• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Тамыз, 2023

Ардагерге арналған турнир

200 рет
көрсетілді

Жақында Ұлан ауданының спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлері жерлестері, жарты ғасыр бойы волейболдан аудан намысын абыроймен қорғаған, дүбірлі жарыстарда өз командасымен байрақты бәсекелерде топ жарған Бақытжан Нұрсұлтановтың құрметіне турнир өткізіп, жарыс көрігін қыздырды.

Бақытжан Қабекұлының өмір жолы, ауыр науқасқа шалдықса да спорттың арқасында оны жеңіп шыққаны, ауданның жүздеген саңлағын тәрбиелеген ұстаздығы аудан жұртшылығының көз алдында өтті.

Ардагерлер арасындағы турнирге Күршім, Катонқарағай, Ұлан аудандарынан бес команда қатысты. Жарыс тартысты өтті. Әсіресе Күршім, Катонқарағай аудандарынан ат терлетіп келген сақа волейболшылар бұқаралық спортпен мықтап шұғылданатындарын дәлелдеді. Ұландықтар да намысты қолдан берген жоқ. Нәтижесінде Ұлан, Күршім, Катонқарағай аудандарының волейболшылары жүлделі орындарды бөлісті.

Белгілі кәсіпкер Қайрат Мусин, Серік Сүлейменов, Бақытжанның төл шәкірттері Еркін Қайырбаев, Серік Омарханов, Ербол Жақыпов, тағы басқалар турнирдің өтуіне көмектерін жасады. Алматылық кәсіпкер Разбек Байтілеу арнайы жасаған ескерткіш-медалі мен қомақты сый-сияпатын беріп жіберіпті. Оны Қайрат Маратұлы тапсырды.

Турнир аяқталған соң Бақытжан Қабекұлы жинал­ғандарға алғысын айтты. Ұлан ауданы әкім­дігінің бұқаралық спортты дамытудағы игілікті істеріне тоқталып, алдағы уақытта да бұл іс-шара жалғаса беретінін айтты. Турнир аяқталған соң жеңімпаз командалар марапатталды.

Қалай дегенде де, Ұлан ауданында бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінетінін атап өткен жөн.

        

Оңдасын Елубай,

ардагер журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы