Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дерекке қарағанда, шілде айының 13-30 күндері аралығында әлемде миллионнан астам адам коронавирус инфекциясына шалдығып, 3 мыңнан аса адам қайтыс болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
ДДҰ үн парақшасының ақпараты бойынша, алдыңғы 28 күнмен салыстырғанда аталмыш инфекция жұқтырушылардың саны 7%-ға өсіп, өлім-жітім саны 53%-ға азайған.
COVID-19 әлі де күшінде екені нақтыланғандықтан аталған ұйым мемлекеттерді ауруға қарсы құрған инфрақұрылымдарды әлі сақтауға шақырып отыр.
«Әлемде төрт апта ішінде 1 008 194 инфекция жұқтыру және 3 132 кісі өлімі тіркелді. Төтенше жағдай режимінің аяқталуына қарамастан, COVID-19 әлі де үлкен қауіп ретінде саналады. Қадағалау, есеп беру, коронавирус дертінің алдын алу, ерте клиникалық көмек көрсету, жоғары қауіпті топтарға жататындарға қайта вакциналау жүргізу өте маңызды», делінген мәлімдемеде.