Теннистен әлемдік рейтингте 412-сатыда тұрған жерлесіміз Денис Евсеев Астанада ұйымдастырылған Президент кубогі аясындағы «Челленджер» жарысының жекелей сынында жеңімпаз атанды.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген жерлесіміз финалдық бәсекеде дүниежүзілік рейтингте 570-орында тұрған өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші сетте Денис Евсеев 0:5 есебімен жеңіліп жатып, тамаша камбэк жасады. Қатарынан жеті геймде жеңіске жетіп, бірінші партияны 7:5 есебімен өз пайдасына аяқтады. Дегенмен, екінші сетте өзбекстандық спортшы бәрібір өз дегеніне жетіп, 6:2 есебімен таразы басын теңестірді.
Ал үшінші, шешуші партияда Денис Евсеев 6:4 есебімен жеңіске жетіп, өзінің спорттық жолындағы ең ірі табысына қол жеткізді.