Талантты жазушы, еліміздегі Андерсен атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Марат Қабанбай тірі болғанда 75 жасқа толар еді.
Күні кеше Өскеменде Қазақстан Журналистер одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нұртас Солтанұлының бастамасымен тұңғыш рет жазушы Марат Қабанбай атындағы шағын футболдан республикалық турнир дүркіреп өтті. Футбол жарысының демеушісі – қашанда өнер мен мәдениетті, спортты қолдайтын «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Турнирге Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарынан онға тарта команда қатысты. Тартысты өткен шағын футбол бәсекесінде Талдықорғаннан келген «Қарекет» командасы бас жүлде мен 1 миллион теңгені иеленді. Екінші орынды – «Абай-ақпарат», ал үшінші орынды «Шығыс» командалары жеңіп алды. Олар тиісінше 700 және 400 мың теңгенің сертификатына ие болды. Жүлдегерлер сыйлықтармен, мақтау грамоталарымен марапатталды. Енді бұл журналистер арасындағы дәстүрлі турнир болмақ. «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әкімшілік мәселелер жөніндігі атқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, кәсіпорын алдағы уақытта да бұқаралық спортқа қолдау көрсете бермек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
ӨСКЕМЕН