Еліміздің жасөспірім теннисшілері Германияның Ульм қаласында 14 және 16 жасқа дейінгілер арасында өткен екінші санаттағы Tennis Europe сериясының Müller Junior Cup Ulm турнирінде жеңімпаз атанды.
Мәселен, 14 жасқа дейінгілер арасында өнер көрсеткен Еркежан Жаңатаева жекелей сында үздік шықты. Ол финалда германиялық Франческа Парцеллимен шеберлік байқасып, үш сетке жалғасқан бәсекеде корт қожайынын 4:6, 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ осы жарыстың жұптық сынында бақ сынаған Ярослав Пшеничный мен Мансұр Сайынов та қарсылас шақ келтірмей, турнирдің бас жүлдесін олжалады. Ал германиялық Гудит Пламен жұп құрап ойнаған отандасымыз Әдия Омарбек финалда жеңілді.
Сонымен қатар 16 жасқа дейінгілер арасындағы жарыста тағы бір жерлесіміз Сәтима Төреген жеңіс тұғырына көтерілді. Ол соңғы бәсекеде неміс Ида Вобкерді қапы қалдырды – 6:3, 6:7 (4:7), 6:4. Ұлдар арасындағы бәсекеде Родион Лукашов пен Олжас Есенәлі финалдық бәсекеде қарсыластарына жол беріп, екінші орынға табан тіреді.