Теннистен жұптық сындағы еліміздің бірінші, әлемнің 45-ші ракеткасы Александр Недовесов Аустрияның Кицбюэль қаласында аяқталған ATP 250 турнирінің финалында жеңіліс тапты.
Жерлесіміз эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге жарыстың соңғы бәсекесінде осы турнирдің 1-ші ракеткасы ретінде тіркелген аустриялықтар – Александр Эрлер және Лукас Мидлермен кездесті. Екі сетке жалғасқан матчта аустриялық дуэт 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық тұғырға көтерілді. Бәсеке барысында Недовесов пен Эскобар – 5 эйс жасап, өкінішке қарай, 3 брейк-пойнтты пайдалана алмады. Қарсыластарына – 3 эйс, 2 брейк (12 брейк-пойнт) жеткілікті болды.
Александр Недовесов пен Гонсало Эскобар жұбы биылдыққа осымен үшінші мәрте финалда ойнады. Осыдан бір апта бұрын олар Швецияның Бастад қаласында өткен АТР 250 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанған болатын.