Қоғамның барлық саласын цифрландыру – ең алдымен, жұмыстың жеделдігін қамтамасыз етіп, қызмет көрсету сапасын арттырса, екінші жағынан адам факторының алдын алады. Нәтижесінде, сыбайлас жемқорлық секілді жайсыз көріністерді болдырмауға септігін тигізеді. Осы орайда уақыт талабына орай қорғаныс саласында да бұл үрдіс қарқынды қолға алынып жатыр.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, «Invisible Government», яғни «Көрінбейтін мемлекет» жобасы шеңберінде министрлік еліміздің Қарулы Күштерімен байланысты барлық қызметті проактивті түрде көрсетіп, іске асыруды қолға алған. Соның бір мысалы – 18 жасқа толған бозбалаларды дәстүрлі форматта әскерге шақыру тоқтатылып, еліміздің барлық өңірінде шақыру учаскелерінде тіркеу проактивті форматта жүргізілмек. Ел Үкіметі Қорғаныс министрлігінің бұл бастамасын қолдады.
– Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірінде тіркеу науқанын өткізу проактивті форматта жүзеге асырылатын болады. Енді азаматтарымыз медициналық куәландырудан өту, жеке істерге құжаттар жинау үшін әскери комиссариатқа арнайы келіп жүрмейді. Бұл оқушылардың сабақтан қалмауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жыл сайын жергілікті атқарушы органдар бөлетін 1 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеп, шақыру учаскелеріне тіркелу туралы куәліктерді алу қажетін жояды, – деді ол.
Қорғаныс министрінің орынбасары азаматтарды әскерге шақыру туралы SMS-хабарламаның заңдылығы және әскерге шақыру учаскесіне келу қажеттігі туралы келіп түскен сұрақтарына байланысты хабарлама 1414 қызметі арқылы жүзеге асырылатынын және оның қосымша шара екенін айтады.
Бұған дейін көтеріліп келе жатқан маңызды бастамалардың бірі – мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға уақытша несиелік демалыс беру мәселесі. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биыл әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру мақсатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, мерзімді әскери қызметшілерге банктік қарыздар мен микронесиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мәселесі өз шешімін тапқан. Нәтижесінде, мерзімді әскери қызметке шақырылған 2 600-дан астам азаматтың несие бойынша төлемдері кейінге қалдырылды.
– Бұл жоба ұзақ мерзімдік сипатқа ие болғандықтан, алдағы уақытта азаматтың өтінішінсіз проактивті форматта несиелік демалыс беру алгоритмі әзірленді. Бұл несиелік міндеттемелер бойынша төлемдерді кейінге шегеруді неғұрлым жедел ұсынуға және мерзімді әскери қызметтегі азаматтарды 100% қамтуға мүмкіндік береді, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев. Оның айтуынша, бұл алгоритм қазіргі күні даму сатысында.
Министрлік өкілі азаматтарды келісімшарт негізінде әскери қызметке қабылдау бойынша «Jauynger.kz» сервисі сынақтан өтіп жатқанын айтты. Қызметтегі «ашықтықты» және «қолжетімділікті» қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту үшін әзірленген сервистің артықшылығы – ақпараттық жүйелермен өзара интеграциялық іс-қимылдың арқасында ведомствоішілік және ведомствоаралық құжат айналымы автоматтандырылмақ. Сол арқылы мемлекеттік органдардан онлайн режімде шынайы ақпарат алу әскери қызметке кіру мерзімін 3-4 айдан 15-30 күнге дейін қысқартады. Бұл жағдайда адам факторы және оның шешім қабылдауға әсері болмасы анық.
Деректер базасын интеграциялау ел ішінде тұрғылықты жерінің өзгеруіне байланысты әскери комиссариатқа келу қажеттігін жояды. Ведомство өкілінің ақпараты бойынша азаматтарды әскери есептен шығару және қою тіркелген мекенжайы бойынша автоматты түрде жүзеге асырылады.
– Әскерде болмаған азаматтарға әскери билет алу қажеттігі болмайды. Бұл шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетіп, бюджет қаражатын үнемдейді. Мұндай жаңашылдықтар заң тұрғысынан бекіту сатысында тұр, – деді министрдің орынбасары.
Соңғы уақытта көп көтеріліп жүрген мәселелердің тағы бірі – әскердегі әлімжеттік және суицид жасау жағдайлары. Осында келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін Қарулы Күштерде «Ақ сұңқар» әмбебап психодиагностикалық кешені қолданыла бастады. Ол психологиялық тұрақсыздығы, суицидке бейімі болуы мүмкін адамдарды уақтылы анықтауға арналған. Диагностиканың 60-тан астам құралы бар аталған кешен автоматты режімде психологиялық зерттеу нәтижесін бермек.
– Мерзімді қызмет сарбаздарының күнделікті қызметін жалпы бақылау үшін Қарулы Күштер орындарында 50 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Бейнеаналитиканың заманауи технологиялары материалдың ауқымды көлемін өңдеуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты министрлік тарапынан бейнеаналитика жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл құқық бұзушылықтарды, жарғылық емес қатынастарды уақытында тоқтатуға, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін болдырмауға мүмкіндік береді. Аталған жүйе камера материалдарын талдайды және жоғарыда айтылғандай, оқиғалар анықталған жағдайда жедел шара қабылданады, – дейді министр орынбасары Дархан Ахмедиев.
Бұдан өзге Қорғаныс министрлігі egov порталындағы жеке кабинетке ұқсас «әскери қызметшінің кабинеті» модулін әзірледі. Бұл – нақты уақыт режімінде әскери қызметшіге қатысты мәліметтерді көруге, қажетті анықтамалар алуға және баянаттар беруге мүмкіндік ұсынады. Бұл қызмет түрі қағаз құжат айналымын едәуір қысқартып, артық бюрократиялық рәсімдерді болдырмайды.