• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Тамыз, 2023

Астық дипломатиясындағы еншіміз қандай?

175 рет
көрсетілді

Шілде айында астық өндірушілеріміз сатып алу бағасының төмен болуына байланысты Қытайға бидай экспорттауды уақытша тоқтатты. «KazGrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Зейнолла Әбдіманапов журналистермен кездескен кезде Қытай тарапы қазіргі кезде қазақ бидайының тоннасына 240 доллардан баға қойғанын айтты. Ал біздің экспорттаушылар бұл бағаның төмен екенін айтады. Оның құны кемі 245-250 доллардан болу керек деп есептейді.

Сыртқы нарықта сауда доллармен жүргізілетіні мәлім. Сарапшылардың айтуынша, доллардың арзандағаны бидай бағасына әсер еткен. Қытай тарапының өздері қалаған бағаға табан тіреп отыруына валюталық фактор да қосылып, «жығылғанға жұдырық» болған. Астықтың әлемдік бағасы 17-23 шілде аралығында көтерілді. Бұл Қара теңіздегі кеме қатынасы төңі­регіндегі жағдайдың шие­ленісуіне байланысты болды. Ал 21 шілдеде АҚШ қор биржасында бидайдың қыркүйектегі фьючерстері 4,2 пайызға дейін, бір бушель үшін 6,965 долларға арзандап барып тоқтады.

Аталған күндер аралығында елдегі бидай бағасы да артты. 3-сұрыпты астықтың тоннасы 3 мың теңгеге, ал жоғары сұрыптың тоннасы 80 мыңнан 83 мың теңгеге дейін қымбаттады. Қымбаттау Ресейде де байқалды. «Русагротранс» мәліметтері бо­йынша порттардағы бидай­дың сатып алу бағасы ҚҚС-сыз тоннасына 16 500 рубльге дейін өсті. Ал алдыңғы аптада 16,200 рубль болатын. Бидайдың ішкі нарығы оңтүстікте нығая түсті, онда 4 (EX) сортты бидай бағасы 14,500-15,100 рубль/т (+700 рубль) болды.

Сарапшы Зейнолла Әбдіма­на­пов­тың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» Қытайға шілде айына астық таситын 23 пойыз жөнелтуге келіскен, алайда 13 шілдедегі жағдай бо­йын­ша олардың ешқайсысы ортақ мә­мі­леге келе алмағандықтан шекарадан өтпеген. Орталық Азиядағы ең ірі астық өндіруші Қазақстан алдағы 2022-2023 маркетингтік маусымда астық экспортын 8-9 млн тоннаға дейін арттыратыны Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігінің дерек­те­рінде айтылған. Биылғы маркетинг маусымында Қазақстан 7-7,3 млн тонна астық экспорттауды жоспарлаған. Халықаралық астық кеңесінің (IGC) шіл­дедегі шолуына сәйкес, 2023-2024 ауыл шаруашылығы жылында әлемдік астық жинау 2 млрд 291,9 млн тоннадан 2 млрд 296,5 млн тоннаға дейін өсті. Дүниежүзілік бидай жинау болжамы 784,2 млн тоннаға дейін төмендетілді (Маусым айындағы шолуда 786,1 млн). Ресейде жаңа ауыл шаруашылығы жылында астық жинау болжамы (2023 жылдың шілдесі – 2024 жылдың маусымы) өзгеріссіз қалды – 125,5 млн тонна, бидай түсімі де өзгерген жоқ. 83,6 млн тоннаны құрады.

Жаңа ауыл шаруашылығы жылында Ресейден астық экспорты MSZ мәліметтері бойынша өсті және 55,2 млн тоннаны құрайды (бұрынғы болжамға +600 мың). Бидай экспорты да өсті және бұрынғы болжам 44,7 млн тоннаға қарсы 45,2 млн тоннаға бағаланды. Ресейдің ең жақын бәсекелесі ЕО-ның бидай экспорты бойынша болжамы 35,7 млн тоннаға дейін аздап төмендетілді. Жалпы, ЕО-дан астық экспортының болжамы 49,9 млн тоннаны құрайды.

Қытай – біздің елдің ірі астық экс­портері емес. 2021 жылы осы сег­мент­тегі қытай үлесі 165,5 мың тонна немесе бидай экспортының 3 пайы­зын ғана құраған. Ал 2022 жылы Қытайға Қазақстан бидайын жеткізу 36,6 мың тоннаға дейін қысқарды. Мұның себебін Бейжің COVID-19-бен күресу үшін қабылданған шешім деп түсіндірді. 2023 жылдың көк­те­мін­де Қытайға бидай жеткізу қайта жанданды. Қазақстан билігі бұл елге астық экспортын жылына 1 млн тон­наға дейін ұлғайту жоспарын жариялай бастады.

Қазақстан астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов қытай жағы қазақ бидайын сатып алуға да­йын екенін айтты. Одақ өкілінің ай­туынша, ҚХР біздің бидайды сатып алудан бас тартпаған. Қазіргі жағ­дай – уақыттың еншісінде шеші­ле­тін мәселе. Демек артық сөздің қажеті жоқ.

«Қытайда биылғы астық түсімі өткен жылдармен салыстырғанда 1,5 пайызға аз. Көрші ел бізден мал азы­ғын, сапалы астықты сатып алады. Өнімнің осы екі түріне де сұраныс бар. Қытайға бағытталған астық экспортын Азия құрлығына ашылған терезе деп бағалауға болады. Одан бұрын ЕО елдеріне, Парсы шығанағына, Солтүстік Африкаға экспорт географиясын кеңейту керек деген пікір болған. Бірақ дәл қазір қалыптасып қалған нарық көздерін сақтап қалу маңызды. Біздің астық экспортының 85 пайызы – Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран елде­рінің үлесінде. Әзербайжанға мер­зімд­і түрде астық жеткізеді. Транс­кас­пий дәлізі арқылы баламалы жет­кізу мәселесі шешілмейінше, Қа­­зақ­­стан өнімдеріне бәсекелестік жо­­ғары болып қала береді. Мұндай басқа бағыттар жоқ. Осыған дейін Парсы шығанағы, Иран да басым бағыт ретінде қарастырылған. Бірақ оған логистикалық жағынан дайындық керек. Иран – санкцияның қыспағында. Бұл фактор да жағдайды күрделендіріп тұр. Таяу Шығыс, ЕО, Солтүстік Африка елдерінің нарық­та­рында бәсекелестік өте жоғары. Логис­тикалық шығындар бағаға да, бәсекеге де әсер етеді. Демек әзірге Таяу Шығыс бағытын алдағы күн­дер­дің еншісіне қал­дыра тұр­ғанымыз дұрыс», дейді Е.Қарабанов.

Апта басында Украинаға Қара теңіз арқылы бидай экспорттауға мүмкіндік беретін келісімнің мерзімі аяқталғаны ресми түрде хабарланды. Ресей келісімнен шығатынын осыған дейін мәлімдеген. Украина өткен жылы БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының дәлізі арқылы Эфиопия, Сомали, Йемен сияқты елдерге көмек ретінде 725 200 тонна бидай жіберді. Бұл – Украина осы дәліз арқылы экспорттаған астықтың 2,2 пайызы. Американың Carnegie басылымының хабарлауынша, Қара теңіз бастамасы астықтың, яғни азық-түліктің әлемдік бағасын ұстап тұрады. Астық мәмілесі іске асып тұрған бір жылда азық-түлік бағасының индексі 11,3 пайзыға төмендеген. Ресей астық келісімі тоқтатылғанын жа­риялаған соң әлемдік нарықта астық пен жүгері күрт қымбаттады. Мұны Американың CNN телеарнасы хабарлады. Өткен сәрсенбіде Ресей президенті Владимир Путин «Ресей астық келісімін ұзартып таңғажайып шыдамдылық танытты, бірақ Батыс келісімді құрдымға жіберу үшін қолынан келгеннің бәрін істеді», деп мәлімдеген.

Сарапшы бұл фактор Қазақстанға әсер етпейтінін, екі елдің астық экспор­тындағы нарығы айтарлықтай өзге­ше екені осыған дейін талай рет айтыл­ғанын алға тартты. Біздің ел бидай мен ұнды Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға, Қытайға сатса, Ресей Қара теңіз маңайындағы нарықтар мен шалғай нарық алаңдарына сатып келді. Демек бұл тұста Ресей бізге бәсеке болған емес. Бірақ сарапшылар көрші елдің астық келісіміне қатысты шешімі біздің нарыққа кері әсер етпесе де, біраз өзгеріс енгізуге тура келетінін ашық айта бастады. Сарапшының айтуынша, біздің елге Орталық Азияның басқа да елдері тәрізді жаһандық экономикалық өзге­рістердің ықпалы, тәуекелі анық сезіліп отыр. Бірақ аумалы-төк­пелі кезеңнің қиындықтары жаңа мүм­кін­дік­тер есігін ашатынын да ұмытуға болмайды.

2022-2023 ауыл шаруашылығы мау­сымында ҚХР бидайдың әлемдегі ең ірі импорттаушысы болды. 12 айдың қорытындысы бойынша Бейжің 12 млн тонна бидай импорттады. Егер 1990 жылдардың ортасында Қытай жылына шамамен 100-110 млн тонна бидай жинаса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 137 млн тоннаға жетті. Қандай жағдайға қарамастан, бұл ел біздің азық-түлік өнімдеріміздің, соның ішінде астықтың негізгі импорттаушысы болып қала берді. Се­бе­бі көрші ел жыл сайын сыртқы нарықтан 10 млн тоннаға дейін бидай сатып алады. Көзін тапсақ, жыл бойы өндірген бүкіл астығымыздың экспортының қомақты бөлігін Қы­тай­дың бір өзі «жеп қоюға» шамасы жетеді.

«Бізге Қытай нарығынан айырылып қаламыз деген қауіп негізсіз. Қытай РФ астығын аз көлемде сатып алады. Қытай – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік. Қытай нарығы үлкен. Төлем қабілеті кез келген бизнестің талабына жауап беріп, қалтасын көтере алады. Қазақ бизнесіне нарық көзін іздеп, үш теңізді араламас бұрын, көрші елдің мүмкіндігін игеру керек. Бұл үшін Қытайдың теміржол әкімшілігімен және билік органдарымен жұмысты күшейту керек», дейді Е.Карабанов.

Сарапшы «Қазақстан темір жолы» компаниясы да өнімді тек контейнерлермен емес, вагондармен де жеткізу үшін жұмысын жандандыру керек екенін де қаперге салып өтті. Қытай нарығына жыл сайын 500 мың тоннадан аса астық экспортталған кездер де болған.

Сонымен қатар Қазақстан би­дайы­ның жаңа нарықтарының әлеуе­тіне баға бере отырып, Е.Қарабанов ло­гистикалық бағыттар Ресей арқылы өте­тіндіктен, олар жергілікті фермер­лер үшін қолжетім­сіз болып қала бере­тінін айтты. Сондай-ақ мұндай тасы­малдау Ресей аумағы арқылы өтетін транзитке байланысты елге әлде­­қайда қымбатқа түседі.

Халықаралық сауда орталығы International Trade Centre ұйымының мәлі­метінше, Қазақстан осыдан төрт жыл бұрын ғана ірі экспорт­тау­шы­лардың ондығынан орын алған еді. Олар – Ресей (20,51%), Канада (13,87%), АҚШ (13,27%), Франция (10,04%), Аустралия (7,54%), Украина (7,31%), Аргентина (5,88%), Румыния (2,98%), Германия (2,84%) және Қазақстан (2,35%). Бірақ 2021-2022 жылдары жағдай күрт өзгерді. Тіпті астық экспортымен алғашқы бестікке де өзгеріс енді: Ресей (39,5 млн тонна), Еуроодақ (27,5 млн тонна), Канада (27 млн тонна), АҚШ (27 млн тонна) және Аустралия (9,5 млн тонна). Қа­зақстан бидай мен арпа өндіру бойынша үздік 10 елдің қатарына кіреді. Қазақстан 2022 жылы 22,8 млн тонна астық жинады. Бұл 2021 жылғы деңгейден 26 пайызға көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл кейінгі онжылдықтағы жақсы көр­сеткіш екенін айтады. АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің мә­лі­меті бойынша, біздің елдің көр­сеткіші 2022 жылмен салыстыр­ғанда 39 пайызға өсті.

Біз осы ретте экономикалық сарапшы Андрей Чеботаревқа хабарласып, Қазақстан бұл жағдайдан шешімін қалай тарқата алатыны туралы сұрап білдік.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл­шаруа­шылығы ұйымының дерегінше, 2021-2022 жылы әлемде 761 млн метрикалық тонна бидай өндірілген. Соның шамамен 150 млн-дай тоннасы мемлекеттер арасында саудаланады. Осы өндірісте Ресей мен Украи­наның үлесі орасан. РФ Қара теңіз астық келісімі қалыптасқан на­рық көздерін өзгертіп жіберуі, бұған Украинадан миллиондаған тонна бидайдың дүниежүзілік нарық­қа жетпей, баға өсуі мүмкін. Қа­зақ­с­тан­ның өзі де – астықты өлке. Яғни ол Украина бидайына тәуелді емес. Сондықтан еліміз Қара теңіз порт­та­ры­ның ашылып-жабылуынан нансыз қалмайды. Сарапшының айтуынша, қазаққа аумалы-төкпелі уақыттағы баға айырмашылығынан пайда табу мүмкіндігі туып тұр. Бірақ мұндай жағ­дайда ішкі нарықта ұн бағасы қымбаттауы мүмкін.

«Біздің ел 2022 жылы 14 млн тоннадай бидай өндірді. Транспорттық шығындарға байланысты бұл өнімнің басым бөлігін Орталық Азиядан өзге аймақтарына экспорттау мүмкін болмаған. Біз өткен аптада алпауыт елдер арасындағы бидай келісімінің дипломатияның ең озық түрі ретінде әмірін жүргізіп келгеніне, енді ол саясаттың құралына айналатынына куә болдық. Алдағы уақытта бұл келісімнің бізге қатысы жоқ деп отыруға болмайды. Шекпенімізге сиятын нарық көздеріне апаратын логистикалық тізбектердің жалына жармасатын кез енді келді. Бидайымыз жеткен жерге ұнымыз да же­теді», дейді А.Чеботарев.