• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Тамыз, 2023

Инвестиция игілігі – тарифтен түскен табыс

200 рет
көрсетілді

Мемлекеттің дамуына қажетті жағдайдың бірі – инфрақұрылым. Жолы жөнделмеген, коммуналдық-инженерлік жүйесі толық қамтылмаған елді өркениеттің көшіне ілесіп кетуі неғайбіл. Дамыған мемлекеттер қалайша осы дәрежеге жетті? Әлбетте оған көптеген алғышарт себеп болды. Соның ішінде инфрақұрылым жүйесі ең басты рөл ойнайды.

Қазақстан – халықтың әлеуметтік мәселесін бірінші орынға қоятынын заңмен бекіткен мемлекет. Осыған байланысты елді азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету қаншалықты стра­те­гиялық маңызға ие болса, инфра­құ­рылыммен қамтудың да соншалықты мәні зор. Өйткені еліміздің әрбір азаматы өзін әлеуметтік, құқықтық жағынан жан-жақты қорғалғанын сезіне білуі керек. Бәрі де салыстырмалы түрде байқалады. Мәселен, кеңестік дәуірде адамдар жабық саясат шеңберінде өмір сүрді. Шетелге шығуға көпшілігіне қаржылай жағдай мүмкіндік бермеді, екіншіден саяси идеология тосқауыл болды. Бүгінде ашық саясаттың нәтижесінде азаматтарымыз дүние жүзін аралап жүр. Осылайша елдерді салыстыра отырып, Қазақстанның жағдайын біліп отыр. Айтып өткеніміздей, қай елде әлеуметтік мәселеге баса көңіл бөлінбесе, сол елдің халқы да өзін шынайы бақытты сезіне алмайды. Сондықтан біздің Үкімет барынша азаматтардың әлеуметтік мәселесін шешуге тырысып жатыр. Тіпті көптеген дамушы мемлекетте халқына Қазақстандай жағдай жасамаған. Басты қалалары дамып, шет аймағы өркениет көшінен біраз артта қалып қойған елдер өте көп. Құдайға шүкір, Қазақстан олардың қасында әлдеқайда көшілгері тұр. Айталық, бүгінде инфрақұрылым мәселесі бойынша ауыл мен қаланың айырмашылығы азайып барады. Бұрын тезек теріп, күл шығарып жүрген апа-жеңгелеріміз қазір көгілдір отынның рақатын көріп отыр. Әрине, барлық ауыл­да емес. Дегенмен табиғи газ барған елді мекендер саны еліміз бойынша жылдан-жылға артып келеді. Қазақстан сыртқа газ экспорттайды. Магистарльді газ құбырынан бүгінде қаншама ауыл көгілдір отынға қосылған. Тіпті осы күнге дейін мүлдем газ болмаған сол­түс­тік өңірлерге де табиғи газ тартылып жатыр. Осының барлығы – еліміздің әлеу­меттік мәселеге аса мән беруінің нәти­жесі.

Шымкент қаласын алып қарасақ, бұрын­ғы кезбен салыстырғанда халық­­тың жағдайы әлдеқайда түзеліп қалға­нын байқаймыз. Ауыз су, газ бармаған шал­ғай елді мекен тұрғындары осы күнде өркениет игілігін көре бастады. Мемлекет қыруар қаржы жұмсап, халық­тың жағдайын жасауға бар күш-жігерін са­лып жатыр. Себебі Қазақстанның бар байлығы – халқы. Сонымен бірге Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, елдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуын республиканың әрбір азаматы сезінуге тиіс. Яғни Қазақ­станның тапқан табысы мен бар байлығы азаматтарының жайлы өмі­рін қалыптастыруға жұмсалуы керек. Мем­ле­кет басшысының әділетті Қазақ­стан құра­мыз деген бастамасының негі­зін­де де осы идея жатыр деп ойлаймыз.

Жаңа инфрақұрылым жүйелерді тарту жоғары қарқынмен жүруде. Ендігі кезекте оларды күтіп ұстау, жаңарту мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Өйткені көптеген инженерлік-коммуникациялық жүйелер сонау кеңестік заманда тартылып, бүгінде әбден ескірген. Енді соларды қайта жаңалаудың сәті туды. Бұл жұмыстарды дер кезінде атқармаса, ертең апатты жағдайлар орын алып, екі ортада халық қиналып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе – ел Үкіметінің, жергілікті әкімдіктердің басты назарында. Ал ескі инфрақұрылымды жаңалау қыруар қаржыны талап ететіні белгілі. Аталған проблеманы шешудің жолын Президент өзінің былтырғы Жолдауында нақты атап көрсетті.

«Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады. Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры – соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айыр­­бастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет. Тариф инфрақұрылымға қар­жы салғаны және ашықтықты қамта­масыз етудің мемлекеттік мони­то­р­ингі жүйесіне қатысқаны үшін бері­леді. Меншік иесі инвестицияның айтар­лықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржы­сы­ның есебінен салуға тиіс», деген еді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Шымкент қаласын ауыз­ сумен қамтамасыз етіп отырған ірі мекеменің бірі «Су арнасы-Маркетинг» серіктестігі инвестициялық бағдар­ламаға қатысып отырған белсенді компа­ния­ның бірі саналады. Жуырда компания қызметі мен инфрақұрылымды жаңалау бойынша халық алдында есеп берді. Сонау тоқсаныншы жылдың аяғынан бас­тап халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан мекеме ширек ғасырдан аса уақыт ішінде көптеген игі істі атқарып үлгерді. Әсіресе тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету саласында жеткен жетістіктері көп.

«Су арнасы-Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиевтің айтуынша, Табиғи монополияларды реттеу туралы ҚР заңына сәйкес инвестициялық бағдарламалардың орындалуы жөнінде табиғи монополия субъектілері тұтынушылар мен қоғамдық ұйымдар алдында жылына екі рет есеп беруге міндетті. Осы орайда мекеме өкілі тарифтік сметаның орындалғаны және тұтынушыларға көрсетілген қызметтер жөнінде баяндап берді. Өз кезегінде серіктестік иелігінде немесе теңгерімінде 1 900 шақырым су құбырлары және 463 шақырым кәріз жүйелері бар. Одан бөлек мекемеге 5 су көзі, шайынды суларды тазартатын қондырғылар қарайды. Компания 1 млн-нан аса халыққа және 8 мыңнан жоғары мемлекеттік ұйымдарға, коммерциялық нысандар мен өндіріс орындарына сумен жабдықтау мен кәріз жүйелерінің сервистік қызметін көрсетеді. Бас директор орынбасарының хабарлауынша, мекеме инвестициялық бағдарламаны сәт­ті орындап келеді. Мәселен, 10 ша­қы­­­­рымнан аса су құбырлары ауыс­ты­ры­­лыпты. 1 200 метр кәріз жүйелері жаңа­­ланды. Сондай-ақ бүгінде қаладағы ша­­йынды суларды тазалайтын қондырғы қуа­тын қосымша тәулігіне 50 текше метр­ге арттыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Серіктестік инфрақұрылымды жаңар­­ту бойынша Еуропалық даму және қайта құру банкімен әріптестік байланыс орна­тып, қаржы институтының несиесін пай­­далануда. Былтыр банкпен арнайы келі­сім­­шартқа қол қойыпты. Соған сәй­кес биыл тиісті жұмыстар атқарылып жа­тыр.

«Инвестициялық бағдарлама тариф есебінен инфрақұрылымды жаңалауға бағытталған. Осы бойынша былтыр Президент өзінің Жолдауында тозығы жеткен инженерлік жүйелердің үлесін 15 пайызға төмендету жөнінде тапсырма берді. Осыған байланысты біз су құбырларын жаңалау бойынша 21 млрд теңгеге инвестициялық бағдарлама да­йындап, өкілетті органға ұсындық. Алайда біздің ұсынысымыз биыл қабылданбады. Келесі жылы қайта қаралатын шығар деген үміттеміз. Өйткені біз әзірлеген бағдарламаны жүзеге асырмасақ, су құбырларының тозу деңгейі жылдан-жылға арта береді. Ол әрі қызмет сапасына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі тозған су құбырларынан екінші мәрте ластану­ жағдайы орын алуы ғажап емес. Мұндай жағдайда әртүлі зиянды заттар сумен араласып халық тұтынған су санитарлық талапқа сай болмай қалуы ықтимал. Өз кезегінде кәріз жүйелерінің деңгейін 5 пайызға төмендетуге Үкімет арнайы қаржы бөлді. Ендігі күтеріміз су құбырларын жаңалауға бөлінетін қаражат», деді Ж.Тұрдалиев.

Мекеме өкілінің мәлімдеуінше, инфра­құрылымды жаңалау тариф­ есебінен жүзеге асырылуға тиіс. Бұл ретте «Су арнасы-Маркетинг» серік­тес­тігінің инвестициялық шығындары рес­пуб­ликаның өзге өңірлерімен салыстырғанда өте жоғары. Яғни табысының 42 пайызын теңгеріміндегі барлық қондырғы, құбырларды жаңалауға жұмсайды. Сол үшін Еуропалық даму және қайта құру банкінен 6 мәрте несие алған. Оның жалпы көлемі 18 млрд теңгені құрайды. Осы қаражаттың барлығын мекеме модернизация мен жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарына жаратты. Банк компанияға сенім білдіріп, ұзақ жылға төмен па­йызбен несие бергенін де атай кеткен жөн. Осы қаражатқа мың шақырымдай су құбырлары ауыстырылды. Әлі дәл осындай көлемде ауыстырылмаған су құбырлары бар. Компанияның ендігі міндеті – соларды жаңалау. Ол үшін жылдан-жылға тарифті аз-аздан көтеру мәселесі жүзеге асырылады. Сөйтіп соның есебінен жинақталған қаржыға қалған су құбырлары ауыстырылады. Маман Президенттің тариф арқылы инвестиция тарту бастамасын құптайды. Өйткені жаңалау жұмыстары арқылы ертеңгі күні қызмет сапасында ешқандай олқылықтар орын алмайтын болады, халықтың таза ауызсу тұтынуы 24 сағат бойы үздіксіз жалғасады. Ал тарифті көтеру мәселесін мекеме өзі шешпейді. Ол табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлердегі департаменттерінің құзыретіне жатады. Компания өкілінің айтуынша, биыл суға тариф 1,6 пайызға өскен. Ауызсу бағасы Президенттің коммуналдық салада қызмет істейтін мамандардың айлық жалақысын көтеру мақсатында өсіп отыр. Жалпы «Су арнасы – Маркетинг» серіктестігі тариф деңгейі бойынша республикадағы өңірлер арасында 7-орында тұр.

«Негізінен көрсетілетін қызмет тарифтің арзан, қымбаттылығымен өлшенбейді. Ең әуелі қызметтің сапасы сарапқа салынады. Екіншіден әрбір адамның бір айда суға төлеген қаржысымен есептеледі. Осы ретте қаладағы тұтынушылардың жетпіс па­йызы бір айда 200 теңгенің көлемінде су мен кәріз жүйесін пайдаланғаны үшін төлем жүргізеді. Ол дегеніңіз күніне шаққанда бар-жоғы 7 теңгенің көлемінде болады. Бұл қала халқының суды үнемдеп, шашпай-төкпей пайдаланатынын көрсетеді. Су шығынының болмауы әрі тұтынушыға әрі бізге де тиімді», деді Ж.Тұрдалиев.

Айта кеткен жөн, мекеме Еуропалық даму және қайта құру банкінен қанша көлемде несие алса, мемлекет де сонша мөлшерде субсидия бөледі. Бұл жөнінде аталған қаржы ұйымы мен Қазақстан Үкіметі арасында арнайы келісім жасалған. Мәселен, компания 1 млрд теңгеге атқарылатын жұмыс­тар­дың тиісті құжаттарын өткізіп, мін­дет­­темелерді толық орындаса, банк 500 млн теңге несие береді, Үкімет те сонша көлемде субсидия қарастырады. Инвестициялық салымдарды көбейтуге бағытталған тарифтік саясат қаржы тартудың мұндай тәсілін де құп көреді. Қаражат қай көзден келсе де бірінші кезекте жаңғыртуға жұмсалуға тиіс. Мекеме өкілінің айтуынша, 2 мың шақырымға жуық су құбырларының жартысы ауыстырылды. Енді қалғаны 924 шақырым болса, соның бүгінгі таңда 19 пайызы жаңаланып үлгерді. Ал жоғарыда аталған инвестициялық бағдарламада көрсетілген 21 млрд теңге 118 көшенің бойындағы әбден ескіріп, тозығы жеткен 330 шақырым су құбырларын ауыстыруға кетеді.

Сонымен бүгінгі таңда Шымкенттегі жалпы су құбырларының тозу деңгейі 60 пайызға жетіп отыр. Егер мекеме әзірлеген инвестициялық бағдарлама қабылданып, тиісті қаражат бөлінсе, тозу көрсеткіші 5-6 пайызға төмендемек. Маманның мәлімдеуінше, тозу деңгейі жылына 3 пайызға артып отырады­ екен. Ал 1 құбырдың пайдалану мер­зі­мі­ 50 жылды құрайды. Сондықтан жа­ңар­ту, жөндеп қайта қалпына келтіру жұмыстарын 100 пайызға орындап тас­тау мүмкін емес. Бұл – үздіксіз жүретін үдеріс. Дегенмен ең тиімдісі – Президент айтқандай, инженерлік жүйелердің тозу деңгейін 15-20 пайыздан асырмау. Бұл ретте маман Мемлекет басшысының тарифтік саясаты дұрыс жүзеге асырылса, мұндай дәрежеге жетуге болатынын айтады. Ол үшін ұзақ мерзімді жоспар құрып сол бойынша кестеден қалмай жұмыс атқарып отыру керек екен.

Инвестициялық бағдарламаны жүзе­ге­ асырып отырған Шымкенттегі тағы бір коммуналдық мекеменің бірі – «Қуат­­жылуорталық-3» компаниясы. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорын қала­ны қысқа дайындау мақсатында үлкен диаметрлі магистралды жылу құбыр­ла­рын ауыстырып жатыр.

Аталған мекеменің бас инженері Нұрбек Орынбаевтың айтуынша құбыр­ларды ауыстыру жұмыстары кестеге сай атқа­рылып жатыр. Мұнымен қоса қысқы жылыту маусымында тұтынушыларды сапалы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында жаз айларында дербес қазандықтар да жөндеуден өткізіледі.

Шымкент қаласының энергетика­ және инфрақұрылымды дамыту бас­қар­масы мен «Қуатжылуорталық-3» ком­му­налдық кәсіпорны арасында түзілген келісім­шарт­қа сәйкес мега­полистің 16 аумағында жал­пы ұзын­дығы 8,8 шақырымды құрай­тын ішкі­орам­дық жылу жүйелері жаңар­­ты­луда. Атап айтқанда, құрылыс жұмыс­­тары Гагарин көшесі мен 18-ші шағы­н ау­дандағы Ерімбетов – Рұсқұлов көшелерінің қиылысында жүріп жатыр. Жоспар бойынша құбырларды жаңалау жұмыстары биыл 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Осы мақсатқа орай жергілікті және республикалық бюджеттен 6,3 млрд теңге қаржы қаралған. Осы жалпы қаражаттың жоғарыда аталған 8,8 шақырым жылу құбырларын ауыстыруға 3,2 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді. Ал республикалық қазынадан қаралған қалған қаржыға 9,3 шақырым жылу жүйесін жаңалау көзделіп отыр. Осыған сәйкес мегаполистің Адырбеков, Орынбаев, Гагарин, Абай, Громов көшелеріндегі және Нұрсәт тұрғын алабындағы магистралді жылу құбырлары ауыстырылады. Өз кезегінде Адырбеков пен Орынбаев көшелеріндегі жылу жүйесін жаңалау жұмыстары бас­талып кетсе, Нұрсәт тұрғын алабында құрылыс осы тамыз айында қолға алынады. Ал қалған көшелердегі жылу құбырларын жаңалауға келсек, қалалық прокуратураның ұсынысымен жобалау-сметалық құжаттамасы қайта түзетіліп, мем­лекеттік сараптама қарауына жол­данған. Құбырларды жаңалау жұмыс­та­рының нәтижесінде, қаладағы жылу жүйе­лерінің тозу деңгейі 37-ден 36 пайыз­ға төмендейді. Шаһардағы жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды. Сонымен бірге сорғы стансалары мен басқа да қон­дыр­ғылар тексеруден өтуде. Шымкентте жал­пы 2 076 көпқабатты тұрғын үй бар. Абай ауданында қысқы дайындық жұмыстары – 81 пайызды, Әл-Фараби ауда­нында – 38 пайызды, Еңбекші ауданында – 40 пайызды, Қаратау ауданында – 39 пайызды, Тұран ауданында 35 пайызды құрап отыр. Негізінде қалаға жылу беру аумағы шартты түрде оңтүстік және солтүстік болып бөлінеді. Оңтүстік аумағына кіретін шағынаудандар жылуды «3-Жылуэнергоорталықтан» алады. Ал солтүстік амағындағы шағынаудандарға жылу жеке қазандықтар арқылы беріледі. Шаһарда жалпы саны 23 жеке қазандық бар. Барлығы да «Қуатжылуорталық-3» мекемесіне қарайды. Солардың ішіндегі ең үлкені – Нұрсәт шағынауданында орналасқан 160 Гкал құрайтын қазан­дық. Бүгінгі таңда аталған қазан­дық арқылы әкімшілік-іскерлік орта­лы­ғын­дағы 127 көпқабатты үйге ғана жылу беріліп жатыр. Яғни қазандық өзінің қуаттылығының 20-25­ пайызын ғана жұмсап отыр. Қалғаны резерв­те тұр. Алдағы жоспар бойынша «3-Жылуэнергоорталықтан» жылу алып отырған 540-қа жуық үй мен 200-дей мекеме осы жеке қазандыққа қосылмақ.

«Қысқа дайындыққа қызу кірісіп жатырмыз. Бұл, ең біріншіден, жылу құбырларын ауыстыру жұмыстарынан басталады. Жылу жүйелерінің тозу деңгейі бойынша Шымкент – әзірге жасыл аймақта. Дегенмен жаңғырту мен қайта қалпына келтіру жұмыстарын үздіксіз жалғастыра беру керек. Оған тарифтен түскен табыс қаражатын инфрақұрылымды жаңалауға жұмсауға мүмкіндік беретін инвестициялық бағдарлама үлкен көмегін тигізіп отыр. Негізінен «Қуатжылуорталық-3» мекемесіне жол бойындағы жылу құбырлары қарайды. Ал көпқабатты үйдегі жылу жүйелерінің сапасына мекеме жауапты емес, бұл міндет кондоминиум нысандарының жауапкершілігіне кіреді. Сондықтан жылуға байланысты қыста болатын тұрғындардың шағымына көпқабатты үйлердегі жылу жүйелерінің ақаулығы тікелей кінәлі. Өйткені мекеме­ жылуды талапқа сай температурада барлық көпқабатты үй мен нысандарға бірдей береді. Сондықтан осы кезден бастап тұрғындар ішкі жылу жүйелерін жөндеуге немесе жаңасына ауыстыруға және де қысымдау жұмыстарын дер кезінде жүргізуге кірісе беруі керек. Көбінесе ортақ басқарудың тәсіліне көшкен көпқабатты тұрғын үйлер қысқы жылыту маусымына дайын болса, керісінше кондоминиум нысаны ретінде тіркелмеген қараусыз үйлер қысқа да­йын емес болып шығады. Оны былтырғы жылыту маусымында да байқадық. Өткен қыста қатты аяз болғанда кейбір үйлердің жертөлесінде тиісті қымтау жұмыстары жүрмегендіктен құбырлары қатып қалып жатты. Сондықтан тұрғындарға алдағы қысқы жылыту маусымына дайындыққа жауапкершілікпен қараса деген өтінішім бар. Ал жалпы биылғы қысты аман-есен өткізіп алуға жылу беруші мекеме тас-түйін дайын. Бюджеттік ұйымдарға қажетті отын қорын тасымалдайтын компаниялармен келісімшарт түзілген. Сонымен бірге қысқы жылыту маусымына әзірлік жұмыстары қатаң бақылауға алынған, апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп отырады», деді Нұрбек Орынбаев.