• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Шілде, 2023

Өзбекстандағы қазақ тілді БАҚ қызметкерлері Қ.Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды

278 рет
көрсетілді

«Отандастар қоры» қоғамы Өзбекстандағы 30 шілде - Халықтар достығы мерекесі күніне орай, Ташкент қаласында орналасқан Қазақ Мәдени орталығында қандастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Хорезм, Бұхара, Науаи, Жызақ, Сырдария және Ташкент облысынан келген мәдени орталық басшылары мен ұлт зиялылары маңызды іс-шарада өзара пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.

Кездесуде «Отандастар қорының» шеттегі және елдегі атқарған жұмыстары мен жоспарлары туралы әңгімелеген қоғам президенті Абзал Сапарбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен ұлттық құрылтайдағы «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда» деген сөзін еске салып,  қандас жастарға, елге көшіп келетін қандастарға арналған мемлекеттік қолдауға кеңінен тоқталды.

Өз кезегінде қандастарымыз қазақ мектептеріндегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру, жастардың қазақстандық ЖОО-ға түсу үшін ҰБТ тапсырудағы қиындықтары, қазақ тілінде кітаптар мен мәдени іс-шараларға деген сұраныстар туралы ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.

Жиын соңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алғыс хаттарымен «Нұрлы жол» газетінің редакторы Ғұламзәкір Юсупов пен «Кенимех таңы», «Тамды шаруагері» газетінің шығарушы редакторы Гүлдана Нарынбетова марапатталды.

Сондай-ақ бірқатар қазақ орталықтарына ұлттық би көйлек топтамалары мен Отандастар қорының «Әр қазаққа бір кітап» акциясы шеңберінде жиналған кітаптар тарту етілді.