Талант егіз келеді. «Талантты адам барлық жағынан талантты». Әлем әдебиетінде бір өзі бірнеше өнерді меңгерген тұлғалар аз емес. Мәселен, бағбаншы болған Гете, етік тігумен айналысқан Толстой пікірімізге дәлел. Қазақ топырағында ақындығымен бірге сазгерлік қырымен танылған тұлғалар жетерлік. Соның бірі һәм бірегейі – Шәкәрім Құдайбердіұлы.
«Бұл ән
бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған
ұйқасты өлең, сөз керек
Өзіне орайлы...
Денең
жан нұрлы болса, жөнделмек,
Өлең
әнге өлшеп айтса, өңделмек,
Ұйқасса қолайлы».
Осы бір шумақтарды оқысаңыз-ақ құлаққа ән әуезі келеді. Бейне бір өлеңнің өзі ән салып тұрғандай. Ақынның әндерін тұңғыш рет нотаға түсірген голландиялық Альвин Эрнестович Бимбоэс екен. Ол 1919-1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданады. 1926 жылы Н.Ф.Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса, қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Аталған жинақтың ішінде «№1 Шакарим», «№2 Шакарим» деген атпен Ш.Құдайбердіұлының екі әні жарық көреді. Бірақ екі әннің де өлеңі нота астына жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген.
А.Э.Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі А.В.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек – бата» деген атпен енген.
Ал Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты әні А.В.Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған. Жинақтың №156 анықтамасында А.В.Затаевич: «Шәкәрім Құдайбердин – Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне еліктеп шығарса керек», деп жазған.
Бүгінде ақын әрі сазгердің әндері біршама толыққан. Олардың сапында «Қорқыт, Қожа Ғафиз», «Зағипаның зары», «Жиырма үш жасымда», «Анадан алғаш туғанымда», «Айдай күнім, ай-күнім моншақтаған» атты ел таныған әндер бар.
Шәкәрім Құдайбердіұлының әнге айналған өлеңдерінің ерекшелігі тек көңіл-күй сарынын жеткізер махаббат лирикасы емес, философиялық тұжырымдарға бай. Өмір мен оның мәні туралы, ар мен ұят хақында ойға батырады, ғибрат береді.
«Анадан алғаш туғанымда,
Жыладым неге дабыстап.
Кiндiктi кесiп қиғанында,
Анамнан кеттiм алыстап.
Ақ бұйымға орап алғанында,
Құндаққа қойды таңып сап.
Жып-жылы суға салғанында,
Денемдi әбден арулап...
...Ақ сүтке әбден тойғанымда
Аштықты ұмыттым анықтап.
Жылауды мүлде қойғанымда
Ұйқыда күлдiм шалықтап...
...Табылмас анық азат адам,
Жаралыс билер заманды.
Көрсетер мұқтаж, азап саған,
Тартқызар өмiр жазаңды».
Мәселен, осындағы шумақтар жөнінде тарқатып, таратып жазсақ, көлемді еңбек түзуге болады. «Жаралыс билер заманды» деген ақынның сол заманына күйлемей, ар жолында қажырлы еңбек еткені – алып тұлғалық болмысының дәлелі.
Жыл өткен сайын Шәкәрім әндерінің маңызы кеңейіп, қазақ композиторларының шығармаларына арқау болып жүр. Атап айтқанда, Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасының бірінші бөліміне, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариозосына, Айдар мен Ажардың дуэтіне ақын-сазгердің шығармалары пайдаланылды. Сонымен бірге «Қалқаман-Мамыр» балетіне, «Еңлік-Кебек» пьесасына, «Еңлік-Кебек» операсына Шәкәрім туындылары сеп болғаны көпшілікке аян.