бұл – қолдаудың рәмізі. Соғыстан кейін шет елдер қаншама қолдау білдірді. Атап айтайын, бұл өте маңызды қимыл әрі ынтымақтастықтың үлгісі болды», деді Әзербайжан президенті.
«Жалпы, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа келетін болсақ, ол өте серпінді. Мен былтыр да, биыл да Орталық Азияның көптеген еліне бардым. Орталық Азия елдерінің президенттері де Әзербайжанға сапарлай келді. Жыл соңына дейін осындай сапарлар жалғасын табады деп күтеміз. Қазір екіжақты инвестициялар және сауда мәселелері бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз.
Біз, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының отырыстарында, сондай-ақ ТМД елдерінің саммиттерінде үнемі кездесіп жүрміз. Қазір Орталық Азия елдерімен байланыс құралдары мен көлік инфрақұрылымына қатысты мәселелер бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бірнеше күн бұрын мен Өзбекстанның, біраз уақыт бұрын Қазақстанның Премьер-министрін қабылдадым. Әңгімеміздің өзегі Әзербайжан, Грузия, Түркиядан Еуропаға Каспий арқылы өтетін көлік бағыттары болды. Бұл Орталық Азия елдері үшін маңызды көлік жолдарының бірі болады. Себебі Әзербайжанның көлік инфрақұрылымының мүмкіндігі ауқымды. Менің ойымша, біздің қарым-қатынасымыздың болашағы зор», деді Ильхам Әлиев.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығының іргесі қаланған еді.
Мемлекет басшысы қазақ халқының атынан жасалған бұл сыйлық қос ел арасындағы достықтың, бауырластықтың және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатынын атап өткен.
Медиа форум аясында Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаровтың бастамасымен Физули ауданында салынып жатқан Өнер орталығы құрылысының барысымен танысудың сәті түсті.
Нысанға жауапты маман Павел Грачевтің айтуынша, құрылыс кестеге сай жүріп жатыр. Сәтін салса, нысан желтоқсан айына таман дайын болады. Қазақстан ғимаратты салып қана қоймай, ішін де толық жабдықтап бермекші. Жалпы ауданы 3 100 шаршы метр, 600 адамға арналған Өнер орталығында музыка, 3D модельдеу, веб-дизайн, фото және бейне-курстар бағытындағы үйірмелер, сонымен қатар кілем тоқуға, қолөнерге, түрлі спорт пен хореографияға баулитын сыныптар ашылады.
Бейбітшілікті бекемдеу жолы
Бүгінгі күні ел алдындағы басты міндет көрші мемлекетпен ұзақ жылғы қақтығыс салдарынан бүлінген ауыл-қалаларды қалпына келтіріп, ол жерлерде халықтың мамыражай тірлігіне жағдай жасау екенін айтады Әзербайжан басшысы. Ол үшін ең алдымен арадағы шиеленісті реттеп, бейбітшілікті бекемдеу қажет.
2020 жылы 27 қыркүйекте басталып, 44 күнге созылған соғыста Әзербайжан Таулы Қарабақтың едәуір бөлігін қайтарып алғаны белгілі. Қазір осы аумақты жарылғыш заттардан тазарту, елді мекендердің еңсесін көтеріп, ел қондыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын байқадық.
«Қарабақ пен Шығыс Зангезурды қалпына келтіру үдерісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. «Ұлы оралу» бағдарламасы қабылданып, оған қаржы ресурстары жұмылдырылды. Инфрақұрылым мен құрылысқа арналған шығындар жыл соңына дейін шамамен 7 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл – тек бастамасы. «Ұлы оралу» бағдарламасына келетін болсақ, біз 30-дан астам қала мен ауылдың бас жоспарын бекіттік, көптеген елді мекеннің іргетасы қаланды. Бұл ретте Қарабақ өңіріне 2026 жылға дейін 140 мың адамды қайтару жоспарланып отыр. Келесі жылы Шуша қаласына тұрғындардың алғашқы легі келіп, орналасады деп үміттенемін», дейді Әзербайжан президенті.
Бүгінгі күнде ең үлкен кедергі қайтарылған аумақты жарылғыш заттардан тазарту жұмысы екен.
Қазірдің өзінде 300-ге жуық бейбіт тұрғын мен әскери қызметкер жарылғышқа тап болып, қаза тапқан. Армения тарабы келіссөз нәтижесінде миналанған орындар картасын беруге келіскенімен, ақпараттың жарым-жартылай болғанын, оның дәлдігі небәрі 25 пайыз екенін айтады Әзербайжан өкілдері.
«Біздің есебімізше 1 миллионнан астам мина қойылған, ал армяндар ұсынған картада 400 мыңға жуығы ғана қамтылады. Яғни бұл картаның пайдасы шамалы», дейді Ильхам Әлиев.
Әрине, қираған аумақты қалпына келтіріп, тамырына қан жүгірту елдің экономикасына үлкен салмақ түсіретіні белгілі. Бірақ ең маңыздысы – ұзақ жылға созылған қанды қақтығысты біржола тоқтатып, шекараны шегендеу. Бұл бағытта қандай қадам жасалып жатыр?
Бүгінде аталған аймақтағы текетіресті реттеудегі арағайындық мәселесінде АҚШ, Ресей, Еуропалық Одақ маңызды орын алатыны анық. Бітімге келу бағытында соғыстан кейін Армения бірнеше қадам жасағанын айтады Әзербайжан басшысы. Оның ойынша, көрші ел Әзербайжанға қатысты кез келген аумақтық талаптардан бас тартқан жағдайда келіссөздердің келесі кезеңін өткізіп, бейбіт келісімге қол қоюдан үміт бар.
Жалған ақпарат – жаһандық мәселе
Әзербайжанның Медианы дамыту агенттігі ұйымдастырған Шуша жаһандық форумы аясында әлемнің бірқатар елінен келген БАҚ басшылары мен беделді сарапшылар масс-медианың өзекті мәселелерын кеңінен талқылады. Алқалы басқосуға журналистикадағы жаңа технологиялар, цифрлық дәуірдегі БАҚ рөлі, инвестиция мен тұтыну үрдістері, жалған ақпаратпен күрес, коммуникация тәсілдері, жуналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері өзек болды. Екі күнге созылған талқылау барысында қазіргі күні әлемді алаңдатқан мәселе жалған ақпаратпен күрес екені айтылды.
Қазіргі кезеңдегі технологиялық инновациялар, басқасымен қатар, жаңалықтарды дайындау үдерісіне теріс әсер етеді. Технология саласындағы жетістіктер БАҚ үшін жаңа сынақты көлденең тартып отыр.
Бұл туралы Жаһандық саясат институтының төрағасы Паоло фон Ширах «Медиа болашағы: журналистика мен коммуникациядағы жаңа құралдар және цифрлық дәуірдегі БАҚ рөлі» сессиясында айтып өтті. Жалған хабарламалар жұртшылықтың жаңалыққа сенімін азайтқанына тоқталған ол: «Әр адам өзінің жаңалықтар агенттігін құруға тырысып жатыр. Жаңалықтар мен ойын-сауық арасындағы шекара жойылып, олардың араласып кеткені байқалады. Көргеніміз деректі фильм бе, жоқ шоу ма, осыны түсінуден қалдық. Мұның бәрі жалған ақпараттың таралуына алып жол ашып отыр», дейді.
Ал канадалық журналист, продюсер Дана Вольф қалай болғанда да ақпарат саласындағы заманауи өзгерістерге бейімделуге тура келетінін айтады.
«Медиа саласы жедел өзгеріп жатыр. Біз осыған бейімделуге мәжбүрміз, әйтпесе бұл мамандықтан кетуге тура келеді», дейді ол.
«Медиақұрылымдардың жабылғаны, жұмысын тоқтатқаны туралы күн сайын естиміз. БАҚ қызметкерлерінің кез келген уақытта жұмысынан айырылу қаупі бар. Канададағы кейбір медиақұрылымдар басқа елдердегі бюроларын жапты. Жұмысынан айырылғандар саны артып келеді, бұл қосымша проблемаларға алып келеді», дейді ол.
Ақпарат алаңында қалыптасқан тағы бір үрдіс – жаңалықты тұздықтап, жаға ұстататын, оқырманды еліктіретін форматта беруге тырысу. Осының салдарынан ақпараттың дәлдігі азайды. Бұл негізінен әлеуметтік желілерде байқалады. Forward Thinking негізін қалаушы және директоры Оливер Мак-Тернан осы мәселені айта келіп: «Әлеуметтік медианың проблемасы – біз жеңіл ойлайтын адамдардың қолына қару бердік», дейді.
Медиа саласы өкілдерінің басын қосатын Шуша жаһандық медиа форумы енді жыл сайын өткізіледі деп жоспарланып отыр. Әзербайжан президентінің көмекшісі, президент әкімшілігінің сыртқы саясат мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Хикмет Гаджиевтің айтуынша, жаһандық медиа форум Шушада шығармашылық атмосфераны қалыптастыруды көздейді.
Айта кетейік, Шуша 2021 жылдан бері «Әзербайжанның мәдени астанасы» деп аталады. Ал ТҮРКСОЙ шешімімен бұл шаһар 2023 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды.
«Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының негізі 2010 жылы түркітілдес мемлекеттер басшыларының Ыстанбұлда өткен 10-саммитінде қаланды. Шешімге сәйкес, жыл сайын түркі елдерінің бір қаласы «Мәдени астана» болып жарияланады. Шуша – осы құрметке ие болған 11-ші қала. Оған дейін «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атағы Астана (2012, Қазақстан), Эскишехир (2013, Түркия), Қазан (2014, Татарстан), Мерв (2015, Түрікменстан), Шеки (2016, Әзербайжан), Түркістан (2017, Қазақстан), Кастамону (2018, Түркия), Ош (2019, Қырғызстан), Хива (2020, Өзбекстан), Бурса (2022, Түркия) қалаларына берілген еді.
Астана – Баку – Шуша – Астана