Ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың негізгі жұмыс көзі аграрлық сала екені белгілі. Сол себепті ауыл тұрғындарының өмір сүру стандартын қаладағылармен теңестіруде мемлекеттік деңгейдегі жобалар іске қосылып, біраз уақыттан бері ауылды қолдау, ауыл халқының табысын арттыру, сол арқылы жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда елімізде 7,8 млн халық 6 295 ауылдық елді мекенде тұрады. Үкімет басшысы 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін өңірлік стандарттар жүйесіне сай сапалы жолдармен қамтамасыз етуге, әлеуметтік, мәдениет және спорт нысандары мен инфрақұрылымды дамытуға баса мән берілетіндігін айтқан еді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мыңнан аса жоба жүзеге асқан. Аталған бағдарлама іске қосылған жылдардан бері республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,7 есеге артқан көрінеді. 2019 жылы 29 млрд теңге бөлінсе, биыл 198 млрд теңге қарастырылыпты.
Таяуда өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі бюджеттен бөлінген қаржы мәселесінің игерілуіне қатысты бірінші жартыжылдықтағы атқарылған істердің есебін талдады. Бүгінге дейін бөлінген қаржының 27%-ы игерілген. Бұл жағынан Павлодар, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының көрсеткіші жоғары, ал Алматы мен Ұлытау облысы кенжелеп қалған. Қазіргі таңда 1 600 жобаға конкурс өткізіліп, 158 жоба аяқталыпты. Жыл соңы да таяп келеді. Жаз бітсе, күз келеді дегендей, бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуын министрлік әкімдіктермен бірлесіп, жобалар конкурстарын өткізу үдерістерін жеделдетуді, бағдарлама аясында қосымша қаржы талап ететін нысандарға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды, бөлінген қаражаттың уақытылы игерілуі мен құрылысы жүріп жатқан жобаларды жыл соңына дейін сапалы әрі белгіленген мерзімінде аяқталуын қадағалап, апта сайын мониторинг жүргізеді.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров: «Өткен жылғы өңірлік стандарттар жүйесінің көрсеткіштеріне сәйкес 786 ауылдың инфрақұрылымы жақсарды. Осы ретте туған ауылдарының инфрақұрылымын дамытуға тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен демалыс орындарына қомақты қаражат аударып отырған кәсіпкерлер бар. Егер 2019 жылы жеке инвестициялардың көлемі 2,5 трлн теңге болса, 2022 жылы 3,1 трлн теңгені құрады. Ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын одан әрі жетілдіруде, елді мекендерді сумен, электрмен, газбен жабдықтау, шекара маңы аумақтарында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қамту, жергілікті маңызы бар жолдарды салу, жөндеу және әлеуметтік нысандарды салу шаралары қамтылып отыр. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру – Ұлттық экономика министрлігінің тұрақты бақылауында», дейді.
Жақында Ұлттық экономика министрлігі елді мекендерді әлеуметтік нысандармен және қызметтермен қамтамасыз етудің өңірлік стандарттар жүйесін қайта қарағаны бар. Өңірлердегі өмір сүру сапасын жақсарту және халықтың шағын ауылдар мен қалалардан мегаполистерге және облыс орталықтарына кетуін азайту үшін жүйеге бірнеше маңызды өзгеріс енгізілді. Біріншіден, әрбір ауыл мен қалада болуға тиіс мекемелер мен қызметтердің тізімі ұлғайтылды. Екіншіден, өмір сүру сапасын бағалау критерийлерінің өзі өзгертілді. Енді белгілі бір нысандардың болуы ғана емес, олардың техникалық жағдайы да маңызды. Мәселен, ауылда мектеп болғанымен, ол ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмеген және апатты жағдайда тұрса, елді мекен өңірлік стандарттар жүйесіне сай жоғары баға алмайды.
Осы орайда өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) не үшін қажет деген сауал туындайды. Мамандардың айтуынша, ӨСЖ – мемлекеттік органдарға ортақ белгі, шенеуніктер даму бағдарламаларын әзірлеу және бюджетті бөлу кезінде басшылыққа алатын стандарт. Стратегиялық мақсаты – әрбір ауылда халықтың қалыпты жағдайда өмір сүруін қамтамасыз ету. Су тасымау, ұялы телефонның сигналын ұстау үшін төбеге шықпау, мектептерде балалардың басына сылақтың құламауы, ең жақын дәріхана 200 км жерде болмау секілді шарттар қарастырылғанын атады.
Әр ауылдың орнықтылығына қарай негізгі стандарттар тізімі әзірленген. Мәселен, тұрғылықты жерде қалыпты өмір сүруге қажетті кемінде 20 әлеуметтік нысан мен қызмет қажет: балабақша, мектеп (немесе оған қатынауға көлік), аурухана, пошта бөлімшесі, мәдени-сауықтыру кешені болуы керек. Ауыл тұрғындарының қалыпты ауылішілік жолдар, су құбыры, кең жолақты интернет, ұялы байланыс сияқты игіліктерге қол жеткізуге құқығы бар. Тірек ауылдар мен ауылдық округтердің орталықтарында бұл тізімге кәсіпкерлікті қолдау орталығы, ветеринарлық пункт, халыққа қызмет көрсету және өзіне-өзі қызмет көрсету орталықтары қосылады. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда кемінде 41 міндетті нысан мен қызмет болуға тиіс. Мектептен, ауруханадан, әуежайдан, дәріханадан басқа әрбір облыс орталығы мен мегаполисте қалдықтарды өңдеу кешені, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинайтын контейнер, зоологиялық және ботаникалық саябақ, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары болуы керек.
Бұрынғы ӨСЖ жүйесі төрт жыл бұрын әзірленіп, оның нормалары бойынша еліміздің қалалары мен ауылдарын өркениет игілігімен қамтамасыз етудің орташа деңгейі 2021 жылы 64,1%-ды құраған. Қайта бағалаудан кейін барлық өңірдегі түгелге жуық қала мен ауылдық елді мекендердегі орташа көрсеткіш 55,7%-ға дейін төмендеген. Расында, қала мен ауыл арасында абаттандыру, әлеуметтік игіліктер бойынша біраз алшақтық бар. Көрсеткіштер 87% және 55,3% айырмашылықта болды. Қала мен ауылдағы өмір сүру жағдайларының ең үлкен айырмашылығы – Шығыс Қазақстан (91,3% және 50,4%), Атырау (82,5% және 44%) және Ұлытау (86,7% және 38,1%) облыстарында. Ақтөбе облысында жағдай ерекше, мұнда ауылдық жерлерде әлеуметтік игіліктер қалаларға қарағанда жоғары – 86,8% және 73,5%. Мәжілісте өткен жиында Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Әлібек Қуантыров ерекшеліктерді тайға таңба басқандай атап көрсетті.
Облыста халық саны 3 мың адамға жетпейтін бірнеше қала бар. Мәселен, Темір мен Жем. Бірақ, шын мәнінде, ауылға жататын бұл қалалар өздерінің қалалық стандарттарына сәйкес келмейді. Тағы бір маңызды фактор – батыс өңірлердегі ауылдарда өмір шығыс немесе солтүстікке қарағанда кейбір жағынан, шын мәнінде, жақсы жабдықталған. Ал газдандыру коэффициентіне келгенде жылу, ыстық сумен жабдықтау және тамақ дайындау кезінде электр энергиясын үнемдеу коммуналдық мәселелер шешімін тауып отырғанын айтты.
Сонымен тиісті ведомстваның дерегінше, 6,3 мың ауылдың ішінде жалпы саны 3,2 млн халқы бар 786 ауылдың ғана өркениеттің негізгі игілігімен қамтамасыз етілу деңгейі – 80%. Ауылдардың жартысына жуығы (3,6 млн халқы бар 2,8 мыңға жуық ауыл) жағдайы орташа – 50%-дан 80%-ға дейін. Тағы осыншалықты ауылдың өмір сүру деңгейі өте төмен, оларда қажетті әлеуметтік игіліктердің 50%-ы да жоқ. Бұл – әдетте халқы аз 2,7 мың ауылда барлығы 700 мыңнан сәл жоғары тұрғындар.
Қалалар арасында Астана төменгі көрсеткіште. Онда міндетті қызметтер мен әлеуметтік нысандар жағы қамтамасыз ету бар болғаны – 75,1%. Елорда өзінің жоғары мәртебесіне қарамастан, басқалармен қатар бақылаусыз урбанизациямен байланысты шешімін таппаған инфрақұрылымы және жергілікті халыққа қолайсыздық туғызып отырған су мәселесін атауға болады.