• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Құрылтай 04 Шілде, 2023

Қолда барды бағаласақ

138 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрыл­тайдағы баяндамасында айтылған «Балалар кітапханасы» жобасын қолға алуды тапсырамын» деген бір ауыз сөзі қаламгер қауымды, баспагерлер мен кітапхана мамандарын бір серпілтті. Осы мәселеге балалар тақырыбын қаузап жүрген жас қаламгер ретінде үн қосқым келеді.

2000-жылдардың басында мектеп кітапханаларынан «Қазақ совет балалар әдебиетінің антологиясы» деген серия­мен шыққан қалың кітаптарды оқып өстік. Кітаптың жоғары жағында баданадай боп жа­зылған жазуды көріп, кеңес баласы болмасақ та, бізге арналған кітаптар осы екен дестік. Расында, Бердібек Соқпақ­баев, Өтебай Тұрманжанов, Өтебай Қанахин, Мү­бәрак Жаманбалинов, Сапар­ғали Бегалин, Қастек Баянбай сынды қа­ламгерлердің бізге арнап жаз­ған шығармаларын тұшынып оқы­дық. Сол сериямен шыққан кі­тап­тар­дың бәрін оқу парызға санал­ды. Осы кітаптар басқа кі­тап­тарға, осы ав­тор­лар басқа ав­тор­ларға – кітап әлемі­не жол ашты. Содан бері кітап атау­лымен біргеміз, кітапхана екін­ші үйі­мізге айналды. Міне, содан кейін, тәуел­сіздік алғалы «Қазақ балалар әде­биетінің антологиясы» деген том­дық жарыққа шықпай, оған былтыр ғана қол жеткіздік. Ол туралы сәл кейінірек.

Бала кезде кітап әлеміне бағыт сіл­теген тағы бір дүние – балалар ба­сы­лымы. «Ұлан» газеті, «Бал­дыр­ған» және «Ақ желкен» журнал­да­ры қатарластарымды кітап әлеміне жете­леді. Бұл басы­лым­дардың ерекше­лігі – әдеби көркем шы­ғар­маларды молынан жариялайтын. Біздің де жа­­зуы­мызға мүмкіндік беретін. Ал жаз­ға­ны­мыз газет-журнал бетінде жария­лана қалса, «менің де жазғанымды Қазақ­станның басқа бір түкпіріндегі бала­лар оқып отыр-ау» деген мақта­ныш кернейтін. Мектептегі абыр­ойдың артқаны екібастан. Ба­ла кезден бас­талған осындай шы­ғармашылық ізденістер күн­дер­дің күнінде сол редакцияға әкелді. Қазір «Ақ желкен» журналында қызметтемін. Бұған дейін «Ұлан» газетінде жұмыс істедім. Сонда айтпағың не дейсіз ғой?

Балалар басылымы әу бастағы мис­сиясынан айнып көрмепті. Мек­теп оқу­шыларын сауатты бо­луға, көр­­кем әде­биетке бау­лу­­ға, шы­ғар­­ма­­шылық қабі­ле­ті ба­­­рын шың­дай тү­­су­ге әлі де күш са­лып келеді. Бі­рақ... тара­лым бұрынғы­дай емес. Ба­­лалар басылымдарының таралы­мы тәуелсіздік алған алғашқы жылдар­дағы таралымға жетпей отыр. Яғни тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет ретінде аяқтан тұрып кету оңай болмады, сол үшін газет-жур­налға жазылу қиын болды десек, қа­зіргі себебін қайдан іздерміз? Оның себебі – ел айтып жүргендей «қазіргі балалар кітап, газет-журнал оқы­май­ды» деген сөз емес. Себебі – жеткізу қызметінде. «Қаз­пошта» мекемесі басылымдарды уақы­тында жеткізбей, қазақ баспасөзінің кө­шін іркіп қалып жүргені белгілі. Тағы бір себебі – бала­ларға арналған басы­лымның насихатына салынған тұсау. Біраз уақыттан бері мектептерде үгіт-на­си­хат жұмыстарын жүргізе алмай келеміз. «Газет-журналдарға мектеп ұжымын күштеп жаздырады» деген қаңқу біршама бө­гет болды. Егер балаларға ар­нал­ған газет-журналды мектеп пен мектеп кітапханалары арқы­лы насихаттамасақ, басқа жолы қайсы? Жолы жоқ емес-ау, бірақ баланы қосымша білімге баулудың, шығармашылығын арттырудың төте жолы сол еді ғой. Бала кезінде балалар басылымын оқымаған адам кейін ата басылымдарды оқи ма? «Балалар кітапханасы» жобасы, баланы кітапқа баулу дегендегі назар аударар мәселенің бірі осы. Себебі балалар басылы­мы апта сайын, ай сайын жаңаша шығып, балалармен үнемі байланыста болады. Тапсырма береді, байқаулар өткізеді дегендей, қалайда оқырманнан қол үзбеуге тырысады. Егер елдегі әр мектепке осы үш басылымға жазылуды ұйымдастырар болсақ, онда біз таралым мәселесін де шешер едік. Бұлардың әрқайсысының жылдық жазылу бағасы бір торттан аспайды, қазақша айтқанда.

«Балалар әдебиеті антологиясына» келейік. Тәуелсіздік алғалы отыз жылдан кейін көп күт­тіріп барып антология былтыр жарыққа шықты. Құрастырушысы – белгілі ақын, балалар қаламгері Байбота Қошым-Ноғай. Алайда Байбота ағаның талай жылдан бері құрастырып, екшеп қойған 10 томдық антологиясы Алматы қалалық әкімшілігінің демеуімен жарық көрді. Сәйкесінше таралымы да аз болып, еліміздің көп бөлігіне жетпей қалды. Кітаптың айналасында жүрген адам ретінде байқағаным – бұл антологияны сұраушылардың қарасы әлі де көп. Ал 10 томдық әлдеқашан тау­сылған. Президент айтқан «Бала­лар кітапханасы» жобасына бұл дап-дайын жұмыс болатын.

Президент тапсырған жоба аясын­да осындай әлдеқашан бір ізге түскен, уақыт тезінен өткен асыл мұра – қас­тер­лі қазына қолдау табуға тиіс. Жаңа шығармалар жазылар, әлемдік клас­сикалық шығармалар аударылар, алайда қолда бардың қадірін білейік.

 

Асылан ТІЛЕГЕН,

«Ақ желкен» журналының

жауапты хатшысы