• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Тамыз, 2023

Күміс жүлдеге ие болды

193 рет
көрсетілді

Англияның Манчестер қаласында пара­жүзуден әлем чемпионатының шы­мылдығы түрілді. Дүниежүзілік додада әлемнің 67 мемлекетінен 600-ден астам спортшы өнер көрсетіп жатыр.

Олардың қатарында еліміздің де спорт­шылары бар. Атап айтар болсақ, Тұманды Альбиондағы сайыста ел намысын 2020 жылғы Токио Паралимпиадасының жеңім­пазы, былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия және Еуропа чемпионы, Әлем кубогі жарыстарының жеңімпазы Сиязбек Дәлиев, Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали, Қазақстан құрамасы сапында алғаш рет паражүзуден әлем чемпионы атанған Наталья Звягинце­ва және бірнеше халықаралық жарыстың жүл­дегерлері Андрей Афанасьев пен Роман Потапов қорғап жатыр.

Манчестердегі әлем чемпионаты «ә» дегеннен жерлестеріміз үшін сәтті басталды. 100 метрге брасс әдісімен жүзуде жарыс жолына шыққан Нұрдәулет Жұмағали аталған қашықтықты 1:05.16 уақытта жүзіп өтіп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл сында бас жүлдені германиялық Енгел Талисо 1:03.26 уақыт көрсеткішімен жеңіп алса, үздік үштікті АҚШ өкілі Давид Абрахамс (1:05.55) түйіндеді.

Паражүзуден әлем чемпионаты 6 тамызда өз мәресіне жетеді.