Қорғаныс министрлігі тарапынан жүргізілетін әскери-патриоттық жұмыс шеңберінде Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналының балалары үшін бір апталық «Жас бітімгер» лагері ұйымдастырылды.
Бірінші күні балалар Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері дайындаған қызыққа толы бағдарламасын тамашалауға «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығына барды. Оларға әскери техника мен қару-жарақ үлгілері, сондай-ақ байланыс құралдары көрсетілді. Кейін жасөспірімдер жаттығу гранаталарын лақтыру, атыс қаруын бөлшектеу және құрастыру, армия нормативтерін орындау бойынша жылдамдық күш және шеберлік жағынан өзара бәсекеге түсті. Соңында балаларға пневматикалық мылтық ату мүмкіндігі берілді.
Күннің аптап ыстығына қарамастан, болашақ ел қорғаушылары жауынгерлік дайындық бағдарламасында қарастырылған барлық жаттығуды үлкен құлшыныспен және мұқият орындады. «Бүгінгі әскери жаттығуларымыз керемет өтті. Енді біз іс жүзінде әскери қызметші болудың оңай емес екенін білеміз. Әкемнің жұмысы қиын, жауапты және өте қызықты екенін ұқтым», дейді Бітімгерлік операциялар орталығы әскери қызметшісінің ұлы Ілияс Тәжібаев.
Белсенді өткен сайыстан кейін бітімгерлердің балалары нағыз сарбаз ботқасының дәмін татып көрді. «Бұл балаларымызға әкелерінің не істеп жатқанын білуге және көруге тамаша мүмкіндік болды», дейді ата-аналардың бірі Айжамал Базар. – Бітімгерлік операциялар орталығына барған балаларымыз тамаша әсер алды, сіздерге ризамыз».
«Жас бітімгер» лагері бір аптаға созылмақ. Келесі күндері балалар мәдени-демалыс, спорттық іс-шаралар мен жорықтарды қамтитын қызықты бағдарламаларға қатысты. Сонымен бірге дельфинарийге, хайуанаттар бағына, «Медеу» мұз айдынына барып, аспалы жолмен жүрді. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігі Ұлттық әскери-патриоттық орталығының музейіне және «Даңқ мемориалы» кешеніне экскурсиялар жоспарланған.
Тау дайындығы орталығына бару да жоспарда бар, мұнда тәжірибелі нұсқаушылар балаларға тау жағдайында өмір сүру ерекшеліктерін айтып, көрсетіп, оларға өздерін нағыз әскери альпинистер сияқты сезінуге мүмкіндік береді. «Бітімгерлік операциялар орталығы әскери қызметшілерінің балалары үшін бұл апта ұмытылмас әсер беріп қана қоймай, физикалық тұрғыдан шынығып, шымыр болуға, пайдалы білім, практикалық дағдылар алуға және әрине, жаңа достар табуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», дейді орталықтың аға офицері Әнуар Арынғазиев.