3 тамыз күні Таразда «Новожамбул фосфор зауыты» ЖШС аумағында жарылыс болып, салдарынан жұмысшылар химиялық күйік алған. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 3 тамызда «НДФЗ» ЖШС жұмысшылары дененің әр жерінен химиялық күйік алғанын растады.
«Зардап шеккен жұмысшылар Тараз қалалық ауруханасына жеткізілді. Осы факті бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы жазатайым оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрды. Апаттың мән-жайы мен себептері тексеру барысында анықталады», делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Осы тұста облыстық еңбек инспекциясы оқыс оқиғаның мән-жайы жайлы ақпарат таратты.
«Сағат 14:45 шамасында «НЖФЗ» ЖШС қоймасының аумағында контейнерлік цистернадан сары фосфор алу кезінде екі жұмысшы фосфордың шашырауынан зардап шекті: 1991 жылы туған Орманов Д.Ж. және 1997 жылы туған Қалдыбай Ш.Е. Зардап шеккендер Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізіліп, оларға алғашқы медицина көмегі көрсетілді. Осы оқыс оқиғаны анықтау үшін арнайы комиссия құрылды», делінген ақпаратта.