• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Туризм 02 Тамыз, 2023

Бұрқанбұлаққа бардың ба?

312 рет
көрсетілді

Сауалды осылай қойғанымыз дұрыс шығар, өйткені сұлу сарқы­ра­­маны көрмеген кісі оның тарихи келбетінен бейхабар болары анық. Шетелдің қолмен бояп қойған кішігірім өзен-көлін жыр қылудың қажеті жоқ, жол түссе, Жетісуға тартыңыз. Табиғаттың тағы бір таңғажайып тартуы сізді қарсы алады. Бұл – аты аңызға айналған Бұрқанбұлақ.

Биігі бөлек бұлақ хақында бұрында сыр тартқанбыз, дегенмен бұл жолғы сапар тіпті өзгеше болды. Биыл құрылған «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы өңірдегі ерекше жерлерді елдің есінде қайта жаңғырту үшін әртүрлі жобаға мұрындық болып келеді. Міне, бүгін облыстың ең көрікті жерлерінің біріне саяхат ұйымдастырып, турист-блогерлерді, тәжірибелі гидтерді, туроператорларды, мобилографтарды, бейнеоператорларды және журналистерді бір топқа біріктіріп, сарқырама басына салтанат құрды. Қазақстандағы ең биік сарқырама Бұрқанбұлаққа жету оңай емес, ал жетіп алған соң оны ұмыту әсте мүмкін емес.

Жолсапардан сыр тартпас бұрын әріптесіміз Залина Атабаеваның бірауыз пікі­рін жаза кеткіміз келеді. «Бұрқанбұлақ – қауырт тірлікке қолы байланған қоғам­ның ойын табиғатпен үндестіретін мекен. Оның ауасы дертке шипа, ал қалың орманы мидағы аласапыран түсініктерді тіз­гін­дейді. Құдды басқа ғаламшарда жүрген жан­дай өмірдің әсемдігіне таңдай қағасыз». Бұл пікірге қосылымасқа лаж жоқ. Неге десеңіз, мақаламызды оқып шығыңыз.

Сайыпқыран сарқырама Талдықорған қала­сынан 140 шақырым, ал Текелі моно­қа­ласынан 70 шақырым жерде орналасқан. Бірақ қазір тіке жол жоқ, сондықтан айналма жолмен жүруге тура келеді. Алдымен Талдықорған-Өскемен тасжолының бойы­мен Қапалға қарай беттеп, одан әрі тауға бұрылуыңыз керек. Бұрқанбұлақ Ескелді ауданы аумағында теңіз деңгейінен 2 мың­ метр биіктікте жайғасқан. Сізге жол талғамайтын биік көлікпен барған дұрыс. Біз халық арасында «шишига» ата­нып кеткен «Газ-66» көлігіне отырып, таң а­ла­ге­уім­мен­ бұлақ басында болдық.

Жолаушының уақытын жол анықтайды. Соған сай алдын ала болжанған жоспарларға түзе­ту енгізесіз. Біз де солай істедік. Объек­­тив­ті жағдайларды ескере отырып, 8 сағат­тық жолды 11 сағатта әрең еңсердік. Бірақ бұл әуесқой саяхатшыларды шошыта алмайды. Себебі сарқырамаға апарар­ жол әсерге толы әрі бойға адреналин құяды. Кейде тау жолы күрт көтеріліп, кейде төмен сырғып кетеді, оған ойша дайын болуыңыз шарт. Сондықтан топ жетекшілері рация­ арқылы үнемі байланыс­та болады. Дегенмен сапардың қиындығы Жоңғар Алатауының асқақ шыңдары мен аспанмен астасқан жазира даланы көргенде ұмытылып кетеді. Ақ бұлттар алақанға қонардай қолсозым жерден қол бұлғайды. Сапар барысында саяхатшылар мезгіл-мезгіл тоқтап, керемет көріністерді фотоға түсірумен болды.

Бұл тұғыр Қорын шатқалы, әрине, тамсанбасқа қоймайды. Тауды ентелеп Қора өзені сұлудай сызылып жатыр. Ол туралы аңыз былай өрбиді. Ертеде Қора есімді қыз өмір сүріпті, оған Бұрхан есімді жігіт риясыз ғашық болады. Бірақ оның туыстары бұл одаққа қарсы шығады. Бір нұсқада қыздың отбасы қарсы болса, тағы бірінде сұлудың тәкаппар мінезін жігіттің анасы жақтырмапты. Қайта қосылуға ұм­тылған жігіт тұтқыннан құтылып, сүйік­ті­сіне асығып сарқырамаға, ал қыз дауылды өзенге айналады. Содан бері сарқырама мен өзен мәңгілікке қосылып, Жоңғар Ала­тауының бүкіл шығыс сілемін басып өтеді. Ал перзентінен айырылған бейшара ананың көз жасы шағын бұлаққа айналып, сарқыраманың жанынан ағып жатыр. Ел аузында тағы бір аңыз бар. Моңғол диалектілерінде «Бурхан» сөзі Будда мен оның мүсіндік бейнелеріне қатысты жиі қолданылған. Айтпақшы, Қорын шатқалында Будданың көне кескіні қашалған тас бар, оны инфотурға қаты­су­шы­л­ар бұдан бұрын Текелі қаласымен таныс­­тыру экскурсиясы аясында өз көзде­рі­мен көрген еді. Ол сарқырамаға барар жол­дың алдында тұр.

Жол бойында тағы бір шағын көлге көз түседі, оны заманауи саяхатшылар «Опера» деп атайды екен, одан бөлек интернет-шолғыштың белгішесімен салыстыра отырып, басқа да атау қоюға болады. Мысалға, Horseshoe, Bagel, Kopeyka. Тағы бір әпсана осы көлмен байланысты. Сүйіктісі ерекше сый сыйлаған сұлу бұл ғажайыпқа өзі ғана емес, барша жұрт сүйсінсін деп алтын сақинаны жерге лақтырған. Содан қалған деседі. Айтпақшы, Жоңғар Алатауында марал, тау ешкі, қоңыр және Тянь-Шань аюы, сілеусін, барыс, сусар, борсық кездеседі. Олардың дені «Қызыл кітапқа» енген.

Айнала шыршаға толы, орманда ада­сып кетуіңіз ықтимал. Көліктен қол соз­са­ңыз, ағаш бұтақтары тістеп алады.­ Шат­қал­дың кіре берісі де аңыздарға толы. Бұл жерде үлкен Әулие тас жатыр. Ертеде Қора­ өзенінің бойында үлкен ауыл болған. Жайы­лымы шүйгін болғандықтан, халық мал өсіріп жан баққан. Бір күні қатты жер­ сілкінісінен тау баурайынан тас­тар­ құлайды. Міне, бұл – сол үлкен тас. Жолын­да­ғының бәрін жапырып, жаңадан босанған келіншектің нәрестесінің шырылынан киіз үйдің алдына келіп тоқтайды. Осылайша, тас киелі деп саналып кеткен. Адамдар әлі күнге дейін тасқа тілек тілеп өтеді.

Бір жағынан мөлдір жартастармен қоршалған жайлы ағаш үйлер, ал екінші жағынан қар басқан тау шыңдары көз арбайды. Жақын жерде өзен күркірі естіледі. Жасыл шыршалар, оны маңайлай қоршаған алуан гүлдер құдды гүлзар бақтай нәзіктік сыйлайды. Осы сәтте біз 136 шақырым жол жүріппіз. Бұл – аудандағы 2007 жылы құрылған жалғыз туристік база. Жауапты маман Мария Адинбекованың айтуынша, басында бұл маңда немістердің шатыры мен киіз үй болса, бірте-бірте жалпы сыйымдылығы 50-ге жуық адамды қамтитын экологиялық таза ағаш үйге айналды. Шынында, ағаш баспаналар айналадағы ландшафтқа сай келеді. База қызметкерлері міндетті түрде тазалықты, таби­ғаттағы қауіпсіздік ережелерін сақ­тауды қадағалайды, нұсқаулықтар жүр­гі­зеді. Өйткені көптеген турист шатырларда­ бей­берекет демалып, сарқыраманың сәнін құр­­тады. База аумағында бірнеше бір және екі­қабатты үйден басқа монша мен асхана­ бар, мұнда қонақтар күніне үш мез­гіл тамақтың түр-түрімен қамтамасыз еті­ле­ді. Айт­пақшы, электр қуаты сағатпен бері­ле­ді, генератор мен су құбыры бар. Кел­гі­­ңіз келсе, бұдан да өзге мәліметтерді инс­­таграмдағы дерекқор бетінен табуға болады.

Сәл сергіген соң бәрі сарқырамаға қарай бет алды, жолаушылар табиғаттан қуат алғандай әсерде, тіпті шаршағаны байқалмайды. Мұнда емдік пайдасы мол тау ауасы бар. Базадан сарқырамаға дейін алыс емес, жаяу 20 минуттық жер. Өзен жағасындағы жартастардың бойымен серуендеуге болады. Таңғажайып факт: сарқырамаға өтудің өзі Нарнияның ерте­гі­лер еліне кіретін есік сияқты. Әуелі шал­ғын­ға кілемше төселген тастармен жүресіз, содан кейін гүрілдеп аққан судың дыбысына шомылған қалың шыршалы орманға бет­тей­сіз. Бірте-бірте биіктей беретін көтерме жол­мен жүресіз. Құпиялы әлемді кешіп келе жатқандаймыз. Сәлден кейін шыршалар қақ бөлініп, ертегі әлемі қарсы алады. Жабайы пейзаждың сұлулығынан нәр алған, дауылдай күркіреген Бұрқанбұлақ сарқырамасы менмұндалайды. Ғажабы сол, маусым-шілде айларында, мұздықтардың белсенді еруі басталған кезде, ол өзінің барлық сән-салтанатын көрсетеді.

4 сарқыраманы бауырға басқан Бұрқан­бұ­лақтың биіктігі – 168 метр, оның көрінетін бөлігі – төменгі үш сарқырама 114 метрді құрайды. Төртінші каскадты көру үшін тік тау­ жолымен одан да жоғары көтерілу керек. Бар сұлулықты сөзбен айтып жеткізу мүм­кін емес, тіпті ең заманауи фото және бейне­жабдықтар мұны істей алмайды. Осының бәрін өз көзіңмен көріп, таудың ең таза ауасын сезіну керексіз, әйтпесе бәрі бекер. Тұмса табиғат тудырған ғажайыпты жүрекпен сезініп қана қоймай, көңілге түю қажет. Шіркін, қазақ даласында осындай қасиетті жерлер барына тәубе! Айта кетейік, жақын жерде мұздықтардың еруінен жазда ғана пайда болатын «жоғалып бара жатқан» шағын сарқырамалар да бар.

Интернеттің жоқтығы табиғатпен оңа­ша­ тыныстауға еркіндік бергендей. Кешкі ас пен от басындағы әндер жан елжіретеді. Гене­ратор сөнгенше мейірімді компанияда зефир қуырып жатты. Тау ауасы тәтті ұйқы­ға­ шақырады.

Сөйтіп, ертемен Бұрқанбұлақ сарқыра­ма­сының ең жоғарғы нүктесін бағындыруға аттандық. Топтың барлық мүшесі бұл қадамға бара алмады. Жолдың көп бөлігі құла­ма құз, кейбір жерлерде тіпті өрмелеу керек. Тік көтерілу жолды айтарлықтай қиын­датады, әйтсе де құстың шиқылы мен айнала ұшқан көбелектердің жары­сы­ алысқа шақырады. Екпіндей алға ұмты­ла­сыз.

Жалпы, Қорын шатқалындағы климат бас­қа таулардағыдай емес, өте құбылмалы. Күн кенет жаңбырға, ал жаңбыр бұршаққа ауысады. Тіпті қар жаууы мүмкін. Күндіз әртүрлі ауа райын сезінесіз, бір тоңасыз, бір ысисыз. Бұл құбылыс, әрине, ерекше контраст береді. Сапарға 1-2 күн аздық етеді, апталап тіпті айлап жатуыңыз шарт. Табиғатты түсіну, тереңінен бойлау үшін серуендеп қана қоймай, дүниеден тысқары кеңістікке жол ашуыңыз қажет.

Өңірлік баспасөз қызметінің мәлі­ме­тінше, жақында сарқырамаға баруды­ жеңілдететін жаңа жол пайда болады. Ол 2025 жылға жоспарланған. Бұған дейін Президенттің тапсырмасымен Бұр­қан­бұл­ақ сарқырамасына апаратын жолды қайта жөндеу бойынша Жол картасы бекі­­­тілген еді. Облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу бас­қармасының хабарлауынша, Қорын шат­қалындағы ұзындығы 52 шақырым жолдың техникалық төлқұжаты әзірленіп, бұл жобаға экономикалық қорытынды алынған.

«Қорын орман шаруашылығының Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды қайта жаңғырту» жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 94,8 млн қаржы бөлініп, «Алматы Жоба» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтаудың жоспарланған мерзімі – осы жылдың қараша айының аяғы. Бұл арада жолдың күрделілігі мен қашықтығы адамдарға үрей тудырмауы шарт. Ең бастысы, табиғатқа қамқорлық жасау, қауіпсіздік ережелерін сақтау, сонда сіз сапардан керемет әсер аласыз.

«Бұрқанбұлаққа арналған ақпараттық турымыз – осыған дейінгі турлардың ішінде ең маңыздысы. Себебі бұл сарқырама – Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азиядағы ең биік сарқырама, бұл бағыт еліміздің экологиялық және тау туризмінің дамуына үлкен үлес қосады. Ақпараттық турға еліміздегі атақты трэвел-блогерлер, халыққа жеткізетін БАҚ өкілдері және осы бағытқа болашақта тур ұйымдастыратын туристік компаниялар қатысты. Тур барысында сарқырамаға жол үстіндегі Тал­ды­қорған және Текелі қаласының адам қа­былдау әлеуеті ұсынылды. Текелі қала­сы­нан жол жасалса, қалада қосымша жұ­мыс орындары ашылу мүмкіндігі бар», дейді «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының басшысы Жандос Нұриев.

Айта кету керек, «Visit Zhetysu» турис­тік­ ақпараттық орталығы салыстырмалы түр­де қысқа мерзімде Жетісу өңірінің көр­некті жерлеріне, соның ішінде Алакөл және Балқаш көлдеріне, «Алтынемел» МҰТП-ға 5 үлкен инфотур ұйымдастырды. Одан бөлек «Сиверс алма гүлі» фестивалі, қаты­су­шылары 2 551 метрлік Шаған шыңын жаяу бағындырған «Shagan Fest» фестивалі, сондай-ақ рафтинг бойынша Азияның ашық чемпионаты аясында ұйымдастырылған «Көксу су фест» жазғы фестивалі ел есінде. Ақпараттық орталық басшылығының мәліметінше, барлығы 2 мыңға жуық адам қамтылған. Негізгі контингент – туроператорлар мен турагенттер, сонымен қатар гидтер, БАҚ өкілдері. Мысалы, Бұрқанбұлақ сарқырамасына арналған инфотурға небәрі 12 туроператор қатысты, олардың көпшілігі – Алматы қаласынан. Қатысушылардың бірі сарқырамаға джип турын жоспарлап қойған. Жалпы, туристік орталықтың жұмысы облыстың туристік нысандарын танымал етуге, олардың келушілерін арттыруға, турларды ұйымдастыруға және Жетісудың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қорын шатқалы – Бұрқанбұлақ сарқы­ра­масымен бірге Жетісудың ең маңызды һәм туризмнің тұтқасына айналар табиғи жәдігер. Оны әрбір адам өмірінде бір рет болса да көруі міндетті. Көз суырар табиғаттың тамашасы Құдайдың мейірімі түскендей жанға жылулық, көңілге сұлулық құяды. Оның энергиясы сізге жылдық азық болуы да мүмкін, ал біздің қайнаған тіршілік пен шулы қалаға қайтқымыз келмеді.