Тура бір жылдан кейін Парижде ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарының жалауы көтеріледі. Қазақ елі үшін бұдан бұрынғы олимпиадалар табыссыз өткен жоқ. Әсіресе Атланта мен Сиднейде көк туымыз көкке көп мәрте көтерілді. Тек мұның алдындағы Токио Олимпиадасында пандемияның салдары ма, жоқ дайындығымыз нашар болды ма, еңсеміз түсіп, елге 8 қоламен оралдық. Мұның аса нашар көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті.
Алда не күтіп тұр? Парижге дейін небәрі бір жыл қалды. Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсымбаев ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен Париждегі Олимпиадаға кімдердің баруы мүмкін екені жайында айтып берді. «Әзірше лицензия жоқ, бірақ үміт күттіретін спортшыларымыз жеткілікті», дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, осы жылдың алғашқы жартысында өңір спортшылары спорттың әр түрінен 3 303 медаль иеленсе, оның ішінде 1 208-і алтын, 1 031-і күміс, қалғаны қола медаль екен. Жыл соңына дейін 300 спортшы халықаралық турнирлерде бақтарын сынайды. Ал 170 спортшының әлем және Азия чемпионаттарына қатысатыны да осы жерде белгілі болды.
С.Құсымбаевтың айтуынша, Франциядағы жаһандық додаға қатысуға Шығыс өңірінен 18 үміткер лицензияға таласады. Қайталап айтамыз, бұл сан нақты емес. Алайда жерлестеріміздің қазіргі нәтижелері осылай деуге негіз береді. Жеңіл атлетикадан Надежда Дубовицкая мен Элина Михинаға, Жанна Мамажанова мен Галина Якушеваға, Дейзи Джепкемей, Каролина Кипкируиге, Шадерак Коеч пен Нора Тануиге үлкен үміт артамыз. Атақты Ольга Рыпакованың үш бірдей Олимпиадаға қатысып, медальдердің үш түрін иеленуі Шығыс спортының әлеуетін көрсетсе керек. Еркін күрес бойынша Азамат Дәулетбеков пен Данияр Қайсанов дүбірлі додалардан олжалы оралып жүр. Ағайынды Ернар, Ернұр Фидахметовтерден де үміт күтеміз. Ескек есу спорты түрлерінен Александр Куликов, Қуаныш Ерғайыпов, Маргарита Торлопова, ауыр атлетикадан Денис Уланов жолдама биігінен көрінеді деп сенеміз. Семсерлесуден ел тарихында тұңғыш рет қоржынымызға қола медаль салған Руслан Құрбанов пен Вадим Шарлаимовтың да намысты қолдан бере қоймайтындары анық.
Токиодағы Олимпиадаға Кенді Алтайдан 10 спортшы қатысқан еді. Өкінішке қарай, медаль бұйырмады. Данияр Қайсановтан үміт күткен едік. Алайда ол бесінші орынды қанағат тұтты. Ольга Рыпакова шау тартып қалғанын көрсетті. Семсерлеуші Руслан Құрбанов бабына енді келген секілді. Сондай-ақ легионер Африканың желаяқ қыздарының үмітті ақтайтын кезі жеткен сыңайлы. Бұдан кейін журналистер қойған сауалдарына тұшымды жауап алды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Қазақстанның құрметті
спорт қайраткері»