• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 04 Тамыз, 2023

Қуанай хазіретке тақта орнатылды

456 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауы­лын­да кеңестік репрессия құрбаны, Алаш қайраткері Қуанай хазірет Қосдәулетұлына ескерткіш тақта орнатылды.

Қуанай хазірет – Жымпиты өңірін­де мешіт-медресе ұстап, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қоғамдық-сая­си оқиғалардың бел ортасында жүр­ген тарихи тұлға. Батыс Алашорда үкі­метіндегі Қуанай хазіреттің орны мен ықпалы туралы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясында суреттеліп жазыл­ған. Са­налы өмірін руханият жолына, ұрпақ тәрбиесіне арнаған Қуанай хазі­реттің кеңес билігінен көрмегені де жоқ – сол кездегі кеңес одағындағы реп­рессияның барлық толқынын басынан өткерді. Сайлау құқынан айырылды, бірнеше мәрте сотталды, кәнпескеге түсті, жер аударылды, ең соңында – 1937 жылы «халық жауы» ата­нып, баласымен бірге атылып кетті...

Міне, осы тарихи тұлғаның есімін халық жадында қалдыру үшін соңғы кезде бірқатар іс-шара қолға алынды. Хазіреттің өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі зерттелу үстінде. Ал ең­бек ардагері, жымпитылық Мұрат Хаби­буллиннің бастамасымен Жым­питы ауылындағы Алаш аллеясында Қуанай хазірет Қосдәулетұлына арнап ескерткіш тақта орнатылды. Биік­тігі 2,5 метрлік тұғырға бекітілген тақ­тада Қуанай хазіреттің 1863 жылы Жымпиты уезі Қособа ауылында дүниеге келгені, діни білімін Орал меші­тінде Қапаровтан алғаны, Жым­пи­тыдағы Батыс Алаш үкіметінің рухани жетекшісі, Ресей Орталық діни басқармасының мүшесі, батыс өңірдің мұхтасибі болғаны, 1923, 1926 жылдары бүкілресейлік діни съездерге делегат болғаны, кейін контрреволюциялық панисламистік бүлікшіл ұйым бас­шыларының бірі ретінде айыпталып, 1937 жылы жел­тоқ­сан айында Орал қаласында ату жаза­сына кесілгені жазылған.

– Қуанай хазіреттің өзі де, ұрпақ­тары да кеңес кезінде қатты қуда­лан­ды. Ата­мыздан еш дерек, жәдігер, мұра қал­мады. Дегенмен аталас ағайын­дары бас қосып, осындай іс атқардық. Осы бел­гіні орнату үшін ресми рұқсат алу, мәтінін дайындау, ескерткіштің барлық шығыны осы ағайынның көмегімен атқарылды, – дейді Мұрат Хабибуллин.

Айта кетейік, Алашорда үкіме­ті­нің Батыс бөлімшесі 1918 жылдан 1920 жылдың басына дейін өмір сүрген. Жымпиты ауылында Күн­батыс Алашорданың бас кеңсесі болған ғи­марат сақталған, ол жерде музей қызмет көрсетеді. Ал аудан орталығындағы орта­лық саябақта Алаш аллеясы бар. Ол жерде Әлихан Бөкейхан, Жаһан­ша Досмұхамедұлы, Ахмет Байтұр­сын­ұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағ­жан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Сұлтан­махмұт Торайғыров, Беркінғали Атшы­баев, Иса Қашқынбаев, Уәлитхан Танашев секілді Алаш арыстарының бюсті орнатылған.