Францияның бас шаһары – Парижде алауы тұтанатын XXХIII Жазғы Олимпия ойындарының басталуына да бір жылдан аз уақыт қалды. Өткен аптада Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) басшысы Томас Бах ұйымға мүше 203 мемлекеттің Ұлттық Олимпиада комитетіне Париждегі төртжылдықтың басты додасына ресми шақырту хат жіберді. Олардың қатарында Қазақстанның да Ұлттық Олимпиада комитеті бар.
Сегізінші серпіліс
Халықаралық Олимпиада комитетінің штаб-пәтері орналасқан Швейцарияның Лозанна қаласында өткен ресми іс-шарада ХОК президенті Томас Бах Олимпия ойындарының отаны саналатын Грекия Ұлттық Олимпиада комитетінің және алдағы ересектер арасындағы Жазғы және Қысқы, сонымен қатар Жасөспірімдер Олимпиадаларын өткізетін елдер мен босқындар жөніндегі ХОК олимпиадалық құрамасының президенттерін қабылдап, Олимпиадаға шақыру хат табыстады.
Тұп-тура 359 күннен кейін басталатын Париждегі дүбірлі дода Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қатысатын сегізінші жазғы Олимпиадасы болмақ. Бұған дейін жерлестеріміз мұндай дүрмектің жетеуінде бақ сынап, солардың бірде-біреуінен жүлдесіз оралмағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Тіпті ел тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада деп бағаланған Токиодағы додада отандастарымыз сегіз қола жүлдені ел қоржынына салған болатын.
Қазіргі таңда жер-жаһанның спортшылары Сена өзенінің жағалауындағы жаһандық жарысқа қатысу үшін жанталасып жатыр. АҚШ, Англия, Аустралия секілді жазғы спорт түрлерінің алпауыттары қазірдің өзінде жолдамалар санын 100-200-ден асырып тастаған. Тарқатып айтар болсақ, мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттің еншісінде – 230, Тұманды Альбион өкілдерінде – 120, «Жасыл құрлық» спортшыларында 110 жолдама бар екен. Ал сары құрлықтың алыптары саналатын Қытай құрамасына – 66, Күншығыс еліне 59 жолдама тиесілі. Тағы бір айта кетерлігі, Франция жарысты ұйымдастырушы мемлекет болғандықтан, «үш жолақты» елдің спортшылары төртжылдықтың басты бәсекесінің бағдарламасына енген барлық спорт түрінен іріктеусіз-ақ жолдамаларға қол жеткізіп қойған.
Жолдама жолындағы іріктеу сайыстарының басым бөлігі биылға жоспарланғанымен, 2022 жылдың өзінде жер-жаһанның спортшылары спорттың 11 түрінен лицензияларға иелік етіп үлгерді. Ал биыл спортшылар тағы 13 спорт түрінен жолдамаларға таласады. Жалпы алғанда, бүгінге дейін ХОК-қа мүше 203 мемлекеттің ішінде жүзден аса елдің өкілдері Париж Олимпиадасының кем дегенде бір-бір жолдамасына иелік етіп отыр. Солардың қатарында Қазақстанның спортшылары да бар екені қуантады.
Бірер ай бұрын Тайландтың Районг қаласында ұйымдастырылған тасжолдағы велоспорттан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарып, соның нәтижесінде Париж Олимпиадасының бір жолдамасын жеңіп алды. Ал күні кеше Жапонияда мәресіне жеткен су спорты түрлері бойынша әлем чемпионатында да ел қоржынына тағы бір жолдама түсуі мүмкін еді. Өкінішке қарай, 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде ұлттық құраманың көшбасшысы Әділбек Мусин іріктеу кезеңінде аталған қашықтықты 51,68 секундта еңсеріп, жартылай финалға шыққанымен, олимпиадалық іріктеу уақытына (51,67) жете алмады. Сөйтіп, секундтан да аз уақыт жетпей, Олимпиада жолдамасын уысынан шығарып алды.
Меже – 100 жолдама
Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов отандық БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасына спорттың 20 түрі бойынша 100-ден аса жолдама жеңіп алуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Қазіргі таңда спортшылар мен жаттықтырушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Жерлестеріміз Олимпиада жолдамасына қол жеткізу үшін өз елімізде және шетелдерде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, халықаралық жарыстарда шыңдалу үстінде. Өздеріңіз білетіндей, спорттың екі түрінен ұлттық командалармен жұмыс істеу үшін шетелден арнайы жаттықтырушылар шақырдық. Бұл Олимпия ойындарына көбірек жолдама, жүлде санын молайтуға өз септігін тигізеді деп ойлаймыз», дейді Е. Мырзабосынов.
Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасының айтуынша, Қазақстан әлі де Олимпия ойындарында бокс, ауыр атлетика, күрес түрлеріне ерекше басымдық беріп, аталған спорт түрлерінен мейлінше көп жолдама және сәйкесінше Олимпиадада сапалы жүлделер алатынына сенім артпақ.
Сондай-ақ өзге спорт түрлерінде бақ сынап жүрген жерлестеріміздің кейінгі бір-екі жылдағы нәтижелеріне қарап отырсақ, Париж төрінде жеңіл атлетика, спорттық гимнастика, теннис, семсерлесу, су спорты түрлерінен және Олимпиада бағдарламасына жаңадан қосылған брейкданс бәсекесінен де жүлде күтуге болатын сыңайлы.
Жаңа спорт – жаңа мүмкіндік
Олимпия ойындарының тарихына көз жүгіртер болсақ, Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлері әр жарыстың алдында өзгеріп отыратынын байқаймыз. Яғни әр Олимпиада қарсаңында ойындардың бағдарламаларына жаңа спорт түрлері қосылып, ескілері немесе қоғам арасында аса қатты қызығушылық байқалмаған спорт түрлері келесі жолғы сайыстардан алынып тасталып отырады. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Токиодағы ойындар бағдарламасында болған каратэ, бейсбол және софтбол спорт түрлерінен енді Париж Олимпиадасында жүлделер сарапқа салынбайды. Естеріңізде болса, Токиодағы Олимпиадада каратэ сайысында отандасымыз Софья Берульцева аса жоғары нәтиже көрсетіп, қола жүлде жеңіп алған еді. Өкінішке қарай, енді Софья Берульцева Франциядағы Олимпиадаға қатыса алмайды.
Париж Олимпиадасын ұйымдастыру комитеті ХОК ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, ойындарды қызықты өткізу мақсатында жаңадан төрт спорт түрін Олимпиада бағдарламасына енгізді. Негізінен бағдарламаға жаңа спорт түрін енгізер кезде ұйымдастырушылар мен ХОК ол спорттың жастар арасындағы танымалдығына және гендерлік теңдікті ескеріп, ол спорт түрімен әйелдер де жаппай шұғылдануына бас мән береді. Яғни Париждегі ойындарда спортшылар брейкинг (брейк-данс), спорттық шыңға өрмелеу, скейтбординг пен серфингтен Олимпиада чемпионы атануға тырысып көреді.
Бір ғана брейкинг спортына тоқталар болсақ, ХОК алдымен бұл спорт түрін алғаш рет 2018 жылы Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада сынақтан өткізіп, нәтижесінде бір олимпиадалық кезеңнен кейін Париждегі бәсекенің бағдарламасына енгізіп отыр.
Париждегі Олимпиадада жалпы 32 спорт түрінен түрлі-түсті жүлделер таратылады деп жоспарланып отыр. Әлемнің 200-ден аса мемлекетінен келген спортшылар 306 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Бұл – академиялық ескек есу, бадминтон, баскетбол (оның ішінде 3x3 баскетбол бар), бокс, күрес, брейкинг, велоспорт, су спорты түрлері, волейбол, жағажай волейболы, гандбол, гимнастика (батут, спорттық гимнастика, көркем гимнастика), гольф, байдарка мен каноэде есу, дзюдо, ат спорты, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби-7, серфинг, скейтбординг, қазіргі бессайыс, спорттық шыңға өрмелеу, садақ ату, спорттық ату, теннис, триатлон, таэквондо, ауыр атлетика, футбол және көгалдағы хоккей.
Франциядағы осымен үшінші мәрте өткелі жатқан XXXIII жазғы Олимпия ойындары 2024 жылдың 26 шілдесінде басталып, 11 тамызда өз мәресіне жетеді.