Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан елорданың «Астанасы» жанкүйерлер сенімін ақтай алмай, клубтар арасындағы ең мәртебелі турнирдің жарыс жолынан шығып қалды. Електік кезеңнің екінші айналымында Загребтің «Динамосымен» кездескен елордалық ұжым екі ойынның қорытындысы бойынша хорватиялық клубтан 0:6 есебімен тас-талқаны шығып жеңілді.
Осыдан бір апта бұрын Загребтегі «Максимир» стадионында өткен екі клуб арасындағы алғашқы ойында алаң қожайындары «Астана» қақпасына жауапсыз төрт гол соғып, келесі кезеңнің мәселесін Хорватияда шешіп қойған болатын. Дегенмен елорда клубының жанкүйерлері Астанадағы жасанды алаңның «жақтасуымен» «Астана Аренадағы» қарымта матчтан бір кереметтің боларынан үмітті еді. Өйткені футбол тарихында ғана емес, «Астана» тарихында да бұған дейінгі Еурокубок бәсекелерінде керемет камбэктердің куәсі болғанбыз. Бірақ «Астана» футболшылары бұл жолы камбэк жасау былай тұрсын, елордадағы аптап ыстыққа қарамастан команданы қолдауға келген жанкүйерлерді бір голмен де қуанта алмады.
Матчтың 24-минутында Хорватия клубының әзербайжандық шабуылшысы Махир Эмрели Йосип Чондрич қорғаған қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп, ойынның есебін ашты. Арада жеті минут өткенде Эмрели қорғаушыларымыздың қорғаныстағы қателігінен кейін бәсекедегі екінші голын соққан еді. Абырой болғанда, төрешілер голдың ойыннан тыс жағдайда соғылғанын байқап, голды есептемей қойды. Сөйтіп, бірінші тайм қонақтар- дың айқын басымдығымен аяқталды.
Екінші таймда «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян бірінші таймда ойнаған Владислав Прокопенко мен Марин Томасовтың орнына Дембо Дарбо және Душан Йованчичті шығарса, сәл кейінірек Абат Айымбетовті Эльхан Астановқа алмастырған соң, елордалықтардың ойынында оң өзгеріс байқала бастады. «Астана» футболшылары екінші 45 минутта допты өз бақылауларында көп ұстап, «Динамо» қақпасына сегіз мәрте соққы жасады. Өкінішке қарай, бұл шабуылдардың бәрі де нәтижесіз аяқталды. Есесіне, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда Антонио Марин мергендігімен көзге түсіп, ойынның нүктесін қойды – 2:0.
Енді «Астана» футболшылары Еурокубогтегі жарыс жолын Еуропа лигасында жалғастырады. Бұл турнирдің үшінші кезеңінде жерлестеріміз Болгария чемпионы – «Лудогорец» клубымен кездеседі. Болгариялық ұжым да жарысты Чемпиондар лигасынан бастап, екінші кезеңде словениялық «Олимпиядан» жеңілген соң, «Астана» сияқты Чемпиондар лигасынан шығып қалған болатын.
«Астана» мен «Лудогорец» арасындағы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойыны 8 тамызда елордада, қарымта кездесу 15 тамыз күні Разград қаласында өтеді деп жоспарланған.