5-13 тамыз күндері Шотландияның бас шаһары – Глазгода тасжолдағы велоспорттан әлем чемпионатының алауы тұтанады. Ұлыбританиядағы сайыста Қазақстан құрамасының 18 спортшысы өнер көрсетеді.
Тасжолдағы велоспорттан өтетін әлем біріншілігінің басты ерекшелігі, аталған спорт түрінің барлық жарысының басын біріктірген. Яғни велошабандоздар Глазгодағы додада шосседегі велоспорт, 23 жасқа дейінгілер арасындағы және тректегі велоспорттан бас жүлдеге таласады.
Шосседегі велоспорттан ел намысын халықаралық деңгейде танымал велошабандоз Алексей Луценко бастаған Евгений Федоров, Игорь Чжан, Глеб Брусенский, Дмитрий Груздев, Рината Сұлтанова, Махаббат Үмітжанова, Фаина Потапова сияқты спортшылар қорғайды. Ал 23 жасқа дейінгілер арасындағы веложарыста Андрей Ремхе, Максим Тараскин, Ильхан Достиев, Егор Стрельников, Николя Винокуров, Руслан Алиевке сенім артамыз. Сонымен қатар тректегі велоспорт сайысында Сергей Пономарев, Андрей Чугай, Артем Захаров, Рамис Дінмұхаметов бақ сынайды.
Былтыр Аустралияның Вуллонгонг қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатында жерлестеріміз бір алтын медаль жеңіп алған болатын. 23 жасқа дейінгілер арасындағы жарыста Евгений Федоров топ жарған еді.