2023 жылдың 7 айы ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдары бойынша 22 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтарын қозғаған бизнестің 450-ге жуық мәселесі шешімін тапты, деп хабарлайды Egemen.kz ANTIKOR баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиі кездесетін кедергілердің бірі - рұқсат құжаттарын беру.
Мәселен, Ақмола облысында бассейндік инспекция арнайы су пайдалануға рұқсатты ұзарту үшін кәсіпкерден экологиялық сараптама қорытындысын ұсынуды талап еткен.
Мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларында мұндай қорытындылар көзделмеген. Кәсіпкер өтінішке су алуды есепке алу құралдарының болуы туралы құжаттың электрондық көшірмесін ғана қоса беруі тиіс.
Су пайдалануға рұқсат берілді. Мемлекеттік қызметшілерді жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныстар енгізілді.
Сондай-ақ білім беру жүйесін зерделеу кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мектепте тамақтандыру қызметтерін жеткізушілерге қысым көрсетудің тағы бір тәуекелін анықтады.
«2022 жылдың тамыз айынан бастап білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларына мәзір-орналасуды әзірлеу жөніндегі талап енгізілді. Алайда, елорда әкімдігі бұл нормаларды елемеген. 20-ға жуық конкурс талап етілетін құжаттарсыз өткізілген. Сонымен қатар, орналасу мәзірі балалардың тамақтану сапасын қамтамасыз ететін негізгі құжат болып табылады», делінген хабарламада.
Осы тұста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша мемлекеттік аудит органдары конкурстардың күшін жойып, Білім басқармасы қажетті құжатты әзірлеуді бастады.
Сондай-ақ «Бизнеске жол» жобасы аясында жоспардан тыс тексерулерді тағайындау үшін мемлекеттік кірістер органдары жүргізетін реттелмеген салықтық талдаулар зерделенді.
Енгізілген ұсынымдар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар осындай талдаулар жүргізу және жаңа Салық кодексінде тексерулер тағайындау үшін негіздемелерді бекітеді. Бұл жемқорлық тәуекелін тек жүйелі деңгейде ғана емес, қалыптасу сатысында да алып тастауға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Агенттіктің департаменттері «сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің карталарын» ескере отырып, қазіргі уақытта бизнес құқықтарына нұқсан келтіруге ұшыраған салалар бойынша жемқорлыққа қарсы мониторингтер мен жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізеді.