• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 03 Тамыз, 2023

Аһ ұрғызған АИ-95: Қымбатшылыққа қатысты қырық сылтау

193 рет
көрсетілді

Еліміздің кей өңірлерінде АИ-95 маркалы бензин бағасы қымбаттай бастады. Әдетте, қымбатшылық тапшылықтан туын­дайды. Бұл жолғы құбылыста да соның райы байқалады.

Мұны Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев шамамен бір ай бұрын ескерткен еді. Ведомство басшысы жаз айларында автомобиль қозғалысының артуымен АИ-95 бензині бағасының өсу мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда мәселе тек көлік қозға­лысының көбеюінде ме?

«Республика бойынша АИ-92 маркалы бензиннің қажетті көлемі сақталды және қазір мұнай базаларында 23 күнге жетерлік отын бар. АИ-92 бензинінің баға өсімі және тапшылық қаупі жоқ. Белгілі бір баға өсу бізде АИ-95 бензині бойынша пайда болды. Оның бағасының өсуі мүмкін, өйткені жаз маусымында қозғалыс көбейеді, көпшілік демалыс аймақтарына барады», деді А.Сәтқалиев сол кезде.

Сондай-ақ ол Үкіметтің жағ­дай­ды бақылауда ұстауға ты­рысатынын және мұнай өн­діру­ші ұйымдармен, желілік компаниялармен тиісті кездесулер өткізіп, олардан АИ-95 бен­зинін Ресейден импорт­тауды қамтамасыз ету сұра­ла­ты­нын айтқан болатын.

АИ-95-тің мемлекет тарапынан бақыланбайтыны рас. Отынның бұл түріне қатысты жанар­май бекеттеріндегі баға нарық­тағы сұраныс пен ұсыныс­қа байланысты қалыптасады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеевтің айтуын­ша, бекеттердегі жанармай тап­шы­лығы ең бірінші кезекте ло­гис­ти­калық қиындықтармен байланысты.

«Мысалы, батыс аймақтардан оңтүстікке жанармай жеткізу екі аптаға жуық уақытқа созы­ла­ды. Яғни өнім бар, бірақ оның қозғалысы ұзаққа созы­лу­­да. Еліміз қанша дегенмен үлкен, арақашықтық тым шал­ғай, сондықтан логистикаға біраз уақыт жұмсалады. Ал қозғалысты жеделдету үшін «жасыл дәліз» енгізілуі керек. Соған қарамастан тасымалдаудың фи­зи­калық уақытын өзгерту қиын. Қалай болғанда да біз бұл сынды қабылдаймыз және оны дұ­рыстауға көңіл бөлеміз», деген еді ұлттық компания өкілі.

Кей пікірлерге ден қойсақ, АИ-95-тің тапшылығын тудыр­ған өзге де факторлар бар. Биыл сәуірде елімізде АИ-92 бен­зиніне қатысты шекті баға (205 теңге) бекітілгені белгілі. Осыдан кейін АИ-92 мен АИ-95-тің баға айырмашылығы 10-15 теңгені ғана құрап қалды. Көптеген көлік жүргізушілері баға айырмашылығы азайған соң, одан да тәуір бензин құяйын деген оймен АИ-95-ке ауысып кеткен. Сөйтіп отынның бұл түрінің тұтынушылары салыстырмалы түрде артқан. Егер ақпан-наурызда елімізге 60-65 мың тоннадай 95-ші бензин қажет болған болса, сәуір мен мамырда 80 мың тоннасы сатылып кеткен.

Одан кейінгі маңызды се­беп­тің бірі де бірегейі – Аты­рау мен Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жұ­мыс­тарына жабылуы және Шымкент зауытындағы шала-шарпы жұ­мыстар. Kolesa.kz порталының хабарлауынша, Шымкент МӨЗ-інде әлі күнге тек АИ-86 бензині ғана шығарылып жатыр. АИ-95 мүлде өндірілмейді. АИ-92-нің өзін октанды қоспамен өндіруге мәжбүр. Шымкенттіктер 92-ні қоспасыз өндіруді, 95 өндірісін толыққанды қолға алуды тек күзде бастай алмақ. Соның өзінде жобалық қуаттылыққа қарашада ғана қол жеткізбек.

Қазір Павлодар мұнай химия зауыты іске қосылды, сол себепті тапшылық біршама жо­йылуы мүмкін, алайда күн­гей­дегі зауытымыз толық қуа­тын іске қоспайынша, елдегі тап­шы­лықты пышақ кескендей тыю мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда оңтүстік өңірлерге, соның ішінде тұтынушысы көп Алматыға АИ-95 бензинін шы­ғандағы Атырау мен Павло­дар­дан тасуға тура келеді. Жол – шалғай, қозғалыс – ұзақ. Әрине, бағаға баға қосылып, түпкі тұты­нушыға қымбат бензин ұсы­нылады.

Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, тап қазір еліміздің мұнай базаларындағы, жолдағы, МӨЗ-дегі және АИ-95 «премиалды» автобензинінің импорты көлемдерінің жиынтық қоры 36,5 мың тоннаны (елдің 12 күндік қажеттілігі) және АИ-92 257,1 мың тоннаны (18 күн) құрайды. А.Сәтқалиевтің сөзіне сүйенсек, қордағы 30 мың тоннадан аса бензинге Атырау мен Павлодарда өндірілетін (аталған зауыттар қалыпты режімде жұ­мыс­тарын бастаған) 80 мың тонна АИ-95-ті қосамыз. Оның үс­тіне жанармайдың осы маркасы Ресейден де тасымалданбақ. Бензин импортын жүзеге асыру «Petrosun» компаниясына жүктелген.

«Елімізде өндірілген АИ-95 бензині 245-260 теңгеден сатылады. Ресейден импортталған бензин бағасының қандай болатыны Ресейдің өз нарығындағы бағаға және содан алатын опера­торлардың маржасына байланыс­ты қалыптасады», деді министр.

Мұнай-газ саласының сарапшысы, Energy Analytics кана­лының жетекшісі Абзал На­рым­бетовтің айтуынша, отан­дық МӨЗ-дердің жеткізу жос­парларына сәйкес, шілде айында небәрі 45,2 мың тонна АИ-95 өндіру жоспарланған екен (Атырау мұнай өңдеу зауыты – 44,2 мың тонна, Павлодар мұнай химия зауыты – 1 мың тонна, Шымкент мұнай өңдеу зауыты – 0 тонна). Бұл модернизация аяқталғаннан кейінгі ең төменгі көрсеткіш.

Energy Monitor редакторы Нұрлан Жұмағұловтың пікі­рінше, бензин бағасының қым­­баттауы – қалыпты құ­былыс.

«Егер жанар-жағармай қым­баттамайтын болса, онда мұ­най­шылар табыссыз қалады, сәйкесінше, олар барлауға инвес­тиция құймайды, құрылғылар жаңармайды, жалақы өспейді. Қазір мемлекет мұнай өндіру­ші­лерден мұнайдың 70 па­йызын ішкі нарыққа жіберуді талап етіп отыр. Ал мұнайды сыртқа экспорттау мен ішкі на­рыққа жөнелтудің арасын­дағы айырмашылық өте үлкен. Мұнайшылар үшін өнімді ішкі нарыққа жіберу тиімсіз. Пай­дасы төмен. Кейінгі 15 жыл­да елімізде жаңа кен орны ашылған жоқ. Өйткені біздің мұнай-газ саламыз инвесторлар үшін қызық­сыз болып қалды, себебі ел үкі­меті жанар-жағармай бағасын субсидиялау үшін өндірілген мұнайдың біраз бөлігін МӨЗ-дерге жеңілдетілген бағамен жіберіп отыр. Мемлекеттік рет­теудің есебінен біз мұнай-газ саласын құлдыратып жатырмыз», дейді.

Абзал Нарымбетовтің сөзін­ше, қазіргідей дағдарысқа ұрын­бау үшін төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керек еді.

«Қазақстанда АИ-95-ті жет­кі­лікті көлемде шығар­май­ды. Сырттан алады көбіне. Сон­дық­тан тапшылық болмас үшін оның бағасын еркін нарыққа жіберген. Қазақстандық зауыт­тар­дың АИ-95 шығара алмау себебі – олардың заман талабына сай болмауында. Ондағы құрылғылар, технологиялар ескірген. Жақсы өнім шығару үшін зауыт та жаңа болуы керек. Ал біз болсақ, қырық жамау зауыттарды «модернизация» деген желеумен жыл сайын жөндеуге жабамыз да жатамыз. Осы күнге дейін МӨЗ-дерге 6-7 млрд доллар инвестиция құйып тастаған шығармыз. Сол ақшаға 2 жап-жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға болатын еді. Шындап келгенде, МӨЗ-дерді модернизациялаймыз деген себеппен жыл са­йын миллиардтаған ақша бөлдіру көп адамға ыңғайлы. Ал жаңа зауыт салсақ, онда ақау болмайды, оны жыл сайын жөндей беру қажеттілігі туындамайды. Бұл дәл қазір көп адамға қажет емес секілді», дейді А.Нарымбетов.

Бізде мемлекет тек АИ-80, АИ-92, АИ-93 бензин маркалары, жазғы және маусымаралық дизель отыны бағасын ғана бақылайды. Ал қалған бензин маркалары нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа сай реттеледі. Сондықтан АИ-95 пен АИ-98-ге қатысты шекті бағаның бекітілуі мүмкін емес.