• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 07 Тамыз, 2023

Жарысты үш клубымыз жалғастырады

173 рет
көрсетілді

Өткен аптада Конференция лигасының екінші іріктеу кезе­ңінде өнер көрсеткен еліміздің үш командасы қарымта кездесулерін өткізіп, өкінішке қарай, Шым­кенттің «Ордабасы» клубы жарыс жолынан шығып қалды. Ал «Ақтөбе» мен Қостанайдың «То­былы» өз алаңдарындағы жауапты матчта жеңіліп қалса да, екі ойынның нәтижесі бойынша Еурокубок жарысының үшінші айналымына жолдама алды.

Таңдандырған «Тобыл»

Еурокубок ойындарының екінші ірік­теу кезеңіне жеребе тартылғанда, футбол мамандары «Тобыл» мен «Базель» арасындағы жұпта швейцариялық ұжым­ның келесі кезеңге өтеріне күмәндары болмаған. Өйткені «Тобылға» қарағанда «Базельдің» қандай деңгейдегі команда екенін футбол сарапшыларын былай қойғанда, қарапайым жанкүйер де жақ­сы біледі. 129 жылдық тарихы бар «Базель» клубы Швейцария чемпионатында 20 мәрте топ жарып, 13 рет Швейцария кубо­гін иеленген. Одан бөлек, Еуропа чем­­пион­дары кубогінің ширек финалына, Еуропа лигасы мен Конференция лига­сының жартылай финалына дейін жеткен.

Қостанайдың «Тобылы» Еуропаның осындай даңқты клубына қарсы жасыл алаңға шықса да, сырт алаңдағы бірін­ші ойында сенсация жасап, алаң иелерін өз жерінде 3:1 есебімен тізе бүктіре ал­ды. Жерлестеріміздің қарымта матч алдын­да қарсыластарынан бақандай екі доп басымдығы болса да, тәжірибе өз сө­зін айтты. «Орталық» стадиондағы ойын­да «Базель» футболшылары жар­ты са­ғаттың ішінде екі гол соғып, «Тобыл» ойыншыларын қиын жағдайға салып қойды. Абырой болғанда, үзіліске дейін Серж Дебле пенальтиді сәтті орындап, соның арқасында қостанайлықтарды келесі ке­зеңге алып шықты – 1:2.

Осылайша, екі ойынның қорытын­ды­сы бойынша «Тобыл» «Базельді» жарыс жолынан ығыстырғаннан кейін шетелдік басылымдар жерлестеріміз­дің жеңісіне таңданыстарын білдіріп жатыр. Мәселен, футбол трансляцияларын жүргізетін америкалық CBS Sports Golazo стримингтік сервисі өзінің Twitter арнасында «Тобылдың» жеңісіне ар­найы пост арнады. «Былтырғы Конферен­ция лигасының жартылай финалисі «Базель» дәл осы турнирдің биылғы іріктеу кезе­ңінде Қазақстанның «Тобыл» командасынан 4:3 есебімен жеңіліп, жарысты екінші кезеңнен аяқтауға мәжбүр болды», деп жазады.

Ал Украинаның Ua-football.com басылымы «Тобылдың» келесі кезеңге шығуын сенсация деп бағалады. «Міне, сіздерге сенсация! Керемет! Былтырғы жарыстың жартылай финалисі биыл топтық кезеңге де жете алмады. «Базель» келесі кезеңге шығу мүмкіндігінен бір апта бұрын өз ала­ңындағы жеңілісінен кейін-ақ айырылған еді», деп жазады украиналық басылым.

Енді қостанайлық ұжым турнирдің үшінші айналымында Солтүстік Ирлан­дияның «Дерри Сити» командасымен кездеседі. Бірінші ойын 10 тамызда Қоста­найда, қарымта кездесу 17 тамыз күні Солтүстік Ирландияда өтеді.

 Жолы болған «Ақтөбе»

Биылғы Еурокубок ойындарына қа­ты­сып жатқан төрт командамыздың ішін­де ең жеңіл қарсылас «Ақтөбеге» түссе де, был­тырғы ел біріншілігінің күміс жүлде­гер­лері өз алаңында өткен қарым­та матчта Грузияның «Торпедосынан» же­ңіліп қалды – 1:2. Дегенмен «Ақ-қызылдар» да «То­был» сияқты келесі кезеңнің мәселесін сырт алаңдағы ойында шешіп қойған соң (4:1), өз жеріндегі жеңіліс жалпы есептегі жағ­дайға аса қатты әсер ете қойған жоқ – 5:3.

Жалпы, «Ақтөбенің» жауапты матч­­­тағы ойынына қатысты маман­дар та­рапынан да, жанкүйерлер та­ра­­пынан да сұрақ көп. Өйткені Гру­зия­ның «Тор­педо» клубы өзге үш коман­да­мыз­дың қарсыластары сияқты Еуропа жа­сыл алаңдарында ауыз толтырып айтар­лықтай ешқандай нәтижесі жоқ тө­мен деңгейдегі клубтың бірі болатын. Ең кейінгі рет олар 2019-2020 жылғы Еуро­дода ойындарына қатысып, биыл ға­на Конференция лигасында ойнау мүм­кіндігіне ие болған еді. Үш жыл бұрын «Торпедо» Еуропа лигасының бірінші кезеңінде Шымкенттің «Орда­басы» клубынан екі ойында 3:0 есебімен жеңі­ліп, жарыстан шығып қалса, бұл жолы «Ақтө­беден» ұтылды.

Ақтөбедегі Орталық стадионда өт­кен қарымта кездесуде алаң қожа­йын­дарының футболшылары неге екені түсініксіз, жанын салып ойнаған жоқ. Бәлкім, сырт алаңдағы ірі жеңістен кейін «Ақтөбе» ойыншылары өздерінің шеберліктеріне шамадан тыс сеніп кеткен болуы керек. Соның салдары­нан жауапты матчта 1:2 есебімен қарсы­ластарына жол берді. Бірінші тайм­дағы Максим Самородовтың голы да коман­да ойыншыларын босаңсытып жібер­ген сияқты.

Нәтижесінде «Торпедо» футболшы­лары екінші таймда ұйымдасқан ойын көрсетіп, «Ақтөбе» қақпасына екі гол дары­та алды. Кутаиси командасы­ның матч аяқ­талғанға дейін таразы басын теңес­тіретіндей мүмкіндігі болған еді. Алайда кездесудің 77-минутында қорғаушы Ника Сандохадзе екі минутта екі сары қағаз алып, командаластарын қиын жағдайға қалдырып кетті. 10 ойыншы болып қалған «Торпедо» футболшылары ақыр соңында не шабуылға шығарын, не қорғанысқа көңіл бөлерін білмей, әбден абдырап қалды. «Ақтөбе» ойыншылары матч соңына дейін бір адам көп болып ойнаса да, бұл басымдығын жүзеге асыра алмады.

Енді Андрей Карпович шәкірттері Конференция лигасының үшінші айналымында Румынияның «Сепси» командасымен кездеседі. 2011 жылы іргета­с­ы қаланған «Сепси» клубы кейінгі үш жылдан бері Еурокубок ойындарына тұрақты қаты­сып келеді. Конференция лигасының екін­ші кезеңінде олар Болгарияның даңқты ЦСКА София командасымен кез­десіп, екі ойынның қорытындысында қарсыластарын 6:0 есебімен тізе бүктірді.

 «Ордабасыға» өкпе жоқ

Құрамы жағынан да, футболшылар­дың деңгейі жағынан да Конференция лига­сының топтық кезеңінде ойнау құрметіне лайық болған команда­мыз­дың бірі «Ор­дабасы», өкінішке қа­рай, Еурокубок жарыстарынан шығып қалды. «Ә» дегеннен жыл сайынғы Еуро­дода ойындарының қатысушысы Польшаның «Легия» клубына тап келген шымкенттік ұжым екі ойында да лайықты өнер көрсетіп, мінезді команда екенін дәлелдеді. Шымкентте өт­кен алғашқы ойындағы төрешілердің қателігі болмағанда, «Ордабасы» клу­бының келесі кезеңге шығуы әбден мүм­кін еді.

Польшадағы қарымта бәсекеде де «Орда­басы» футболшылары нашар ойнады деп айта алмаймыз. Рас, жерлестеріміз бірінші таймда көңілдегідей өнер көрсете алмағанымен, екінші тайм толығымен біздің жігіттердің басымдығымен өтті.

Үзілістен кейін «Ордабасының» шабуылшысы Всеволод Садовский есепті қысқартқанымен, 71-минутта Томаш Пекхарт «Легияның» үшінші голын со­ғып, командасын келесі кезеңге алып шықты. Матчтың аяқталуына алты минут қалғанда Сергей Малый есепті 3:2-ге жеткізгенімен, «Ордабасы» футболшыларына таразы басын теңестіруге уақыт жетпей қалды.

«Ордабасы» – «Легия» арасындағы ойын туралы ел футболының аңызы Юсуп Шадиев пікір білдіріп, шымкент­тік команданың келесі кезеңге шығуы­на тек сәттілік қана жетіспей қалғанын айтады.

«Ордабасы» екі матчта да жақсы ойнады. Бірінші кездесудегі төрешінің қателігін айтпағанның өзінде, қарымта ойында да шымкенттіктердің таза голын есептемей қойды. «Легияның» үш гол соғуына да «Ордабасының» қор­ғаушылары жол беріп қойды. Бұл ойында «Ордабасы» жеңілмеуі керек еді. Бірақ «Легия» футболшыларына да құрметпен қарағанымыз жөн. Олар өздерін жақсы қырынан көрсете алды. Өкінішке қарай, «Ордабасының» келесі кезеңге өтуіне қарапайым сәттілік же­тіспей қалды», дейді Юсуп Шадиев.

Енді Еурокубок ойындарын төрт команда болып бастаған жерлестеріміз жа­рысты әрі қарай үш ұжыммен жалғастырады.