Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңарту бағдарламасын енгізді.
ҚФФ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Сондай-ақ жоба аясында жеке инвестицияларды тарту жоспарланып отыр. Жобаның басты мақсаты – футбол инфрақұрылымы мен бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
Биыл бағдарлама аясында Алматы қаласындағы АОСК стадионы, Жетісу облысының Балпық би ауылындағы Б.Оңғаров атындағы стадион, Шымкент қаласындағы «Цементник», Ақтөбе қаласындағы №2 БЖСМ және Ақтаудағы «Каспий» СК енді.